Бүгінгі аят



БІР САУАЛ



Күйеуі – әйеліне, әйелі – күйеуіне малдарының зекеттерін бере ала ма?
Сұрақ:

Күйеуі – әйеліне, әйелі – күйеуіне малдарының зекеттерін бере ала ма?

Жауап:

Әйелдің нәпақасын қамтамасыз ету – күйеуінің міндеті. Күйеуі пақыр әйеліне малының зекетін бере алмайды. Имам Әбу Ханифа хазіреттің пікіріне сүйенсек, бай әйел малының зекетін мұқтаж күйеуіне бере алмайды. Ал, Имам Әбу Юсуп және Имам Мұхаммедтің пікіріне сүйенсек, беруіне болады.

Қайын ата және қайын ана – күйеу балаларына, күйеу балалары – қайын аталары мен қайын енелеріне малдарының зекеттерін берулеріне болады.

ДҰҒАЛАР


 

Dua.jpg 
.
«Дұға» –араб тілінен енген сөз. Ол тілдік жағынан – сұрау, шақыру, қалау, жәрдем өтіну деген мағыналарды береді. Ал терминдік жағынан  Алла тағаланың құдіретінің, ұлылығының алдында құлдың өз әлсіздігін  сезініп, Оған шынайы ниетпен бет бұрып мұң-мұқтажын өтеуге жәрдем, көмек сұрауы дегенді білдіреді.

 

Діни оқу орындары


    
duhovnoe_obrazovanie.jpg

 

Қазіргі таңда Қазақстанда

2300-ге жуық мешіт бар.

Бұл мешіттердің көпшілігінде ислами базалық негізде білім беретін сауат ашу курстары жұмыс істейді.

Сонымен қатар,

діни білім беретін медреселер мен

«Нұр-Мүбарак» университеті, Имамдардың білімін жетілдіру курсы жұмыс істейді.

 

НАМАЗ


 

namaz.jpg
.

Намаз - Исламның екінші бағаны.

Намаз оқу мұсылмандардың Аллаһқа сенуі және сәжде етуі.

Бұл бөлімде Сіз намазды қалай оқу керектігі жайлы толық

мәлімет ала аласыз!

ЗЕКЕТ ҚОРЫ



Пайғамбарымыз  Мұхаммедтің  (с.ғ.с): «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғандар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер» (2), - деген  хадисі  көп нәрсені аңғартса керек.

 

 

 

Зекет_лого.jpg

Жеті керемет



 

zheti_kere.jpg

Жердің жүзін мекендеген  халықтардың  көбісі  ерте  кезден-ақ жеті  санында  сиқырлық күш бар деп санаса, оны киелі, қасиетті деп ұғатын  да ұлттар бар. Біздің  
ата-бабаларымыз да жеті  санын қастерлеп, бірқатар  таным-түсініктер мен 
жүйелерді жеті санымен   атайды. Бұл бөлімнен әлемнің  әр елінде  кездесетін  7 керемет туралы  мәлімет  ала  аласыз... 

ҚҰРАН ОҚУ КУРСЫ



                                        

kursi006.jpg
 

Тараз қаласы орталық мешітінің жанынан Исламның базалық негіздері бойынша курстар  ашылды. Сабақтар қолайлы графикпен аптасына бірнеше рет жүргізіледі.

 

kursi007.jpg

 

                  Өткізілетін пәндер:

 

Араб әліппесі

Тажуид

Құран

Ақида

Ғибадат

Фиқх

 

 

Қанатты сөз – қазына



ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫ

ХАЗРЕТІ МӘУЛАНА ЖӘЛӘЛ ӘД-ДИН РУМИ ХАЗРЕТІ МӘУЛАНА (1207-1273)

 

 

 

ӨМІР ДЕРЕК

 

Мәулананың шын есімі Мұхаммед Жәләл әд-Дин. «Мәулана» және «Руми» есімі атаулары кейіннен берілген атаулар. «Көсеміміз» деген мағынаны  білдіретін «Мәуләне» атауы жас кезінде, Конияда дәріс беріп жүрген кезінде берілген. Бұл атауды ұстазы Шәмси әд-Дин Тәбризи және Велед Сұлтаннан бастап, Жәләл әд-Динді жақсы көрген адамдардың бәрі қолданып, оның шын есіміне айналып еткен. «Руми» болса «Анадолы» дегенді білдіреді. Оның «Руми» аталуының себебі, өткен ғасырларды «Рум аймағы» (Грек аймағы) деген атпен белгілі болған Анадолыда орналасқан Кония қаласында ұзақ уақыт өмір сүріп, тіршілігінің көбін сонда өткізуі, сондай-ақ кесенесінің сол жерде орналасқанына байланысты болса керек.

Жәләл әд-Дин, бүгінгі Ауғанстандағы көне түрік мәдениетінің орталығы болып табалатын Белх қаласында, 1207 жылы 30 қыркүйекте дүниеге келді. Ақсүйектер әулетінен шыққан  Жәләл әд-Диннің анасы, Белх әмірі Рунә әд-Диннің қызы Мүминә Хатун, ал әкесі Сұлтан ул-Уләма (Ғалымдардың сұлтаны) атағымен танылған Мұхаммед Баха әд-Дин болатын.

Білім мен сүйішпеншілік күні болған Мәулана, артында көптеген шығармаларын қалдырып, 1273 жылы 17 желтоқсанда, жексенбі күні Мәңгілік табалдырығынан аттады.

 

ЖЕКЕ БЕЙНЕСІ

 

Хазреті Мәулана рухани кемелдікке жеткен, байсалды ғалым болатын. Нәсіл, дін, сондай-ақ тариқаттағы айырмашылықтарға онша көңіл аудара бермейтін мейрімді, адамзатқа деген сүйішпеншілігі, қарапайымдылығы арқылы Ислам әлемін ғана емес, бүкіл адамзатты қайран қалдырған ойшыл әрі өнер адамы болып табылады. Оның «Мәснәуи» еңбегімен танысқан ағылшын ғалымы Дж. Арберри және әлемге танымал суретші Рембранд сияқы батыстықтар Мәулананы «Әлемнің ең ұлы ақындарының бірі» - деп мойындаған.

Ол қай адам болмасын табиғи ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, ең жаман деген адам да кешірілуге әрі сүйікті болуға лайық деп түсіндірді. Аллаһқа деген махаббаттың адамды қандай дәрежеге шығаратынын шынайы да шебер өрнектей білген оның шығармалары, иран, түрік және үнді ақындарының туындыларына үлкен ықпал етіп, бүгінгі таңға дейін жүздеген лирикалық ойлы туындылардың шабыт бұлағы болып келеді.

Кезінде өзі құрған «Мәулана тариқаты» түрік мәдениетін қалыптастыруда теңдессіз қызымет етті. Осман империясының падишаһтары да ұстанған бұл сопылық жол мыңдаған дін ғұламаларын, асыл дінімізді тамсана жырлаған ақын-сазгерлерді өмірге әкелді.

«Парсы тілінде қаншама сөйлесем де, негізім түрік!» - дейтін ол, жалпы түркі халқына деген сүйішпеншілігі, түрік халқын мадақтауы туындыларында кең орын алған.

 

ЖӘЛӘЛ  ӘД-ДИННІҢ ЕҢБЕКТЕРІ

 

Мәснәуи.

Мәснәуи - классикалық шығыс адебиетіндегі өлең жаныры. Сөздік мағынасы: «екеу, екеулік» дегенге келеді. Әдебиетте, жазылған қос жолдық барлық туындылары мен қатар, жеке-жеке ұйқасты өлең жолдары да «Мәснәуи» деп аталады.

 

Мәснауи, Мәулананың шәкірті әрі хатшысы Челеби Хусома әд-Диннің өтініші бойынша жазылса керек. Челеби Хусома әд-Диннің айтуына қарағанда, Мәулана өлеңдерін Мерам қаласында қыдырып жүргенінде, немесе қандайда болған бір бос уақыттың мүмкіндігін пайдаланып, отырса да, жүрсе де айта береді екен. Челеби өлең жолдарын қағазға түсірумен айналысқан. Қағазға түсіру 1259-1261 жылдары басталып, «Мәснауи» 1264-1268 жылдар аралығында толық, парсы тілінде жазылып бітеді. Бүгінде Мәулана мұражай қорындағы 1278 жылдарға тән келетін, қолымыздағы ең ескі мәснәуидің нұсқасына қарағанда, өлеңдер саны 25618-ге жеткен. Бұл 6 томдық үлкен «Мәснәуи» оқыған сайын қызықтыра түсетін шытырман уақиғалар желісіне құрылған.

 

Диуани Кәбир.

Диуан - ақындардың өлеңдер жинағы жазылған дәптер. «Диуани Кәбирдің» мағынасы «Үлкен дәптер» немесе «Үлкен Диуан». Мәулананың түрлі тақырыпта жазылған өлеңдерінің бәрі де осы диуанда жинақталған. «Диуани кабир» парсы тілінде жазылумен қатар, мұнда арабша, түрікше және грекше өлеңдері де орын алған. «Диуани кабир» 21 кіші диуан (Бахир) мен рубаи диуанынан тұрады. Қазіргі қолдағы бар «Диуани кабирде» 40 000-нан астам өлең жинақталған.

 

Хаттар.

Бүгінгі ұрпаққа Мәулананың Селжук билеушіліріне және ел арасында беделді, алдыңғы қатардағы адамдарға насихат беру мақсатында, сондай-ақ діни және ғылыми тақарыптарға арналған түсініктеме түрінде жазылған 147 хаты жеткен. Хаттар кімге арналғанына қарай түсінікті де қарапайым тілмен жазылған. «Фи хи мә фих» (Оның ішіндегісінің ішіндегісі) атты кітап, Мәулананың түрлі мәжілістерде жасаған сұхбаттарын ұлы Сұлтан Веледтің жинақтауымен жарыққа шыққан. Бұл кітап 61 бөлімнен тұрады. Кейбір саяси уақиғалар жайынан да сөз қозғалғандықтан, бұл шығарма тарихи дерек болып та табылады. Шығармада Жәннат және Тозаққа, Дүние және Ақыретке, мүршит (ұстаз) бен мүридке (шәкіртке), сүйіспеншілік пен мейрімге қатысты тақырыптар қарастырылған.

 

Мәжалиси Сәба.

«Мәжалиси Сәба», Мәулананың «Жеті мәжілісінің», яғни уағызының жазылып алуынан дүниеге келген. Мәулананың уағыздары кезінде Челеби Хусамә әд-Дин немесе ұлы Сұлтан Велед тарапынан жазылып алынып, тұпнұсқаға зияны тимейтіндей етіп түзетулер енгізілген.

Мәснәуиді өлең жазу үшін емес, пікірлерін жеткізудегі құрал ретінде қолданған Мәулана, аят-хадистерге берілген түсініктемелерге қарай, «Жеті мәжілісті» мына төмендегі жеті тақырыпқа бөлген:

•1.      Дұрыс бағыттан ауытқыған қоғамның қандай жолмен құтылатыны туралы.

•2.      Қылмыстан бас тарту. Ақылдың көмегімен надандықтан ояну.

•3.      Сенімдегі құдырет.

•4.      Тәубе етіп, тура жол тапқандар Аллаһтың сүйген құлы болады.

•5.      Білімнің бағасы.

•6.      Қараңғылық пен надандыққа бойлау.

•7.      Ақылдың маңызы.

 

 

 

 

                                                МӘУЛАНА ЖӘЛӘЛ ӘД-ДИН РУМИ

 

МАҒНАУИ МӘСНӘУИ

 (РУХАНИ ЕКІ ЖОЛДЫҚ)

                                                                                  

МӘУЛАНАНЫҢ АЛҒЫ СӨЗІ.

                                                    

                                      Бисмилләһир Рахманир Рахийм.

Бұл - «Мәснәуи» кітабі. Бұл кітап ­- дін негіздерінің нұсқасы. Хақ  Тағалаға және Хақиқатқа жету сырларының ашылуы. Бұл - үлкен фиқһ, Аллаһу Тағаланың ашық-айқын дәлелі, айғағы әрі тақуа кітабі. Бұл - бір шырақтың мысалы сияқты, ондағы жанып тұрған шырақтың жарығы таң шапағынан нұрлылырақ1. Бұл кітап - көңілдер бағы, ондағы жеміс ағаштары хикмет жәңе мағрифат бұлақтарымен суғарылады. Онда сондай бір бұлақ бар, бұл жолды ұстаушы шәкірттер оны Сәлсәбил деп атайды. Ұлық сахабалар мен керемет иелерінің түсінігінде бұл бақ ең көркем, ең берекетті орын. Жақсылыр одан тамақтанады, сусынын ішіп шөлін қандырады, нәпсінің құрсауынан азат болғандар оның шаттығына кенеліп, рахатына бөленеді.

Бұл кітап, Мысыр өлкесіндегі шалқып аққан Ніл өзені сияқты, Хақ үкіміне бой ұсынып, сабырды жолдас тұтқандар үшін сусын, фирғауын мен кәпірлар үшін қасырет әрі өкініш. Сондықтан Хақ Тағала: «...көптегенді адастырып, әрі онымен көптегенді оңғарады...»-деп ескерткен2. Бұл кітап, рухы кеселге шалдыққандар үшін ем, қайғыны кетіруші, ризалықты мақсат етуші, сырларды шешуші, Құран-и ақиқаттарды ашушы, рызық дәм-тұзыңды, сондай-ақ рухани байлығыңды көбейтуші, мінез-құлықты әр түрлі жасанды әдеттерден сақтаушы. Бұл кітап хабар беруші періштенің және жоғарғы мәртебелі хатқа3 түсіруші періштелердің қолымен жазғандарына сәйкес4. Олар кісілердің құпия сырларын Оның ақиқаттарына сәйкес келмей жария етпейді. Бұған күнә әрі айыптан пәк пәнделер ғана иелік етеді5. Бұрынғы және дүниеге кейін келген Кітаптар оны жоққа шығара алмайды6. Бұл кітапті Хақ Тағала әр түрлі жамандықтан Өзі қорғайды. Ол - қорғаушының жақсысы. Ол - рахым етушілердің ең мейрімдісі7. Біз бұл кітапта Хақ Тағаланың аз ғана сипаттарына тоқталдық. Бірақ аз көпке, тамшы нөсерге, масақ қырманға айналады емес пе?
Бұл, осылай дейтін, дәрменсіз пәнде, Хақ Тағала рахымына мұқтаж Мұхаммед ұлы Мұхаммед Хұсайын ұлы Балхий. Хақ  Тағала бұл «Мәснәуи» кітабін өз құзырында қабыл етсін. Ізгі оқырмандар берекелді де мазмұнді мысалдарды, шұғылалы сөздердерден, Кәләм шарифтің ішкі мағыналарынан хабардар болсын деген мақсатта, өлеңмен жазылған осы «Мәснәуи» кітабін дүниеге келтіруге әрекет жасадық. Бұл кітаптың қысқа да болса, нұсқалы ғибраты бар. Мен мұны өз қуанышым, руху-жанымның бүгіні мен ертеңі үшін қазына болатын «пейіштегі хор қыздарының» талабы бойынша дайындадым. Олар арифтердың (Аллаһу Тағалаға аса үлкен ықыласымен берілгендердің) ұстазы, Тура Жолға түсушілердің жетекшісі, қайғы шегушілердің қамқоршысы, адамдардың шағымына көңіл бөлуші, ақыл мен көңілдің аманатын сақтаушы, жаратылғандардың ішінде Раббының ең сенімдісі әрі пәнделердің ішінде таңдалып алынғаны,  Хақ Тағала әмірін мүлтіксіз орындаған пайғамбарлар, пәкиза әулиелер және сопылық жолдағылар еді. Ғарыш қазнасының кілті, жер байлықтарын аманатта сақтаушы, жомарттық иесі, Хақ және дін қылышы Хасан ибн Мұхаммед ибн Хасан, түріктің Ахий аймағынан, заманымыздың Баязиді, өз уақытының Жунайді, Хақ жаратқан шындық. Құдай оған және оның барлығына разы болсын. Шыққан тегі Ұрымнан, ұлық шайхқа туыс болып келетін, «Түнде сондай күйде өткіздім, алдында күрді едім, таңға жақын пайдалы арабқа айналдым» - депті8. Құдай оның рухын және онымен бірге болғандардың рухын пәктікте ұстасын. Ол ізгі ниетті ата-баба әулеттерінен еді. Хусомуддиннің ұлық бауыры бар-тын, күн оның шұғыласынан әрі сипатынын ұялатын еді, оның көрінісі сондай, жұлдыздардың раушын нұрлары оның шұғылаларының алдында өз қадірінен айрылатын. Бұл ұлықтар мен құрметтілердің мерейі үстем болсын! Бұлар зарыққандар руы, жасампаздар Қағбасы және жақсылардың іздеп барып зиярат жасайтын пенделері. Сондай-ақ олар Раббыға берілгендер, рухани кемелденгендер, аспандағы ғаршы иелеріне пана болушылар! Олар жан аямас патшалар, руының шарапаттысы, ғұламалардың асхабы әрі нұрымен сусындатушылар. Қабыл ет, уа әлемдердің Раббысы!Бұл дұға Аллаһ құзырынан кейін қайтпайды. Әрі  оның пайдасы бәріне ортақ. Әлемдер Раббысына мадақтар болсын. Жаратқандардың ең абзалы Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның пәкиза үйішіне және оның достарына Аллаһтың рахымы жаусын! 

  
1 «...Нұр үстіне нұр...» Нұр с-сі, 35-аят.   2Бақара с-сі, 26-аят.   3Лауһы Махфузға. 4«Сондықтан кім қаласа, үлгі алады. Құрметті нұсқаларда жазулы, Жоғары бағаланған тап-таза; Ардақты, игі». Ғабаса с-сі, 12-15 аяттар.  5«Оны тап-таза болғандар ғана ұстайды» Уақиға с-сі, 79-аят.  6 «Оның алдынан да артынан да бос сөз келмейді...» Фұссилат с-сі, 42-аят). 7«...Аллаһ толық қорғаушы әрі Ол, мейрімділердің мейрімдісі...» Юсып с-сі, 64-аят. 8Сөз, Илаһи ілімге қол жеткізген, ұлты күрді Саййд Абул-Уафаий жайында болса керек.

 

 

 

 

КІРІСПЕ

                                      

 Мәснәуидің кіріспесіне түсінік.

 Хазреті Мәулана Жәләл әд-Дин Руми мәснәуиді «Сырнай» сөзімен бастайды. Мұның негізгі себебі, Аллаһу Тағалаға берілген (ариф) әрі көтерілу мәртебесіне лайық болған кемел пәнделерді көрсету. Бұл - кемел, жаны пәк адамдардың аузынан тек сүйіспешілікке толы, ләззатты әрі мағыналы сөздер ғана шыққан. Яғни «Сырнай», кемел пәнделердің бейнесі болса, махаббат және сүйішпеншілік - Аллаһқа (Т) құлай берілген ықыластың белгісі. Мәснәуидегі ғашықтық, ынтықтық арифтің Раббысына деген үлкен ықыласының көрінісі. Алғашқы бәйттің сөздік мағынасынан кемел адамның, ән-күйде үрлеме аспап ретінде пайдалынатын сырнайға ғажап ұқсастығын көреміз. Сырнай тартушы ішіндегі сырын, шаттығын, қуанышын немесе қайғы-мұңын қолындағы аспаптан шыққан тамылжыған үн арқылы жеткізе алса, Аллаһу (Т) Өзінің еркін, талабын, сипатын, ғажап сырларын арифтердің жүрегі арқылы, Раббысын еске алушы пәнделерге сый етіп ұсынады. Енді осы ұқсастықтың кейбіріне тоқталып өтейік:

Бірінші, сырнай әдетте қамыстан жасалады (най - парсы тілінде қамыс). Қамыс кесіліп алынбастан бұрын, өз мекенінде, жайқалған көптеген қамыстың ішінде өсіп тұрған еді. Кесілген соң солып, қурады. Кемел адамдар рухы да Аруах әлемінде (рухтар дүниесінде) шексіз ләззаттың ішінде өмір сүрді. Бұл дүниеге келіп, адам денесіне орналасқан соң еркіндіктен қол үзіп, Раббысының сарқылмас нұрани сусынынан шектелді, кесіліп алынған қамысқа ұқсап сола бастады.

Екінші, сырнайдан сүйіспеншілікке, ләззатқа толы сазды әуендер таралғаны сияқты, ариф адамдардың аузынан да Раббысына деген ыстық махаббатқа бөленген сөздер шыға бастайды.

Үшінші, сырнайдың зар-мұңынан тыңдаушының бойы шымырлап, жүрегіне қозғау түседі. Арифтің аузынан шыққан аяттар мен хадистер, хикметке толы сөздері де тыңдаушының ынтасын арттыра түсіп, жүрегін тұмшалауға ұмтылған күйкі тіршіліктен  серпілтіп, рухани азаттыққа шақырады.

Төртінші, сырнайдың сазды әуенінен көбіне махаббатқа толы ғажайып хикая әрі сүйіспеншіліктің ыстық лебі еседі. Дәл сол сияқты арифтың лебізінен де Раббысына деген шынайы сүйіспеншілігін көрсететін жан тербелісі және руханият әлемінің Иләһи сырлары тыңдалады.

Бесінші, сырнайдың шын мағынасы, оның заттық көрнектілігінде емес - ішінде. Арифтің де кемелдігі құпия, жасырын.

Алтыншы, сырнай әуен арқылы ойнаушының ішкі сезімін тыңдаушыға жеткізеді. Ариф те өзінің тыңдаушыларына жомарт мінезі арқылы, ізгілікке бастайтын әдептілікті жеткізеді.

Жетінші, қамыстан кесіліп алынған сырнай өз әлемінен қол үзді. Арифтің рухы да мына зұлмат дүниеде шарасыз.

Сегізінші, сырнайдың іші әр нәрседен таза, бос, тек сыбызғы тартушының сүйіспеншілігіне толған. Ариф те Аллаһу Тағалаға деген махаббат нұрына оранып, жүрегі Раббани сүйіспеншілікпен безендірілген.

Тоғызыншы, сырнай өздігінен әуен шығара алмайды, оған бір сырнайшының үрлеуі керек. Ариф те ұлағатты бір силсалаға (Мұхаммедке с.ғ.с. жалғасатын тізімге) жататындықтан бір молшылық иесіне мұқтаж. Молшылық иесі - оның Жаратушысы. Сырнай иесі, сырнай арқылы тамылжыған үн шығара отырып, ол әуенді бүкіл әлемнің сарқылмас ғажап сазымен үндестіре алады. Ариф те өзінің Раббысына деген шынайы сүйіспеншілігімен, көпшілікке тән болмаған ғажайып нығметтерге иелік етіп, рухани шәрбаттан дәм татып, тек кемелді пенделеріне лайық болған рухани ашылудың хабарын естіп, ерекше көріністердің куәсі болады.

Міне осындай көріністер мен ұқсастықтар арқылы хз. Мәулана Жәләл әд-Дин Руми кемел адам бейнесімен бізді кеңінен таныстырады.  Шығарма, оқыған сайын қызықтыра түсетін шытырман оқиға желісімен өрнектеле келіп, жалпы көпшілікке  ислам негізі мен иман шарттарын үйретеді.

Мәснәуидің қазақша мағынасын дайындауда, түрік және түрік тілдес халықтардың аудармалары пайдаланылды.                                                                                                                                               

Мәснәуиде Құран аяттары мен Хадис шарифтен көптеген мысал келтірілгендіктен, хәл-хадерімізше, әр мәснәуидің сөздік мағынасын ашып отыруды жөн көрдік.

 

Мәснәуи- 1.  Сырнайым кәне не дейді, тыңдағын,

                       Айырылыстан шағымдалған мұң барын.

                      

                  2.   «Кесілгенде жасыл қамыс құрағы,

Көріп тұрған еркек-әйел жылады.

            

      3.  Өксікпенен шалғайлықты еске алам,

     Сағыныштан дертке бөлеп тастаған.

 

      4.   Өз тегінен айырылып қалғандар,

            Қайта келіп қауышуды армандар.

 

      5.   Талайларға зарымды айтып мұңданғам,

            Қайғылы да, шат көңіл де тыңдаған.

     

      6.   Армандарын менен іздер келгені, 

           Жан сырымды тексерместен мендегі.

 

7.   Барлық сырым зар әуенмен үндесіп,

      Көз, құлағым нұр бұлаққа ашты есік.

 

        Көру, Есту - Аллаһу Тағаланың көркем сипаттарынан. Бұл сипаттар адамдарда да бар. Бірақ мәснәуидегі көру - көкірек көзімен көру, есту - жүрегімен есту. Мұндай ерекшелік жаны нұрланған парасат исінде ғана болмақ. ХVІІ-ғасырда бүгінгі заман бейнесін дәл көзімен көргендей  суреттеп берген Мөңке би бабамыз осындай кісі болса керек.

 

                              8.  Тәнім жаннан, жаным тәннен бөлінбес,

            Бірақ бұл жан еш адамға көрінбес.

 

      9.   Желге ұқсамас, сырнай үні шоқ-жалын,

            Адамсың сен - жалын атса от-жаның.

 

    10.   Махаббаттан жүрек от боп жанады,

Ғашықтықтан қайнап жанның шарабы.

                            

    11.   Құлай сүйген құлдың сырнай мұңдасы,

            Азат болған жүрек үнін тыңдашы.

 

    12.   Сырнайдан у және дәрі шығады,

             Тәтті, ащы - дәмін татқан ұғады . 

 

 

•13.      Сырнай сөзі - қанды жолдар пайымда,

Мәжүнін жыры да ғашықтық жайында. 

                           

•14.      Қуанышым - бақытсыздық! Мақтама,

          Сөзді тыңдар - бір жапырақ ет қана.

 

                             15.   Мына күнім болып тұр ғой, түн анық,

       Қара түнек қасыретке оранып.»

 

16.  Күндер өтсе дедім: «Мейлі өте бер!

        Пәк Жаратқан Сен барсың ғой жетелер».

 

17.  Балықтай-ақ су жұтудан танбаған,

                             Хаққа ғашық кәусар нұрға қанбаған.

 

•18.    Кемелдікті түсінбейді басқа адам,

                                     Олай болса сөзді қойдық «Уәссәләм».

 

•19.    Дүние бұғауынан азат бол, ей ұл,

Нәпсінің қалауына болма құл.  

 

•20.   Тоған суын құмыраға құйғанда,

                                      Ризықтан артық, сірә,  сиған ба?

 

Адам да топырақтан жаратылып, Раббының рухы құйылған бір құмыра. Әр адамның табиғатындағы айырмашылық, болмысындағы «құмыраның сиымдылығына» байланысты. Бұл дүниедегі дәрежесі мен орындары әр қалай. Біреу көп, біреу аз біледі. Пайғамбарлардың білім алу мүмкіншілігі шексіз болған. Оларға ілесіп, Аллаһу Тағалаға жақын болған уәлилер  (әулие) де білім мұхитынан өздеріне лайық болғанын ғана құмырасына құя алды.

Бірде Мұса (ғ.с.) «Мен пайғамбармын, Аллаһ (Т) басқаға лайық көрмеген атақ-дәрежесін маған беріп, сырларын ашты. Бұл дүниеде менен білімді ішкім болмас,» - деп насаттаныпты. Сонда Жаратқан үн қатып: «Пәлен мұхиттың жағасында отырған қартқа барып осы сөзіңді айт,» - деді. Мұса (ғ.с.) бірнеше күндер жүріп, айтылған мұхит жағасында отырған қартқа жетіп, іздеп келгенін айтты. Қарт оған мұхиттың жағасына қонған торғайды көрсетті. Торғай мұхиттан бір-екі шоқып су ішті де ұшып кетті. Қарт Мұсадан (ғ.с.):

           -  Торғай қанша су ішті? - деп сұрады. Мұса (ғ.с.):

           - Торғай қанша су іше алатын еді, өзіне лайығын ғана ішті ғой, - деді Мұса (ғ.с.). Сонда қарт:

           -  Аллаһу Тағала ілімі де осы мұхит сияқты шексіз. Сенің алған ілімің де осы торғайдың ішкен суынан артық емес, - десе керек.

          Біз адам баласы, өз құмырамыздың сыйымдылығы қанша екенін білеміз бе?  

                    21.  Сараңның көз құмырасы толған емес,

                                      Кит те қанағат қып, артық жемес.

 

•22.    Хақты сүйсе жамау киім жарасар,

  Пәк пәндені кім айыптап таласар.

 

Ыдырыс Шахтың «Суфизм» атты кітабында (414 бет), атақты сопы Хужуридың «Ашықтың ашылуы» атты шығармасынан: «Олардың ішінде бірін-бірі білмейтін және өздерінің кемелдік дәрежесінен хабарсыз 4000 адам бар. Олар қандай жағдай болмасын бір-біріне және барлық адамзатқа белгісіз күйде қала береді. Бұл уәлилер (әулие) арқылы дәстүрлер қалыптасып, жалпыға бірдей ақиқаттар ашылады. Мен өзім, әлхамдулилләһи, мұның куәсі болғанмын,» - деген  мәлімет берген. Сыртқы бейнесі, кәсібі, тіршілігі әр қалай бұл пәнделер ішкі мағынасында кінәратсыз пәктігімен ерекшеленетін.

Мұсылмандар халифы болып тұрған кезде хаз. Омар киімінің жыртылған жеріне жамау салып жүре берген екен.

Бірде хазреті Бахауиддин Нақшбанди бабамызға бір топ пасықтар келіп:

-  Сені әулие дейді, егер бізге бір керемет көрсетсең, онда саған шәкірт болайық, - депті. Сонда бабамыз:

- Ойылып кетпей, біз сияқты күнәһарды көтеріп тұрған жерді қараңдаршы..! Керемет деген осы емес пе? - депті.                                                                                                                                          

                                                                                                                                                                        

                              23.  Қуан ғашық, құшағыңды жайдағы,

                          Сен емшісің барша дертке бойдағы.

 

•24.   Уа ғашық, емдей алар намыссың,

Және Аплатун әрі Жалимуссың.     

                              

•25.  Ынтыққандар кең ғарыштан жай табар,

                                      Ғашықтықтан тау бишіге айланар.   

                             

•26.  Тұр тауын ғашықтық еңсергенде,

«Хорра Мұса соғиқа» - тау теңселгенде.

                             

               Бұл мәснәуидегі «Хорра Мұса соғиқа» Ағраф сүресінің 143-аятынан алынған. Мағынасы: «Мұса (ғ.с.) да талып түсті». Уақиғамен толығырақ танысу үшін Құран Кәрімнен аяттың сөздік мағнасын келтірейік: « Мұса (ғ.с.), белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлегенде, Мұса (ғ.с.): Раббым Өзіңді көрсет, Сені көрейін, - деді. (Аллаһ): Мені әсте көре алмайсың, бірақ тауға қара, егер тау орнында тұра алса, сен де Мені көресің, - деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса (ғ.с.) да талып түсті. Есі кіре сала: Сен пәксің, Саған тәубе еттім, әрі мен сенушілердің алғашқыларымын,» - деді.

               Яғни, жансыз деп есептелінетін Тұр тауы Аллаһ (Т) бұйырғанда аса берілгендікпен әміріне бой ұсынып, билеп, теңселіп, әп-сәтте быт-шыт болды. Адам мен жындардан басқа барлық жанды-жансыз жаратылыстың барлығы да Аллаһты (Т) қалтқысыз сүйеді, «Аллаһ, Аллаһ» деп еске алудан бір танбайды, Раббысының қай бұйрығы болса да орындауға дайын. Ал адам баласы Аллаһтың (Т) бұйырғаны емес, өз қалауымен жүріп тұрғанды ұнатады. Егер КҮН өз қалуымен шығып, өз қалуымен батар болса...  Аллаһу Тағала сақтасын!

 

•27.  Шарпып өтсе сырнайымнан шыққан леп,

Сазды әуендей сөзім көркем болар ед.

 

•28.  Қамқор үнің қашықтаса ақырын,

Жүз бір әуен бола алмас жақыным.

 

•29.  Уақыт келіп, гүлдер солды, кетті сән,

Енді бұлбұл тамылжытып салмас ән.

 

•30.  Шын ғашыққа ашылар пердесі кең,

Ынтықпаған ғашықтар мүрдемең тең.      

 

•31.  Егер ғашық самғамаса, не керек,

Қанаты бар тауық қой ол - мүгедек. 

 

•32.  Сүйіктіңнің сенде нұры болмаса,

Көңіл-күйің бола қоймас онда аса.

 

•33.  Ғашық жан сырын ашап береді де -

Көрсетпесе айнаның керегі не?

 

•34.  Бұл айна көрсетпесе себебін біл,

Жүзінде болғаны ғой дақ пенен кір.

 

•35.  Тыңдаңыз қиссаны енді, ей дос-жар,

Біздерден жария болған ақиқат бар.

      

 ДОРАЗ ЕСІМДІ ПАТШАНЫҢ БІР КӘНИЗЕККЕ ҒАШЫҚ БОЛЫП,

ОНЫ САТЫП АЛҒАНЫ ЖАЙЫНДА.

 

•36.   Ежелде өтті патша көңілі жай,

 Өзі діндар, мүлкі көп, шалқыған бай.

 

•37.   Бір күні аңға шықты патша ерім,

                     Бірге алып сенімді нөкерлерін. 

 

•38.  Үлкен жолда кәнизекті көрді бұл,

             Ғашықтықтан жаны өртеніп болды құл.

            

                              39.  Жүрегі тұтқұн құстай азап тартып,

       Берді де мол дүниені алды сатып.

 

40.  Алғанымен құмарланып оған тым,

                            Ауырды сұлу, патшамызға болды мұң.

 

           41.  Есегі бар, ер-тоқымы жоқ еді,

                                      Тоқым тапқанда есекті бөрі жеді.

 

             42.  Құмыра бар, табылса ғой су демде,

  Сынды құмыра су алуға келгенде.

 

Қасқыр жеген есек пен сынған құмыраның мынадай хикметі бар: адамзат бұл дүниеде өз арман-тілегіне түгелдей жеткен емес. Әр бір қуаныш дәл сондай реніштерге бауыр. Ғұламаларымыздың айтуынша, бұл мысалдағы есек - денелік бітім, яғни жаратылыс. Ер-тоқым дүние қажеттілігі. Қасқыр - кесел, немесе өлім. Дене мәйтке айналғанда оған дүниенің, байлықтың еш қажеті жоқ. Есектің ер-тоқымы сияқты қалады.

 

                      43   Емшілерді жинап деді: «Наныңыз -

                             Қолдарыңда екеуіміздің жанымыз.  

 

44.  Менде жан жоқ, жанымның жаны да ол.

                             Кесел меңдеп дәрменсіз болдым ғой қор.

 

                      45.  Кім жәрдем етсе жанымның жанына,  

                             Алады менен інжу, маржан тағы да.»        

 

•46.    Деді олар: «Жаныңа жан болайық,

                              Келісіп бір амалды қолданайық.

                       

•47.    Мұнда біз боламыз Масихтың теңі,

                              Бар бізде әрқандай кеселдің емі.»          

                      

                       48.   «Құдай қаласа» демеді олар,                      

                               Сондықтан Хақ Тағала наданға санар.

 

Тапқырлықтарына мәз болған емшілер шаһтың көңілінен шығу үшін өздерін хазреті Исаға (ғ.с.) теңеді. Олар «Құда қаласа» немесе «Инша-Аллаһ», біз себеп болып, кәнизек дертіне  Жаратушыдан шипа болып қалар демеді. Өздерін құдырет иесі санады.

 

•49    «Құдай қаласа» деп айта алмаған,

                              Бұл жалғанда өзін-өзі алдаған.                                                                               

 

                       50.  Ей мейлі сен, Инша-Аллаһты білме,

                              Бірақ Ол сенің жаныңмен бірге.

 

Қанша адамдар «Инша-Аллаһты», яғни «Құдай қаласа» деп айтуды білмейді. Мүмкін ойларына да келмес. Бірақ бұл пәнде ескермегенмен «Инша-Аллаһ» ақиқатынан қашып құтыла алмайды. Иләһи қалаудан шегінетін жол жоқ. Жаның және бүкіл болмысың Раббының қолында тұрған болса, сен «Инша-Аллаһ» демегеніңмен Оның қалау шеңберінен аттап шыға алмайсың.   

Ариф пәнденің Аллаһ Тағаланы сүйетіні соншалақ, ол - «фәнә фил-Лаһ» болады, яғни Құдай үшін өзін түгелдей жояды. Өз қалауын Аллаһу Тағала қалауының қасында жоқ ете отырып, «Инша-Аллаһтың» ақиқатына жетеді. Бүкіл ғарыштың егесі Жаратушы екенін әлемге ділі арқылы жария етеді. Ариф тәуекел етудің аса үлкен нығымет (жақсылық) екенін көрсетіп,  Раббыға тек тілі және үнімен беріліп қана қоймай, сонымен бірге жүрегімен, бүкіл ішкі күйімен бет бұрады.

 

                      51.  Қанша әрекет, қаншама ем қолданды,         

                             Нәтиже жоқ құр бекерге алданды.

 

                      52.  Кәнизек ауыр дерттен жатты тұрмай,

                             Патшаның көз жасынан көл тұрғандай.

 

                                 53. Хақ ісі: Сирканбин, Сафроға бермей рық,

                                      Ішкенде бадам дәрі қалды сұлық.

 

            Іреңі сарғайған кәнизәкке ежелгі емшілердің тәсілімен шекерге сірке қышқылын қосып сары ауруға қарсы Сирканбин дәрісін дайындап ем қолданғанда Хақ Тағаланың қалауымен дерт асқына түсті. Асты жылдам қорытатын қызыл түсті Сафро дәрісін беріп және көңілін көтеріп, күш қуатын арттыруға бадам шырынынан жасалған ішімдікті ішкізгенде, кәнизәк әлсіреп, сұлық түсіп жатып қалды.

                                  

         54  Һәлийлә бергенде - қабз етіп, итлоқ кетті,

                                       Су - мұнайға от қойғандай әсер етті.

 

Арнаулы жемістен алынған һалийлә дәрісі емдеудің орнына қабз - яғни, ішектерді қатырып, итлоқ - яғни, асқазанның тазалығын кетірді. Салқын су дене ыстығын басудың орнына, кәнизек, мұнайға от қойғандай, күйіп-жанды.

 

Емшілердің кәнизекті емдеуден бас тартуы, патшаның Аллаһу Тағалаға бет бұруы және түсінде бір уәлиуллаһты (әулиені) көруі.

 

•55.    Өкінді патша - босқа уақыт өтті,

                             Жалаңаяқ мешітке келіп жетті.

 

Емшілердің дәрменсіздігіне көзі жеткен соң, патша мешітке жалаңаяқ жүгірді. (Мұндағы жалаңаяқтың мағынасы, дүниені тәрк ету, ахиретті ойлап, Аллаһқа фәнә болу, яғни бүтіндей берілу мәртебесіне жету деп түсіндіреді ғұламалар.)

 

•56.    Мешітте меһрабқа бетті бұрды,

                             Сеждеде көзден жасы ағып тұрды.  

 

                       57. «Фәнә ғарқоби» - деп құтылды жаңа,

                             Сонан соң көркем тілмен айтты сәнә.

 

Патша «фәнә ғарқоби»-ден өзіне келді. «Ғарқоби» - адамды жоқ ететін өлі су. Өлі суға бүтіндей батқан патша енді одан құтылды. Әрекетке көшті. Өйткені дұға (тілек) қашанда Хақтан күш, қуат әкеледі, бойға жігер құяды, сенімін нығайтады, үмітін арттырады. Патша енді Раббысына бас ұрып жалына бастады:                                                                                                    

 

                                       58.  «Барлық болмыс, әлем де Сені тыңдайды,

                                               Білесің және мендегі хал-жағдайды.                

 

 59. Уа, барлық ісімізге пана болған,

                                               Рас жасадық қате, шығып та жолдан. 

 

Уа барлық қажетімізді өтеуші Аллаһу Тағала, біз жолдан шығып адастық. Сенен қажеттіліктерімізге көмек сұрап, құлшылыққа барып, дұға жасаудың орнына дәрменсіз, бірақ өркөкірек  емшілерден көмек сұрадық, - деп патша қатесін мойындап, тәубеге келді.

                                         

•60.    Бірақ, десеңде: - Білемін сырларын,-  

                                                 Қалайсың тағы, дұғада тұрғанын.»    

 

Аллаһқа (Т) барлығы аян, бірақ біздің тілменен немесе көңілмен дұға жасағанымызды қалайды. «Маған дұға етіңдер, қабыл аламын», - дейді. (Мүъмин с-сі. 4-аят).

 

•61.    Патша да көп жасады құлшылықты,   

                                                           Нәтиже рахым, мағрифат болып шықты. 

 

•62.    Жылаған шаһ ұйықтағанда қалжырап,

                                                 Түсінде алдына келіп пір тұрад.       

Аллау Тағала ұйқыны «кіші өлім» дейді. Ұйқы кезінде рух денеден босап Жақут әлемі, Рухтар әлемі, Періштелер әлемі деген ғайып әлемдеріне араласып, не бір ғажайыптарды көріп, сырларға қанып, келешекте кездесетін уақиғалардан хабар алуы мүмкін.

 

•63.    Деді: «Ей патша, мақтан, бақытың бар,

Таң ертең ғарып келер соны қарсы ал.

                                         

                                           64.  Келетін адам хикмет иесі ол,

                                                  Ұстанған шындық, рас, туралық жол.

 

                                           65.  Сондықтан шындықты ашық айта алар

                                                  Амалынан Хақ қалауы байқалар.»

 

                                           66.  Түнде өтіп, уақыты келді енді,

                                                  Шығыстан күн шығып, жұлдыздар сөнді.

 

                                       

                                           67.  Тосты патша отыра алмай жайланып,

                                                  Кетсе деп түсі шындыққа айланып.

 

                                           68.  Көрінді біреу, сипаты - данышпан,

                                                  Ыстыққа күйген, келген-ау алыстан.

 

                                           69.  Жаңа туған ай сияқты нұр жүзі,

                                                  Келбетінде құпияның тұрды ізі.           

 

Ол жаңа туған ай сияқты бір нәзәк сәуле шығарып тұрды. Бірақ оның рухи мәртебесі сырт көзге байқалмайтын, яғни ойында не барын білу мүмкін емес. Батыйни вужуды (ішкі болмысы) сырға тола. Оның ой-пікірі тек ізгілікке бастаушы.

                                                                                                                                                

                                           70.  Бірақ ойы бұл дүниеден алыстын,

                                                  Басқаратын сырларын біліп ғарыштың.

 

Оның пікірі бұл дүниеге байланбаған, дербес. Әлемнің қай түпкірі болмасын ондағы сыр-құпияны, хикметті Аллаһу Тағаланың қалауымен меңгеріп, басқарып отырады дейді ислам ғалымдары.

 

                                            71. Пікірден ғой жақсы атың, жаман атың,

                                                  Пікірден тек ар-намысың, салтанатың.     

 

Адамдардың сәлеметте болуы, немесе ұрыс-керіспен өмір кешуі олардың пікірінің қандай екендігін анықтайды. Пәнде өз ой-пікірін, мақсатын, талабын, рахым-мейрімін, Аллаһу Тағаланың қалауымен ұштастыра алса ғана бейбіт өмір кешіп, салтанатқа жетпек. Керісінше болған жағдайда машақатқа батып, жаман атаққа ұшырап, ар-намыстан айырылып жатамыз.

 

                                            72.  Әулиенің ойы ерекше бір өріс,

                                                   Хақ Тағала сырларынан көрініс.

 

Аллаһу Тағалаға жақын болған Уәлилердің пікірі Раббының талабын, қалауын ғана көрсете алады. Оларда басқаша ой-пікір болуы мүмкін емес. Ғұламалардың айтуынша, Әулиелердің ойы - Хақ Тағала мағлұматтарының шегарасы, дәл ақиқаттың өзі. Олардың ойына келген нәрсе, дәл сол күйінде сезім мүшелері қабылдай алатын суретке айналады. Яғни Әулиелер басқа адамдар көре алмайтындарды көріп, оны басқаларға керемет ретінде көрсете алады.   

 

                                             73.  Зарыға күткен шаһ, түсінде көріп,  

                                                    Қонағы болып, тұр патшаға келіп.

 

                                             74.  Қақпаны өзі ашты, сыртқа баруға,

                                                    Ғайыптық қонағын күтіп алуға.

 

                                             75.  Екі өзен қосылғандай болып бір,

                                                    Екі пейіл түсінісіп ашпақ сыр.

 

Олар, қатар ағып барып қосылатын екі өзен сияқты еді. Сыртқы көріністері әр түрлі болғанымен, ішкі мағына жағынан бір-біріне ұқсайтын. 

 

                                              76.  Деді: «Қыз емес, сенсің ғой ғашығым,

                                                     Сыр ашылар себептермен жасырын.

 

Бұл жалғанда бір нәрсе екінші бір нәрсеге себепкер болып жатады. Кәнизекке ғашық болған  патшаның махаббаты енді мына пәк, ерекше пәнденің нұры арқылы, Жаратушының достығына бастайтын жолға бет бұрды.

 

                                               77.  «Мен - Омар, сен - Мұстафа болып тудың,

                                                      Қызыметің үшін белімді будым.»

 

Уа мүршид, сен мен үшін Пайғамбарымыз - Мұстафасың, мен сенің қызыметің үшін белін буып, дайын тұрған хазреті Омармын деді.       

 

                                                 78.  Аллаһтан тілесең баянды әдеп,

                                                        Раббыңнан келер жақсылықтар көп.

 

Әдепті адам көркем мінезді, парасатты, сабырлы келеді. «Әдеп - жақсы қасиеттер мен ізгіліктер бұлағы», - дейді ғұламалар. Шәкірттің алар алғашқы білімі - әдеп болуға тиісті. Аллаһу Тағаладан әдеп сұрайық! 

                                                                                                                                                          

                                                  79.  Әдепсіздер өртеніп қана қоймайды,

                                                         Басқаларға өрт қоюды ойлайды.

 

                                                  80.  Аспаннан түсті көп тағам, дастарқан,

                                                         Барлығы да жан қинамай татты дәм.

 

Жәләл әд-Дин Руми осы және кейінгі бәйттер арқылы әдепсіздіктің нәтижесі қалай болып шығатыны жайында Құран Кәрімдегі Мұса (ғ.с.) мен Інжілдегі Иса (ғ.с.) қиссаларынан  мысалдар келтіреді. Аллаһу Тағала Мұсаның (ғ.с.) дұғасын қабыл етіп аспаннан түрлі тәтті, дәмді тағамдар түсіреді. «Үстеріңе бұлтты көлеңке етіп, және сендерге бөдене менен құдырет шекерін (Мәнна, Салуаны) түсірдік. Сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер (дедік). Олар бізге емес өздеріне ғана қастық қылды». Бақара с-сі, 57-аят).    

 

                                                  81.  Мұса қауымы ішіндегі бейәдеп,

                                                         Деді: «Енді көкөністен түсір көп.»

 

Мұса (ғ.с.) қауымы Аллаһу Тағала жіберген ризықты азсынып: «Енді аспаннан жерде өсетін  көкөністерді түсіріп бер,» - деп талап ете бастады.  

 

                                                 82.  Тоқтады аспан наны, бітті ауқат,

                                                        Қалғаны сол - реніш, бейнет, машақат.

 

Аспаннан түсіп жатқан тағам үзілді, бірнеше бейәдептің кесірінен жан қинамай келіп тұрған дәм тоқтады. Мұса (ғ.с.) қауымы болған Исраил (Израил) ұрпақтарына қалғаны бұл дүниедегі бүліншілік пен машақат.

 

                                                83.  Соңынан, шапағат етіп Исаға Хақ,

                                                       Жіберді дастарқан, ас тола табақ.

 

                                                84.  Сақалдылардан әдепсіздік басталды.

                                                      Аш қайыршыдай дастарқанды бассалды.

 

                                                85.  Таласпай-ақ жесе жесін, жан қумас,

                                                       Иса білер бұл нығымет таусылмас.

 

Иса (ғ.с.) өз қауымынан бұл нығыметтің таусылмайтынын жасырды. Әр пендеге өлшенген ризық бар. Адам қанша таласып-тартысқанмен өзіне лайық болғаннан артыққа иелік ете алмайды.

                                                86.  Бірақ нәпсі қанағаттан кететін,

                                                       Сенбестіктен күпірлікке өтетін.

 

                                                87.  Тойымсыздық іс болмады жағымды,

                                                      Ашкөздіктен аспан есігі жабылды.

 

                                                88.  Бермесе зекет аспанда бұлт жүзбейді,

                                                      Зінәні қоймаса обадан қол үзбейді.

 

Зекет бермегендіктен аспан нығыметтері жабылып, жаңбыр жаумай құрғақшылықтан жұт жайлайды немесе шегіртке түрінде әр қандай зиянкестер қаптайды. Зінәнің салдарынан, ертеректе мерез, оба сияқты жұқпалы аурулар меңдесе, қазіргі кезде ем қонбайтын, ең қатерлі кеселдер асқынып келеді.  

 

                                                89.  Зұлымдықтан тартсаң егер мол қайғы,

                                                       Сенде көреалмаушылықтың болғаны.

 

Көреалмаушылық дінімізде арам. «Көреалмаушылық пен қызғаныш адам иманын дәл солай жалмайды, тура отынды жалын жалмағаны сияқты», - деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).              

Иманы әлсіреген адам, әрине, әр түрлі зұлымдыққа баруы мүмкін. Жақсылық та, жамандық та Аллаһтан (Т), бірақ оған адамның өзі себепші.  

 

                                                 90.  Қарақшылық ерлік іске жатпайды,

                                                        Көреалмаушы достықты қалай сақтайды.

 

Ерлік - ізгіліктің көрсеткіші. Көреалмау - зұлымдықтың басы. Пәндеге тиесілінің бәрі Тағдыр атты Тақтада Аллаһтың (Т) атынан жазылған. Адамға таңдау еркі берілгені рас. Бірақ ол ерік, Аллаһу Тағаланың тағдырда жазғандарын іске асыруға себеп болу деңгейінде ғана.

 

                                                 91.  Әдеп болмаса аспан нұрға толмайды,

                                                        Періште де мұнша пәктік болмайды.

 

Бүкіл әлем өте қатаң тәртіптілікте. Тәртіптің «Темір қазығы» - әдеп. Барлық жамандық атаулы тек әдепсіздіктен. Әдептің ең сенімді жолы Ислам шариғатында. Әлем Ислам шариғатында болғаннан кейін ғана қатаң тәртіптілікте, деп түсінген абзал.    

 

                                                 92.  Күншілдіктен күннің көзі тұтылды,

                                                        Әзәзіл де лағнет алып ұтылды.

 

Күншілдіктен адамның иман қуаты әлсірейді, иман нұры өшеді. Ай Күн көзін көлегейлегенде қараңғылық білінетіні сияқты, адам рухна зүлматтың көлеңкесі түседі. Қызғаныш өте қауыпты сезім. Діннен шығарып жіберуі мүмкін. Оған мысал: Адам пайғамбарға (ғ.с.) Аллаһтың (Т) атынан болған құрметті көре алмай шайтанның лағнет алып, мәңгі Дозаққа лайық болғаны.

             

Патшаның түсінде көрген иләһи емшімен танысуы

 

                                               93.  Деді, емшіні құшақтап, патша дертті:

                                                      «Ғашықпын жаны күйген, сөндір өртті».

 

                                              94.  Сүйді маңдайдан, қолдан ғайып ұнап,

                                                     Тілдесті қонағының жайын сұрап.

 

                                            

                                                95. Алып жүрді тыңдауға сүхбат терең,

                                                    Деді де «Байлық таптым сабырменен».

 

                                              96. Деді: «Эй, һадяи Хаққу дафъи хараж».

                                                    Мағынасы: «Ас-сабру муфтохул фараж»

 

Патша: «Уа Раббым, бұл - сыйлықтан басқа нәрсе емес, шындығында сабыр ашық мұғдар ененін көрсеттің,» - деп шүкіршілік етті. 

 

                                              97.  «Жүзіңде тұр сауалдардың жауабы,

                                                     Қиындықтар сенен шешім табады.

 

                                              98.  Ділімізге түсіндірер тілмәш сен,

                                                     Батып қалсақ көмегіңді берер ең.

 

 Ғайып тілін білетін адам ғана жүректердің қалауын таба алады. Нәпіс талабының батпағына батып, ділге дақ түсе бастағанда, жанға қуат беріп, жүректерге нұр құя біледі.             

 

                                             99.  Уа бауырмал, уа таңдаулы, келдің қош,

                                                    Ғайып болсаң қаза да жоқ, Ғарыш бос.

                                                                                                                                                          

Бұл келген бауырмал әрі таңдаулы пәнде ғайып болып көрінбей кетсе, онда үміт күттірген нәтижеге қол жетпей, әрекеттің бәрі аяқсыз қалар еді. Аллаһтың (Т) сүйген осы құлдарының себепші болуының нәтижесінде Жаратушының Рахман сипатының дәмін татып, екі дүниеде де нәсіп болатын жақсылықтарға қол жеткіземіз. Олай болмаған жағдайда Нұр сипатқа малынған Ғарыш, біз үшін пайдасыз бос кеңістік болып қалар еді. Өйткені, намаздың тәулігіне белгілі бес уақытқа бөлінуі, қасиетті күндердің, кештердің және айлардың есепті мезгілде келуі, біздің Ғарышпен аса тығыз байланыста екенімізді дәлелдейді.

 

                                      100.  Сенің жолың қуантумен өтеді,

                                               Іздей білген байлығыңа жетеді.

 

Ізгі пәнделердің жүрген жолы қай заманда болмасын, қуаныш сыйлаған. Бірақ ол жолды таба білу керек. Тәубеге келу арқылы әрі көп еңбекпен, ізденумен, пәкиза ғұламаларымыздың сүбхаттарына құлақ салу арқылы табылатын жол.

 

Патшаның емшіні сырқатқа алып келуі

 

                                      101.  Сүхбат та өтті, дәм беріліп керемет,

                                               Соңынан сарай жаққа түзеді бет.

 

Аллаһдың (Т) сүйген құлдарының сүхбаттары жәй әңгіме емес - рухани сабақ. Жүректі емдеп, жаныңа нәр бере отырып, адастырмас тура жолға бастайды. 

                                  

                                     102.  Деді: «Сырқаттың күйі тым ауыр,

                                               Өзің қолға алсаң боп қалар тәуір».

 

                                      103.  Тамырын басып, реңін қарап көрді енді,

                                               Дерт сырын сырт белгілерден іздеді.

 

                                      104.  «Емдетіпсің, оның болған бос қылық,

                                               Күшейіпті, ұшқынған дерт асқынып.»

 

          Емші, дәрі-дәрмекті біліп қана қоймай, адамның сыртқы бейнесіндегі кейбір белгілерге қарап, іштегі мағнауи қажеттіліктерін таба білуі керек, болмаса кеселге есел қосып алуы мүмкін.

 

105.  Біле алмаған іштегі дерт сырын,

                                              «Астағийзуллаһа мимма яфтарун».

 

Мақтаншақ, өркөкірек қызметшілер, іштегі сырды білуге қабылетсіз еді: «Мұндай надандардан Аллаһу (Т) сақтасын!» - дейді.

 

106.  Білді бәрін ол ойланып жатпады,

                                              Шаһқа айтпай, бірақ сырды сақтады.

 

Иләһи қонаққа барлық сыр мәлім болды. Бірақ сыр сақтау Аллаһу Тағаланың достарына тән қасиет.

 

                                      107.  Дерт асқынды, Сауда, Сафрода емес мән,

                                               Әр түтінде иіс болар отанға тән.

 

Кеселдің асқынуы, оған берген дәрі-дәрмектің кері әсерінен ғана емес, сонымен бірге асқынған кеселдің өзіне тән белгілерінің көрінісі. Жанған отынды оның түтіні арқылы білуге болатыны сияқты, кеселдің пайда болу себебін оның белгілерінен табуға болады.

                                                                                                                                                         

                                       108.  Кім байқады, бұл - мұң жүрек мұңы,

                                                Бойда емес, ділде екен кесел сыры.  

 

Иләһи емші, кәнизекті қарай келіп, оның кеселінің сыры ділде екенін байқады, яғни кесел - рухи. Мұндай кеселдің түрі көп: қызғаныш, зұлымдық, бейтараптық, жалқаулық, такаппалық, мен-мендік сияқты жамандыққа бастайтын барлық күнәлі істер ғана емес, құлай сүйген махаббаттың да дерті болуы мүмкін.

 

                                       109.  Ғашықтық болып шықты іштегі дерт.

                                                Емдемесе болады кәнизек мерт.    

 

                                       110.  Ғашықтық - дерт болды табылмас емі,

                                                Ғашықтың устурлабы - Хақтың сыры еді.

 

Ішкі дерт басқа кеселдерге ұқсамайтын рухани өзгерістер кезеңі. Аллаһу Тағалаға ғашық болған пәнденің Әлем туралы, Болмыс туралы түсініктері өзіне тән ерекшеліктерге ие болып, Хақ сыры оның танып-білу нысандарына айналады. Аспан денелерін бақылайтын устурлаб (телескоп) аспабы сияқты, Жаратушысына ынтыққан пәнденің пәк сезімі бүкіл Әлемді кезіп ғашығын іздейді. Бұл - Хақ сыры, Ұлық Заттың қалауы.

 

•111.      Ғашықтық кейде шырын, кейде ащы,

  Сонда да жол бастайтын ол бір басшы.

 

Аллаһты сүюші дәреттің, намаздің, оразаның, т.б. ислами амалдардың ләззатынан сусындай жүріп, тіршіліктегі әр түрлі машақаттарға жолығып, ащы дәмін тату ақылы, нәтижесінде пәндені кемелдік дәрежеге көтеретін Жаратушысына жақындай түседі.

 

             112.  Сүюді айттым талай, әңгіме арнап,

                                                Сүйдім де енді өзіме түсті салмақ.

 

Аллаһу Тағалаға ғашық пәнде, рухани дәреже жағынан биік бола тұра, тіршілікте небір ауыр тауқыметтің дәмін тартқаны жайында, бұрынғы өткен нәбилердің, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тарихтарында көп айтылған.

 

                                        113.  Тәпсірді сөзбен айтсақ дастан қылып,

                                                 Ғашықтық тіл қатады үнсіз тұрып.

 

Ақыл-ой жеткен дәрежеде, тәпсірді мағыналы сөздермен бере аламыз. Ал, Аллаһқа (Т) ғашық жандарға ғайып сырлары өзі ашылады, махаббат өзі жайында өзі баяндайды. Бұл сезімді тілмен толық баяндап беру мүмкін емес.

 

                                        114.   Әр түрлі тақырыпты жазған Қалам,

                                         Ғашық жайын жаза алмай састы жаман.

 

Бізге жеткен риуаяттар Аллаһтың (Т) ең алғаш жаратқаны ҚАЛАМ екенін айтады. Барлық жаратылғандардың тағдырын, жанды-жансыз нәрселердің бейнелерін, олардың іс-әркеттерін, сондай жылдамдықпен жазып шыққан  ҚАЛАМ, пәнденің Ұлық Затқа арнаған махаббатын бейнелеуге келгеннде ойналатын сияқты.

 

                                          115.  Махабатты талдауда ақыл есек еді,

                                                   Ғашықты ғашық қана түсінеді.

 

Махаббатты түсіндіруге келгенде адам ақылы күлге аунаған есек сияқты. «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көрде ішпен біл.» - деген данышпан Абай сөздері осыны аңғартса керек.

                                                                                                                                                       

                                     116.  КҮН  өзін дәлелдеп жалын шашар,

                                              Дәлелденіп тұрған соң кім таласар.

 

Жарығын, ыстығын дәлелдейтін Күннің өзі. Сол сияқты ынтыққан көңіл бәрі-бір сезімін білдіреді, ашылады, көрінеді.

 

                                     117.  Көлеңкенің болуы күннен белгі,

                                              Күн шырақ, жанға шуақ нұр әкелді.

 

Көлеңке жамандықтың нышаны десек, ол жамандықты қайтаратын, Аллаһу Тағалаға ғашық болған пәнденің сүйішпеншілік қуаты, кері қайтпайтын жасампаз дұғалары, баршаға үлгі-өнеге түрінде көрінетін ізгі амалдары.  

 

                                     118.  Көлеңке маужыратып бойды алар,              

                                              Күн шықса болар еді «иншаққұл қамар».

 

Маужыратқан көлеңке сияқты, ақылдың көлеңкесі де ақиқаттан қашықтап, надандық ұйқысына тартады. «Иқтаробатис сағату уәншаққол қамар» (Қиямет жақындады, ай жарылды), - дейді Қамар сүресінің 1-ші аятында. Ақиқат нұры сәулесін төгіп шарықтағанда, ақыл - жарылған ай сияқты талқан болып, беделден айырылып, иманның қызыметшісіне айналады.

 

                                     119.  Жандыда күн болмайды оған сенем,

                                              Көрінбейді ЖАН-да күн болғанменен.

 

ЖАН  ғайып әлемінің тұрғыны, уақытша дененің қызыметін атқарады. Дене көрініп тұрғанмен ондағы  ЖАН  көрінбейді, ол алғашқы мекеніне қайту сәтін тосуда.

                                                              

                                    120.  Күн жалғыз. Қашықта болсын ол мейлі,

                                              Ойда тұрар, көңілден бір кетпейді.

 

Аллаһу (Т) - Жалғыз. Ол әр мұсылманның, Оны сүйген әр пәнденің ділінде. Аллаһу Тағаланың Нұр сипаты ізгі пәнделердің жүрегінен сәуле шашып тарайды.

 

                                      121.  Жанның күні заттық емес, айқын күш,

                                               Зердеден де, түсініктен жатыр тыс.

 

Жанда ерекше қуат бар. Жан денеден босағанда ол қуат арта түседі. Жан табиғаты, яғни Рух табиғаты адамзат табиғатынан тыс.

 

                                      122.  Қабылдамас ешбір затты бұл сана,

                                               Бар көлемі тозаңдай-ақ болсада. 

 

Ақиқат КҮНІН санаға сиғызу мүмкін емес. Оның шаң тозаңындай көлемінің өзіне Жер мен Ай бірге сиып кетуі ықтимал.

 

                                      123.  Шамси әд-Диннің жүзін ашып пердеден,

                                               Төртінші аспаннан  КҮН НҰРЫН  көр деген.

 

                                      124.   Әужіб болды, сөз болған соң ол кісім,

                                                Түсіндіру нығыметтер белгісін.

Хазреті Шамси әд-Дин жайында сөз болған соң, ол кісінің білген нәрселерінен аз да болса  айтып қою бізге уәжіб болып қалады.

Мәдди (материалдық) тұрғыда Жер, Күн жүйесінде ғаламшарлардың ішінде төртінші аспанда (орбитада) тұр.

 Рухани тұрғыда Төртінші Аспан, Берзақ кеңістігінің бір бөлігі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жеті қат көкке көтеріліп, Аллаһу Тағаланың ғұзырына барар жолда Төртіші Аспанда болып, онда Мұсаға (ғ.с.) жолығып, онымен тілдескен. Сол Рухани Аспанда Мұсаның (ғ.с.) анасын, онымен бірге жүрген Исаның (ғ.с.) анасы Мариямды және Ферғауынның жұбайы Асияны  да көрген. Барлық адамзат пен жан-жануарлардың тізімі жазылған қағазға қарап, олардың  жанын алуға дайын отырған Әзреилмен (ғ.с.) сәлемдесіп, онымен сөйлеседі. Аллаһу Тағаланың рахметіндегі ізгі  пәнделердің Ахирет күніне дейінгі рухани ләззатқа қалай бөленіп жүргендерін де көзімен көрді. Қабыр азабына лайық болғандарды Азап Перішелерінің қалай жазалап жатқанын сыртынан бақылады.  Басқа да көп нәрселерді көзімен көріп, Миғраж сапарын жалғастырып, Бесінші қат Аспанға көтеріледі.

Миғыраж уақиғасының болғаны жайында Аллаһ Тағала «Исра» сүресінде белгі берсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол сапарда көргендерін хадистерінде баян еткен. Қиямет күні барлық мұсылмандардың бетіндегі пердесі алынып, Аллаһу Тағаланың жүзін көреді. Осындай тек мұсылмандарға ғана  лайық болған  ғажайып көріністің адам тілімен айтып жеткізуге болмайтын қуанышы мен ләззатын, Аллаһу Тағала бәрімізге нәсіп етсін!

Атақты сопы, ғалым, Жәләл әд-Диннің ұстазы, пірі Шамси әд-Дин Тәбризидің жүрегін Аллаһу Тағала ашып, нұрын құйып, Әлем сырларынан дәм татырды. Осы мәснәуи жолдары - сол сырлардың өз тіліміздегі көрінісі деп түсінеміз.

 

                                                  125.    Бұл тыныс жан шалғайын қалды ұстап,

                                                   Жүсіпті жейде исінен сезгенге ұқсап.

 

Соңғы дем Жанмен бірге шығады. Тіршілік кезінде Жанның  денеде болуын қамтамасыз етушінің бірі тыныс, дем. Яғни адамда тыныстың болуы онда Жанның барлығын білдіреді. Және тыныс арқылы көп нәрсені сезуге болады. Мысалы, Жақып пайғамбар, ұлы Жүсіптің (ғ.с.) тірі жүргенін, алып келген оның жейдесінің исінен сезеді.

 

                                      

                                          126.   Өткен сүхбат - құрметтеуге лайық, 

                                                   Ізгілерден бір әңгіме қылайық.

 

Дүниеден өткен пәкизә, сопы ғұламаларымыздың хатқа түскен сүхбаттары, кейінгі ұрпақ үшін айрықша рухани қазына. Үйренемін, білемін деген пәндеге Ұлық ұстаздарды еске алып, айтқандарынан ғибрат алу, аса игілікті істерден. 92-104 мәснәуи Шамс әд-Дин Табризийдің өсиеттерін береді:

 

                                         127.  Аспан мен Жер қалсын бұған шаттанып,

                                                  Ақыл, Рух, Ой - жақсы хабар ап қалып.

 

Шәмс әд-Дин Табризий сияқты ғұламалардың айтқандарынан ақыл, рух, ой қанағат тауып, ақиқи пікір қалыптасып, адаспас тура жолға түсуге мүмкіншілік табамыз. Адасушылардың амалдарынан жиіркеніш тауып тітіркенген Жер мен Аспан, қасырет тұманы серпіліп, қуанышқа кенеліп, шаттыққа бөленеді.

 

                                          128.  «Беріліп, жете алсаң фәнәға тек,

                                                   Тіліңменен айтпайсың сәнәні көп.

 

Аллау Тағалаға түгелдей жан-тәнімен беріліп, фәнә болған сопыда бос сөз болмайды. Оның ақыл ойы, түсінігі фәнәдә болған соң, бүкіл болмысы үнсіз сәнә (Аллаһу Тағаланы) айтып зікір етуде, Жаратушысына деген мадақты тілмен айтудың қажеті болмай қалады. Бұл Аллаһу Тағалаға жақын пәнделерге тән қасиет.

 

                                          129.  Барлық сөздер  зікір бола алмайды,  

                                                   Қиындық та қиындық болып қалмайды.

 

Аллаһтың (Т) ерешеліктерін көрсететін кәлималар мен Оның есім-сипаттарынан басқа сөздер зікір бола алмайды. Сопылық жолдағы мүридтер (шәкірттер) Раббысын зікір ете жүріп, Жаратушысының сынақтарын бастан кешіріп, әр түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бірақ бұл қиындықтар екі дүниеде де өзіне жақсылық нығыметтері болып   оралады. Нәтижесінде адам Алаһу Тағаланың елеулі пәнделерінің қатарына қосылып, айрықша сипаттарға ие болып, Уәлилік (әулиелік) дәрежеге көтеріледі.

 

                                       130.  Тамырым сұлық, не дейін, бос елес,

                                                Досым бар, ол досқа ешкім дос емес.

 

Көңіл қошы болмай тамыр да селт етіп, сергектік білдіре алмаса - сөзде не мән болсын! Мұңдасар досым - жалғыз Жүрек. Бірақ оның қалауы Аллаһу Тағалаға жақындық табу. Жер бетінен серік те, сырлас та таба алар емес.

 

                                       131.  Бұл - КҮШ және БАУЫР  қанына түсінік бар, 

                                                Бірақ заман да қиын, уақыт та тар.

 

Бауырды қанға толтырған Күшті түсіндіріп беруге болар еді. Бірақ оған уақыт шығындап жатқанша, Сол Күштің өзіне жол ізде. Ол жолдың суфи тариқаты (сопылық жол)  екенін біл!

 

 

•132.  Деді: «Ашпын, асыңды жылдам жеткер,

Бұл уақыт қылыштай кесіп, бөлшектер.»

 

Уақыты жеткенде Рухани аштық өз қалауын талап ете бастайды. Бұл өте жауапты кезең. Бұл сәтте пәнде дұрыс жолды тап басып таба алса жақсы, болмаса  адасқандардың қатарына қосылары анық. Межелі бағытты ұстай алмаған оны Уақыт өткір қылыштай кескілеп тастауы мүмкін.

 

•133.         Уа досым: - «Сопы уақыттан туған» - дейді,

«Ертең» - деу тариқат шартына келмейді.

 

Сопының алатын сабағы - Аллаһу Тағалаға жақындау сабағы. Оның алған демі қайталанбас уақыт сәтіне есептелінген. «Бүгінгіні» өтпей «Ертең» болу мүмкін емес. Тариқат шарты, сопылықтың барлық мақамын (рухани биіктеу дәрежесін) басып өту.

                                

                                      134.     Ер дейік, бүгін айтсаң сопы сені,

                                              Несие - жоқ етеді бар нәрсені.

 

Сопы, егер сен айтатыныңды бүгін айта алсаң, онда ерлегенің. Айтатыныңды бүгін айт! Ертеңге қалдырма! Ертеңге қалса несие болады. Ал, несие бар нәрсені жояды.

 

•135.  Дедім: «Сөздің негізіне бағында,

Достың сырын  құпия деп қабылда.»

Әулиелерге Аллаһу Тағала  кейбір сырларын ашатын еді, бірақ мұндай сырлар көпшілікке тиісті болмайтын. Сондықтан құпия күйінде қалатын. Олар Раббысының рұқсат еткенін ғана білдіретін.

 

136.  Шаттық сыйлап жүрегінің сезгені,

Айтпаған аят, хадистен өзгені.

 

Сопының өмірі - тіршіліктегі амалға айналған аят пен хадистердің көріністері. Тариқат - шариғаттың қызыметшісі. Шариғатты таза ұстау, шариғат талаптарын беріле отырып, аса үлкен ынта, ықыласпен орындау нәпсіні тәрбиелеудегі қару десек, сопылық жол сол қарудың пайдалану тәсілдерін үйретеді.

 

137.  Деді: «Қадырлім, ашық айт, осы кесім -

Түсірмей ізгілердің мәртебесін.»

 

Ей қадырлы бауырым, ізгілердің мәртебесі туралы жасырмай, ашық айт! Олар Аллаһу Тағалаға жақындық табуымызға себепші болады.

 

138.  Пердені ал, аш, қойған соң мені барғып,

Жейде ішінде қалмасын сана қалғып.

 

Рух ішіндегі сананы босат, пердесін алып таста, әлемді кезіп, рахаттансын, қанағат тауып тынышталсын. Болмаса жейде ішіндегі денемен бірге қалғып, ұйықтап қалуы мүмкін.

 

139.  Дедім: «Тура болу - ғайыптан аян,

Маған, шетке әрі ортаға баян.

 

Жүрегімнен пердені алса, - дейді Румий, онда ғайыптың көптеген сырлары маған аян болар еді, ақиқатқа, туралыққа қол жеткізер едім. Бірақ Жаратушымен екі арадағы пердені бұл дүниеде алуға болмайды. Перде алынса Мұса (ғ.с.) қиссасындағы уақиғада Тұр тауының күл-талқаны шыққаны сияқты нәубетке душар болар едік. Бұл туралы маған, шетте, ортада тұрғандарға, яғни  зікір етіп, Аллаһты (Т) еске алушыларға Құран Шәрифте баян етілген.

 

140.  Өтініш етсең, мөлшермен бер ұғым,

        Теңгерме тауға сабанның сынығын.

 

Дұға жаса, өтініш ет, сұра! Өзіңе лайық нәрсенің мөлшерін біл. Ашкөздікпен қолдағы бардың қадыріне жетпей, қанағатсыздық ету нәпсі тәрбие көрмеген әдепсізге тән.

 

141.  Күн орнында тұрса жетер шуағы,

     Жақындаса сәл ғана өрт туады.

 

Аллаһу Тағала кімге болса да оған лайық орын дайындап, көтеретін жүгін белгілеген. Жаратқанның бергеніне қанағат етпей, орынын дұрыс пайдалана алмай, Аллаһу Тағала  қош көрмеген бағытқа ауытқу, Жер өз орбитасынан сәл де болса Күнге қарай ауғанда түгел өртеніп кететіні сияқты, ауыр қасыреттердің тууына себепкер болады.

 

142.  Тентек бұзақы атқа болма еге,

                   Шамс әд-Динді түсінбей бос сөйлеме.

 

Шамс әд-Диннің айтқандарына келіспеу, әһлу әс-сүннә уәл-жамағат пікіріндегі тасаууфты (сопылықты) мойындамаған болып шығады. Мұндай адасушылық ежелден-ақ мұсылмандар арасында түрлі жанжалдардың тууына себепкер болып, қан төгіске дейін барған. Бүгінде Ислам беделін түсіріп, мұсылмандардың ауызбірлігіне орасан зор нұқсан келтіріп отырғандар осы адасушылар.

 

143.  Соңы жоқ қой, бұл сүхбатты тастайық,

Хикаятты басынан қайта бастайық.

 

Шамс әд-Диннің түпсіз сырға, терең құпияға толы сөздерін осымен аяқтап, әңгімеміздің негізгі арқауы - кәнизектің хикаясына қайта оралайық.

 

Уалидың патшадан рұқсат сұрап, кәнизекпен оңаша қалуы.

 

144.    Деді: «Уа шаҺ, бізді оңаша таста,

           Қалмасын ешкім асылыңнан басқа.

 

145.    Сөйлесейін кәнизекпен қалғансын,

           Ауыз үйден ешкім құлақ салмасын!»

 

146.    Қызыметкерлерден тазарды үй маңы, 

           Емші мен кәнизектен басқа қалмады.

 

147.    «Қай қаладан келдің? - деп жәй сұрады,

           - Әр түрлі болады, әр қаланың тұрағы.

 

Әр қала орналасқан аймағының сыртқы табиғи ерекшеліктеріне қарай адамдарға әр түрлі әсер етеді. Мүмкін, кәнизек бөтен қалаға келген соң, жерсіне алмай сырқаттанған шығар.

 

148.    Ол шаһарда бар ма бір туғандарың?

                                                  Қалды ма әлде, қосылған дос-жарың?»

 

Бәлки, бұл кәнизек бір туған бауырларын қатты сағынған шығар, немесе жүрегі құлай берілген сүйгені қалған болар.

 

149.    Бір-бірлеп басып кәнизек тамырын,

          «Себебін айт», - деп сұрады ақырын.

 

Иләһи хакім кәнизекпен сөйлесе отырып, әңгіме барысына қарай тамыр соғысындағы өзгерісті бақылай бастады.

Руми келесі бірнеше мәснәуиде рухи кеселді табанға кірген тікенге теңейді.

 

150.    Табанға тікен кіріп, қадалғанда,

           Аяғын көтермей ала алған ба?

 

151.    Орынды таппақ үшін тікен кірген,

          Иненің ұшымен іздеп білген.

 

152.    Табандағы тікенге де керек ем,

           Ал егер жүрекке кірсе қайтер ең?

         

                                       153.  Әр есек, жүрек жайын жүрсе біліп,

           Еш адам қайғы көрмес, жүрер күліп.

           

            Жүректегі дерт - рухани дерт. Ол дерт әр кімге сезіле бермейді. Парасат көзімен қарай алатын, пәкиза, Алаһу Тағаланың сүйген құлдары ғана рухани кеселді көре алады.

                                       

                                       154.  Біреу құйрығына қадаса тікен,

           Есек қайтып шығарар, амалы кем.

 

                                     155.  Қозғалса батады тікен қаттырақ,

                                              Тастамаса ақылды адам ап бірақ.

                                                                                                                                              

                                     156.  Ұрынды ол, оған тікен көне ме?

                                            Қайта жарақат көбейді денеде.

 

Есек тікеннің зардабынан құтылмақ болып, шапқылап әр нәрсеге ұрынды. Бірақ денесін жарақаттағаннан басқа «пайда» таппады. Яғни кәнизектің рухи кеселін таба алмаған надандар дерт үстіне дерт жамады.

 

157.  Білікті адам еді Хакім тым-ақ,

         Дерттің сырын іздеді қолмен сылап.

 

•158. Деді кәнизекке: «Болған дастан,

         Достарың бар ма еді көңіл қосқан?»

 

                           159.  Осылай сөзге тартты оны жәйлап,

         Кәнизек сыр ақтарып кетті сайрап,

 

•160.  Хәкім де әңгімеге қойды құлақ,

         Тамырды бақылайды беріп сұрақ.

 

                                                161.  Егер тамыр бүлк етсе бір есімге,

         Қалауы сол, ұмытпай жүрді есінде.

 

•162. Біртіндеп сұрастырып алды дерек

        Басқа да шаһарлардан болған керек.

 

163.  Деді, кәнизектен сұрап бәрін,

        «Қай қалада көбірек тұрақтадың?»

           

                                                 164.  Сұралсада шаһардың кезкелгені,

          Не реңі, не тамыры өзгермеді.

 

 165.  Шаһардың басшыларын алды еске:

         «Кімдермен дәмдес болдың, қай кеште?»

 

 166.  Қонған үйін сұрап көрді сөз беріп,

          Тамыр бірақ селт етпеді өзгеріп.

 

  167.  Самарқандты еске алмай тұрғанда

           Қала берді батқан күйі ол мұңға.

 

                                                   168.  Самарқандтық зергерді еткенде сөз,

                                                Жүзі жайнап тамырлары соқты тез.

 

                                        169.  Разы болып Хәкім терең үңілді -

                                                Пәле болған дерт негізі білінді.

 

                                        170.  Деді: «Қай аудан, қай көше, бер ақпар?»

                                                Айтты: «Аудан - Сарипул, көше - Фәтфар 

                                                                                                               

                                      171.  Деді: «Міне аяқталды азабың,

                                                Сихырменен бар дертіңді жазамын.

 

 

Сихр сөзі адамға күшті әсер етеді, кәнизекті өзіне сендіре түсу үшін емші әдейі осылай деді.

 

172.  Қуанғын, нұр шашып, кетсін қайғы,

           Нөсерге шым да бөгет бола алмайды.

 

Нұр шашқан қуаныш қана қайғыны быт-шыт етер. Арық жағасын бекіткен шымды нөсер жаңбыр да дәл осылай шайып кетер еді.

 

•173.    Уайымдама, құтқарамын қападан

                                                          Мейрімділік салтым бар жүз атадан.

 

•174.         Бұл құпия сырды еске алмағын,

                                                            Шаһқа да, басқаға да тіс жармағын.

 

•175.     Сырлардың мазары болсын көңіл,

                                                                       Мұратқа қол жеткізу болар жеңіл.

 

«Қулубул ахрори, қубурул асрори» (Ізгілердің жүрегі - сырлардың қабыры.), - деген қанатты сөз бар.

 

•176.  Сырыңды сақта, - деген Расулуллаһ,

                                                                      Мұратыңа жетерсің сонда тез-ақ.

 

Бұл мәснәуи Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) төмендегі мына хадисіне ишара жасап отыр: «Өз тілектеріңді құпия ұстаңдар, шындығында, әр қандай нығымет жомарттығына күншілдік бар.»

 

                                                           177.   Дәнді жерге жасырғанда топырақ,

                                                                     Оның сыры: Жасыл желең, бау мен бақ.

 

Дән жер астына түсіп, өніп шықпаса жасыл-желеңге айналмас еді. Гүлдің ұрығы да жер астына түсіп, жасырынғаннан кейін ғана, жұпар шашқан, неше түсті көз қуантар түрге енген ғажайып гүлзарға айналады. Өйткені ол ұрықтарда сақталған гүлдің қасиеттері мен тағдыры жерге жасырыну арқылы сырларын ашады.

 

•178.      Алтын, күміс жер астында жатпаса,

                                                                      Қосылмас еді затқа олар құнды аса.

 

Бұл мәснәуде жоғарыда айтылған мағына қайталанады. Сондай-ақ «Жер астындағы барлық жаратылыс жұлдыздардың ықпалында», - деген ежелгі пікірге де ишара жасайды. 

 

 

•179.      Хәкім берген уәде мейрімменен,

                                                                      Жұбатып көңілінде қалды терең.

 

•180.      Бір уәде бар әкелер ділге шуақ,

                                                                      Бір уәде бар соңынан өкініш туад.

 

•181.      Асылдар уәде етсе рухың өсер,

                                                                      Басқалар уәде етсе келер кесел.

                                                                                                                                                                    

Қасиетті, асыл пәнделердің уәде сөзі жанға шипа, бойға қуат, енді біреулер бос уәде беріп, текке үміттендіріп, жүрегіңді ауыртады.

 

Емшінің кәнизек дертін нақты анықтап

және оны шаһқа  білдіруі

 

•182.      Хакім осы мәліметтерді алды да,

                                                          Білдірмекке жөнелді шаһ алдына.

 

•183.      Деді Хәкім: табылды дерт дерегі,

                                                          Жігітті алдырғайсың ең керегі.

 

184.   Тапқайсың ол зергерді жүрсе қайда,

                                                          Алтын бер, шапан да жап, жасап айла.

 

Иләһи хакім шаһқа келіп, кәнизек дертінің себебі Самарқанд қаласындағы зергер жігітке деген ыстық көңілдің зардабы екенін хабарлап, оны қалайда жеткізу керек екенін түсіндірді. Ол зергерді тауып, әр түрлі айла жасап, дүниеге қызықтырып, әйтеуір алып келу керек, - деді.

 

Шаһтың Самарқанд қаласына елші  жіберіп, зергерді алдыруы

 

                                                 185.  Шаһ ол жаққа екі елші жіберді,

                                                          Олар әділ, сенімді әрі ірі еді.

 

•186.    Екі елші Самарқандқа жетті шауып, 

                                                          Зергерді сұрастырып алды тауып.

 

•187.    «Уа құрметті ұста, кәміл мағрифат,

                                                          Біздің Шаһқа жетті сендегі сипат.

 

                                                188.   Патшамыз шақырады біздің елге,

                                                          Басшы бол, үйретуші зергерлерге.

 

•189.      Әкелдік шапан, алтын атағыңа,

                                                         Боларсың барсаң бектер қатарында.»

•190.      Маталды да сый-құрметке жас жаны,

                                                         Туған қала, перзенттерін тастады.

 

•191.      Қуанып жолға шықты жігіт мығым,

                                                         Сезбестен патшаның қастандығын.

 

                                               192.  Ат мініп, тазы ертіп, озды алға,

                                                        Шапаны белгі еді қанды жолға.

 

Зергер тазы ертіп, сәйгүлік мініп, құйғытып шаба жөнелді. Бірақ үстіндегі қызыл түсті шапаны қанды уақиғаларға бастаушы еді.

 

•193.      «Ей жолаушы жүз есе разы болып,

                                                          Қазаңа ерте бар да өзің жолық!»                                                                                                                                                         

                                                                                                                                                                    

Жолға шыққан зергерге Тағдыры айтады: «Ей жолаушы, жүз есе разы бол да, өз аяғыңмен барып қазаңды қарсы ал!»

 

•194.      Ойда байлық, дүние, арманы сән,

                                                          Дейді Әзрәил: «Дайындал, иә Жан..!»

                                                                                                                                                    

                                                195.  Зергер жігіт межеге келді жетіп,

                                                         Емші оны шаһ алдына барды ертіп.

 

                                               196.  Патшаға алып келді ізетпенен,

                                                        Дораздың өртеп кетер шуағы ерен.

 

Зергерді құрмет-ізетпен Дораз есімді патшаның алдына алып келді. Патшадан, алдына келген адамға күшті әсер ететін аса қуатты шұғыла тарап тұрды. Күл етіп жіберетін жалынның қасында тұрғанын жігіт аңғармады.

 

                                              197.  Патша оны қарсы алды құлдық ұрып,

                                                       Қазына, алтындарын құрбан қылып.

 

                                             198.  Деді хакім: «Уа шаһ, сөзімді құптағын,

                                                      Кәнизекті мына қожаға жұптағын.

 

                                             199.  Кәнизек мұны көріп көңілденсін,

                                                      Көңілдің өртке оранған оты сөнсін.

 

Иләһи хаким патшаға, - «Кәнизек бұл зергердің жүзін көрген соң қуанышқа бөленіп, жанын өртеген оттан құтылады, бойына күш бітіп, сауыға бастайды,» - деді.

 

•200.      Берді патша кәнизекті айжүзді,

                                                      Қосты екеуін, орындалды іс ізгі.

 

•201.      Алты ай бірге тұрған өтті жәйлап,

                                                      Сұлу қыз сауықты да кетті жайнап.

 

                                            202.  Жасалды шәрбат, жігіт үшін арнайы,

                                                     Ішіп еді, төмендеді хәл-жайы.

 

                                           203.  Ұшынып, түрі өзгерді, кетті көрік,             

                                                    Сұлудың жаны өртенді мұны көріп.

                                         204.  Сарғайып, кетті өзгеріп қызғанғаны.

                                                  Қыз жаны суй-суй мұзға айналды.

 

Ішкен шәрбеттің әсерінен жігіттің кескіні өзгеріп, түр сипаты сиықсыз бейнеге айналды. Жігіттің көркіне ғашық болған кәнизектің жүрегі шошып, оған деген ыстық ықыласы суй-суй мұз болды.

 

•205.      Дертке айналса ғашықтығы пәнденің,

                                                      Ол махабат - әсері ғой әр ненің.

 

Хазреті Жәләл ад-Дин Руми өзінің барлық шығармаларындағы махаббат туралы                                                                                                                                                   

баяндауларында Аллаһ Тағалаға деген ыстық пейіл, ықыластың баламасы ретінде тек ғашықтық, сүйіспеншілік деген сөзді қолданады. Әрине, пәнде Аллаһу Тағаладан қорқады, Одан үміттенеді, бірақ Раббысын құлай сүйген адамды кездестіре аламыз ба? Яғни Румийдың ғашықтары Аллаһу Тағаланың құпия сырларына ғашық жандар. Олар ділі пәк, жүрегі таза пәнделер. Олардың дерті ағзалық емес. Егер адам ғашықтықтан сарғайып, дертке шалдықса, онда ол денелік ләззаттың құмарлығы болып көрінетін, әр нәрсенің әсері ғана.

 

                                            206.  Тіршілікте жіберілген қателер ,

                                                     Ауру-сырқау, машақатпен өтелер.

 

Пәнденің пәндешілігі болмай қоймайды, алайда Аллаһу Тағала өз құлдарын сүйеді. Сондықтан тіршілікте жіберген қателіктерінің өтеуі ретінде түрлі қиындықтар, машақаттар немесе ауру-сырқау жіберіп қоюы мүмкін. Бұл - Рахманның жәннаттық болған пәнделеріне жасаған үлкен қамқорлығы, әрі сенімді құлдарына берген сынағы. Раббысынен келген жақсылық нығыметтеріне шүкіршілік етіп, жіберген қиындықтарына «Бұл бір сынақ кезеңі» деп сабыр ету, мұсылмандарға тән қасиет.

 

              .                            207.  Қанды жас көл болды ғой көзден аққан,

                                                      Сұлулық қор етті ғой болмай мақтан.

 

Зергердің тартымды тұлғасы мен сұлу дидары өзіне жау болып шықты. Қазіргі сиықсыз күйін көргенде көзінен қанды жас сорғалады.

 

                                            208.  Азғыру - дұшпан, рухыңды кірлеткен,

                                                      Патшалар да құтыла алмай мүлт кеткен.

 

Дүниеден талай өктем патшалар өткен, бірақ олар да азғырудан құтыла алмай қателіктер жіберсе керек. Адам рухы азғыру тұзағына іліксе табиғи қуатынан, дербестігінен айырылады екен.

 

                                            209.  Деді: «Аң едім, аңшылар қуып жетті,

                                                     Жетті де пәқ қанымды судай төкті.

 

                     210.  Түлкіні де жапанда салған сайран,

                                                      Терісі түсіретін ауға жайған.

 

          211.  Піл едім сүйегімді алып сатты,

                                                      Сондықтан пәк қаным судай ақты.

 

•212.   Дүние үшін өлтіргенмен қинап жанды,

                                                      Білмейді - қаным қалар, өшпес мәңгі.

 

Мұндағы қан - жанның баламасы. Кісі қастандықтан қазаға тап болғанмен, уақыты (Қиямет) жеткенде Аллау Тағала жәбірлеушінің сауаптарының есебінен оны жарылқайды.

        213.  Бүгін - мені, ертең - оны күтіп тұр-ау,

                                                      Қан босқа төгілмес, бар ғой сұрау.

 

                                            214.   Көлеңкенің ұзарғанына қуанба,

                                                      Көп ұзамай қайта қайтар дуалға.

 

Биік дуалдың көлеңкесі де жайылған, кең болады. Бірақ белгілі бір уақыттан кейін дуалға қарай қайтады. Дуал көлеңкені жайып жіберіп қайта жинап алатын сияқты. Бұл мысал, барлық нәрсенің  қайтымы, сұрауы, жауапкершілігі бар дегенді білдіреді. Яғни жақсылық та, жамандық та өз нәтижесін көрсетеді. Бұл - Иләһи  таразы, Иләһи әділдік. Сүбхәнә уә Аллаһу Тағаланың даналық сипаты.

 

•215.      Бұл дүние - тау, әрекет - жаңғырық,

                                                      Жаңғырықтан шыққан үнді ал ұғып.

 

Дыбыстың жаңғырығып, таудан кері қайтқаны сияқты, бұл дүниеде де әрекеттеріміздің нәтижелері үн қатып жатады. Ол үнді ұға алсақ, амалдарымыздың, іс-әректтеріміздің қаншалықты тура екенін білер едік, Аллаһу Тағала разы болатын іс-әрекеттерді көбейтер едік.

Және Жәләл ад-Диннің екінші дәптерінде осы мағыналас мәснәуиді оқимыз.

 

Бұл дүние - тау. Сөйлеген әр бір сөзің,

Саған қайтар, тыңдайсың сен өзің.

 

•216.      Деді дағы дем тынды, жігіт ұтылды,

                                                      Кәнизек те барлығынан құтылды.

 

Махаббат ләззаты зардапқа айналған, қиналған кезең де бітіп, зергер мәңгіліктің табалдырығынан аттады. Сүйішпеншіліктің әрқандай машақатын тартқан кәнизек барлығынан құтылды.

 

•217.      Мәйт енді ғашықтығын айта алмас,

                                                      Мүрде болған кейін қарай қайта алмас.

 

Адамның бір-біріне сүйіспеншілігі мәңгі емес, көп болса өмірінің соңына дейін. Ал ақиқатқа ғашық болғанның махаббаты, Жәннат нұры болып мәңгі қалады.

 

218.  Махаббат тірі, рухта сезілетін,

                                                     Ол гүл хауызы емес, езілетін.

 

Ақиқи махаббат тірі әрі мәңгі, ол гүл хауызы сияқты езіліп, жойылып кетпейді. Дүниеден өткен кемел, жетілген пәнделердің (әулиелердің) Аллау Тағалаға деген махаббаты адамдардың жанына нұр құйып, тәніне қуат беріп, Аллаһ (Т) мен пәнде арасын жақындастыратын байланысшы қызыметін атқарады. Аллау Тағаланы сүйген пайғамбарлар мен уәлилердің қалдырған сүхбаттарын, кітаптарын тауып оқудың, білетіндерден тыңдаудың және қабырларды зиярат етудің түпкі негізі осында.

 

                                            219.  Бұл махаббат -  мәңгі өмірдің бұлағы,

                                                     Жомарт жанды сусындатып тұрады.

 

Әулиелердің махаббаты - мәңгі өмірдің бұлағы, нәрі. Раббысына құлай берілген жомарт жанды қуаттандырып, сарқылмас НҰР сипатынан шәрбат ұсынып тұрады.

 

                                           220.  «Шаһты табатын жол қайсы?» - демегін,

                                                     Жомарттарға дайындаған керегін.

 

Аллаһу Тағалаға жақын болу үшін шаһқа қарай жол тартудың керегі жоқ. Жаратқан Ие сүйген құлдарына жүретін жолдарын, ұстайтын бағытын Құран Кәрімде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде көрсетіп қойған. Раббы жақындықты Өзі қалайды, пәнденің бұл қалауды іске асыруда өзінің ықыласын, ниетін, іс-әрекеттерін себепкер  ететінін білгені абзал.                                                                                                                                                            

 

Зергердің илләһи ұйғарыммен уланғаны жайында

 

•221.    Хәкімнің зергерді өлтіргені,

               Үміттен, не қорқудан емес еді.

 

            222.  Патшаның айтқанымен өлтірмеді,

               Аллаһтың әмірімен келтіргені.

 

 Иләһи хәкім бұл істі шаһқа жағыну үшін істемеген еді. Аллаһ Тағаладан хабар келген соң ғана бұл әрекетті қолға алды.

 

                             223.  Ол баланы Хызыр өлтіріп тастаған,

                            Мұның сырын түсіне ме басқа адам.

 

Хызыр ғәләйһис сәлемның бір жазықсыз баланы өлтіріп тастағаны туралы уақиға Құран Кәрімде, «КЕҺФ» сүресінде айтылады. Енді аяттардың қазақ тіліндегі мағынасын еске түсіріп көрейік. (Кітапта Хызырдың (ғ.с.) есімі аталмайды, бірақ ғұламалар бұл уақиғадағы Мұсаға (ғ.с.) басшылық еткен Хызыр (ғ.с.) және оның шын есімі Булия бин Малкән деген түсінік береді. Халифа Алтай, Құранның сөздік мағынасы және тәфсирі.)

- Саған үйретілген даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерейін бе? - деді.

- Расында сен менімен бірге болуға шыдай алмайсың, - деді (67). Ішкі сырын білмейтін нәрсеге қалай сабыр ете аласың? (68).

(Мұса  ғ.с.)

- Аллаһ қаласа, мені сабырлы табарсың. Сондай-ақ саған ешбір істе қарсы келмеймін, - деді. (69).

(Хызыр ғ.с.):

- Ал маған ілессең, саған айтпайынша, менен ешнәрсе сұрама, - деді (70). Сүйтті де жолға шықты да, кемеге түсіп, кемені тесе бастады. (Мұса ғ.с.):

- Кемедегілерді суға батыру үшін тестің бе? Рас орынсыз істедің, - деді (71). ( Ол кісі):

- Мен саған  менімен бірге әсте сабыр ете алмайсың демедім бе? - деді (72). (Мұса ғ.с.);

- Ұмытқан нәрсемді есепке алма. Маған ісімде қолайсыздық тудырма, - деді (73). Екеуі тағы жолға шықты. Бір ұл бала кездесіп еді, (Хызыр ғ.с.) оны өлтірді. (Мұса ғ.с.):

- Кісі өлтірмеген жазықсыз біреуді өлтірдің бе? - деді. Рас жаман іс істедің, - деді (74).

- Сен менімен бірге жүруге шыдай алмайсың демедім бе? - деді (75).

- Егер мұнан кейін бір нәрсе сұрасам, тіпті мені жолдас қылма. Рас менен саған сылтау табылды - деді (76).

Сонда екеуі тағы жүріп, бір кент халқына барып, тұрғындарынан тамақ сұрады. Олар екеуін қонақ қылудан бас тартты. Сонда да екеу сол жерде құлағалы тұрған тамды жөндеді. ( Мұса ғ.с.):

- Егер қаласаң бұған жалақы алар едік, - деді (77).

- Міне осы, мені мен сен екеуіміздің арамыздың айырылуы. Ал енді саған сабыр ете алмаған нәрселеріңнің сырын айтайын, -деді. (78). Кеме теңізде кәсіп істеген кембағалдардікі еді. Оны ақаулы еткім келді. Өйткені ар жақтарында (мықты) кемені тартып алатын патша бар еді (79). Ал, баланың мүъмин әке-шешесі бар еді. Оның әке-шешесін бас тарттыруға, қарсылыққа зорлауынан қорықтық (80)

Раббысі оның орнына өздеріне одан таза, тағы мархаметті бір бала беруін қаладық (81). Ал енді там: бұл қаладағы екі жетім баланікі болып, оның астында екеуіне тән қазына бар еді. Сондай-ақ әке шешелері түзу кісі болғандықтан Раббың, ол екеуі ер жетіп, қазыналарын шығарып алуларын қалады. Бұл Раббыңнан бір мархамет еді. Сондай-ақ мұны өздігімнен істемедім. Міне осы сенің сабыр ете алмаған істерің (82) 

Міне осы уақиғадан Аллаһу Тағаланың сүйікті құлы Мұсаның (ғ.с.) өзі, хаз. Хызырдың (ғ.с.) Раббысінен алып жатқан әмірінің түпкі сырын түсінбегенін көреміз. Егер пайғамбар өзіне берілмегені үшін Аллаһтің (Т) сырларына түсінбей жатса, біз сияқты көзіне көрінгеннен басқаны мойындай бермейтін пәнделер, Иләһи хәкімнің зергерді неге өлтірген сырын түсіне аламыз ба? Аллаһу Тағала Өзінің иман келтірген пәнделерін Жәннаттық  болуының түрліше жолдарын қарастырып қойған. Бұл тақырыпқа мысалдар өте көп. Пайғамбарымыздың ең сенімді достары Омар, Оспан, Әли хазыреттердің (Аллаһ оларға разы болсын) кісі қолынан қаза болуының өзі түпсіз сыр емес пе?

 

•224.    Кімге Хақтан келсе уахи мен жауап,

         Әмірін орындаған алар сауап.

 

Хақтың құзырынан өз сұрақтарына жауап ала алатын, көкірек көзі ашық, парасат иесінің қандай да болмасын әмірін, нұсқауларын орындау сауапты іс.

 

225.  Кім жан ұсынса, дайын тұр ғой алушы,

   Ол - Раббыге дос және орындаушы.

 

Дұға жасай отырып, пәндеге жан беруге себепші болған әулие, жанды алуға да себепші бола алады. Ол - Жаратушының орындаушысы әрі Уәлиі (досы) болғандықтан не істесе де Аллаһу Тағаланың қалауымен істейді.

•226.  Исмаил да пышаққа тіккен басты,

         Жан пидасы көрсетер ықыласты.

 

Исмаил (ғ.с.) пышаққа қалай басын тіккені туралы баяндайтын мына әңгімеге назар аударайық: Ибраһим (ғ.с.) әйелі Һажар мен ұлы Исмаилдың жағдайларын білуге келгенде, түсінде Аллаһу Тағала Исмаилды (ғ.с.) құрбан етуді бұйырды. Ибраһим (ғ.с.) Раббысына бой ұсынып, қартайған шағында көрген перзентін Аллаһ (Т) жолына құрбан етуге шешім қабылдады. Ибраһим (ғ.с.) көрген түсін және өз шешімін ұлы Исмаилға (ғ.с.) айтады. Жүрегі иман нұрына бөленген Исмаил (ғ.с.) әкесіне:

- Уа әке! Аллаһ (Т) сізге бұйырса орындаңыз. Мен сабырлыдан болармын, - деді.

Әке бала елді мекеннен аулаққа шықты. Исмаилдың жүзін көрмеу үшін хаз. Ибраһим оны төмен қаратып жатқызып, пышақпен тартты. Бірақ Иләһи әмірге бой ұсынған пышақ хаз. Исмаилдың мойнын кеспеді. Бұл жағдай бірнеше үш рет қайталанды. Ибраһим (ғ.с.) Аллаһу Тағаланың әмірін орындай алмайтын болдым деп қатты қиналды. Осы кезде Жаратушыдан хабар келді:

- Ей Ибраһим, перзентіңді союды доғар! Сен сынақтан өттің. Раббыңнің әмірін орындауда қаншалықты ықыласты екендігің әрі берілгендігің сыналды. Сен сауап алушылардан болдың. Перзентіңнің орнына мына бір қошқарды құрбан қыл, - деді. (Қиссасул Әннбия кітабінен). Бұл әңгіме құрбандық берудің тарихын айта келіп, Аллаһу Тағалаға шын ықылас қойып, берілудің қаншалықты маңызды екенін баян етеді. Аллаһтың (Т) Кітабі - Құран Кәрімдегі «Ибраһим» сүресінде бұл уақиға ашық түрде берілген.

 

                                           227.  Сенің жаның мәңгілікке болсын шат,

    Қуантқандай АХМЕТТІ «Иә-ә АХАД».

 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пәк рухында АХАДИЯТ-ты (Бір Аллаһты) сезіну қуанышы пайда болғандай, уә пәнде, сенің жаның да мәңгілк әлемінде шаттыққа бөленсін!

 

                                            228.  Ғашық жандар мақұлдаумен үзсе жан,

                                                     Арманына жеткені ғой аңсаған.

 

Раббысына берілген ғашықтардың арманы Оның жүзін көру. Аллаһу Тағаланың разылығы үшін пәнде құрбан болса, онда тілегінің қабылданғаны.                                          

 

                                           229.  Жазғырсаң да күдіктеніп көп мейлі,

 Ләззат үшін патша қанды төкпейді.

 

                                           230.  Ақ нәрсені қара ету қиын ба?

                                                    Күдіктеніп жамандыққа бұйырма.

 

                                           231.  Бұл тыйылу - машақат, жәбір ғой бір,

                                                    Алтынды қоқыстардан айыра біл.

 

Нәпсіні тәрбиелеп, мұсылман ету оңай шаруа емес. Пәнде әр түрлі машақатты бастан кешіріп, жәбір-жапаның дәмін тартып жатады. Қиындықтың қандайы болса да мойымай, сабырмен күтіп алып, табандылықпен шығарып сала алатын пәнде ғана қасиеттілер қатарында болмақ.

Алтынды кеннен бөліп алған сияқты, қасиетті адамдарды да көпшіліктен ажырата білгеніміз жөн.

 

                                            232.  Алтынды қорытқанда қалмасын кір,

                                                     Айырып құнды-құнсыз екенін біл.

 

Алтынды қоспалардан бөліп алу білімділікті қажет ететіні сияқты, жақсы мен жаманды айыра білу де парасатты қажет етеді.

 

                                           233.  Патшаға бұл Илһам Аллаһтан келді,

                                                    Бұрын ол патша емес жыртқыш еді.

 

Патшаның басынан өтіп жатқанның бәрі де Аллаһу Тағаладан келген Илһам (түсінік, білім, шабыт) болатын.

 

                                        

                                            234.  Пәк еді ермейтұғын нәпсіге құр,

                                                     Жақсылық  жамандыққа айналып тұр.

 

                                            235.  Хызыр кемені тесіп тастаған еді,

                                                     Ол дұрыс істеді - түсінбес көбі.

 

                                           236.  Мұсада бар еді өнер мен нұр,

                                                    Тимеді бұл жерде көмегі бір.

 

Ұлық кісілердің кей істерін жалпы көпшілік түсіне бермейді. Сондықтан болар Аллаһқа (Т) жақын пәнделер әр түрлі қарсылықтарға кезігіп, әжуә-мазақтарға дүшар болған. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жәбірлеп, неше түрлі мазақ өлеңдермен келеке еткені, тіпті өлтірмекші болғанын да тарихтан білеміз. Мұса (ғ.с.) Аллаһқа (Т) жақын пәнделерден бола тұра, Хызырдың (ғ.с.) сырларына жете алмады.

 

   237.  Ол - қызыл гүл, сен демегін оны қан,

           Мәжүнін емес, ақылға масайған жан.

 

Зергердің төгілен қаны мағына жағынан «қызыл гүл» еді. Шаһтың кемелденген ақыл қуаты сырт көзге басқаша көрсетілуі мүмкін. Бірақ ол ақылынан алжасқан жан емес.                                                                                                                                   

                                                                                                 

                                                                                                                                               

238.  Қанын төксем мұсылманның қандайда,

Күпірлекке мені алып бармай ма?

 

 239. Мақтауларға тітіркенер Ғаршы да,

                                                     Бірақ оған күдіктенбе сен сірә.

 

Мадақ, кімге айтылып жатқанына байланысты Ғаршыны тітіркендіріп жіберуі мүмкін. Егер мадақ Жаратушының өзіне ғана айтылып жатқан болса онда күдіктенбе, Раббыңның рахымына бөленесің.

 

                                            240.  Шаһ еді көп нәрседен хабары бар,

                                                     Дос еді, Аллаһ оны досқа санар.

 

        241. Егер патша өлтірсе мән бар мұнда,

                                                    Өле білу мәртебе шындығында.

 

Аллаһу Тағаланың сүйікті болған пәнделерінің құрбандығы болу, Жаратқан Ие разы болатын үлкен мәртебе. Сені бұл мәртебе мақтаулы орынға, биік мақамға жеткізеді. Бұл жайында елін, жерін, дінін қорғап, артына өшпес данқ қалдырған  ержүрек, батыр бабаларымыз жайында айтылыр әңгімелер аз емес.

 

                                           242.  Патшаның бұл ісінде болмаса мән,

                                                    Қастыққа қалай барад, сезімтал жан.

 

243. Бөтен адам алмайды ғой түсіне,

                                                    Емші ғана қуанады ісіне.

 

Ғайып ісіне түсінбеген адам, көрген азаптарына шыдас бермей, қатты азап тартады. Көкірек көзі ашық парасатты пәнде, мұндай жағдайлардың түпкі себептерін дұрыс түсініп, сабырлық етеді. Сабырлық етушінің ділінде қайғы-қасыретке орын қалмайды.

 

244. Жарты жаныңды алып жүз жан берер,

                                                     Пәнделер бастан кешіріп, көзбен көрер.

 

Бұл маснәуи Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисіне ишара жасайды: «Аллаһу Тағала айтады: Өзімнің дос көрген ізгі пәнделеріме сондай жақсылықтар әзірледім, оны көзімен көріп, құлағымен естіп әрі оны басынан кешіреді.»

 

•245.    ­Өзіңді жақсыға тең көрдің. Бірақ -

                                                     Одан қашықсың, тұрсың ғой жырақ.

 

Сен Аллаһу Тағаланың қалауын, Уәлилердің амалдарын өзіңнің іс әрекеттеріңмен теңестіргің келеді. Шындығында мұндай теңесуден тым қашықсың. Дүние былығына белшесінен батқан адам, Хаққа жеткен жомарт пәнделердің сыр-сипатын қалай айыра алсын.

 

 

ҰСАҚ  САУДАГЕР  ЖӘНЕ  ОНЫҢ  ТОТЫСЫ

ЖАЙЫНДАҒЫ  ӘҢГІМЕ.

 

Бір ұсақ  саудагердің көркем әрі сүйкімді тотысы бар еді. Ол адамдармен сөйлесіп, әңгіме айтып, оларды мәз ететін. Саудагер бір жаққа кетсе дүкенді тотының иелігіне тастайтын. Бір күні дүкенде жалғыз қалған тоты, дүкен ішінде ұшып жүріп гүл майы құйылған шөлмекті қағып кетті. Шөлмек еденге түсіп сынды да еден майға көлкіді. Қайтып келген сатушы мұны көріп, ашудан өзін-өзі ұстай алмай бір табақшамен тотының басынан салып қалды. Тотының төбе қауырсыны бұрқырап ұшты. Сорлаған тоты соққыдан бірнеше күн есеңгіріп, есін жия алмады. Бір күні дүкен жанынан, басы аршыған жұмыртқадай жалтырап, бір таз адам өтіп бара жатты. Сонда тоты тілге келіп әлігі кісіден: «Ей таз! Сенде май құйған ыдысты сындырып қойып па ең?» - деп сұрады. Тотының бұл сөзін естіген адамдар, оның тапқырлықпен келтірген теңеуіне күлді. Тотының төбесімен таздың төбесі ұқсас еді.

Ежелден-ақ адамдар жануарлар мен жәндіктерді нақыл етіп, мысал келтіреді.      Осы әңгіменің соңында мұндай нақыл келтірудің негізгі себебі, адам ақылының шектеулі екендігінен болатыны айтылады.

 

                                     246. Бар еді бір баққал, саудагер кісі,

                                             Болды көркем, жасыл түсті тотысы.                                           

 

                                      247. Дүкен жайын баяндауды ұнатар,

                                              Алушыға жұмсақ қана үн қатар.

 

                                     248. Адамдармен сөйлеседі кез келген,

                                             Тотылар  ″тілін″ - де жетік меңгерген.

 

                                    249. Ұшып тоты қақты, заттар құлады,

                                            Гүл майы құйған шөлмектер сынады.

 

                                    250. Дүкен иесі де қайтты үйінен,

                                           Отырды келіп көнілді күйімен.

 

                                    251. Көлкіген майды көрді, сабыры аз,

                                           Табақпен бастан ұрды, ол болды таз.

 

                                    252. Бірнеше күн бұл тоты қалды үннен,

                                            Өкінді баққал, соңынан есі кірген.

 

                                    253. Сақал, шашын жұлып, - ″Қап!″-деп өкінді,

                                            Күн нығыметін бұлт тосқан секілді.

 

       Баққал тотымен сөйлесіп, көңілденіп отырушы еді, енді күн шуағын бұлт басқандай көңілсіздік орнады.

 

                                    254. «Оны ұрғанша, қолым неге сынбады,

                                            Тілден қалған құсым болды - мұң, қайғы.»

                               

                                     255. Кедей - кепшік, дәруешке берді сый,

                                            Өзгерер деп тотыдағы мына күй.

                                      

                                                256. Үш күн,  үш түн сауығуын тіледі,

                                            Нәтиже жоқ, дүкенге өзі түнеді.                                                                                                                                                                   

                                          

                                    257. Көрсетті қызықтырып әр нәрсені,

                                            Сонда да үн қатпады тоты тегі.

 

                                   258.  Бір күні өтті дәруеш басы қасқа,

                                            Таз еді ұқсайтұғын жалтыр тасқа.

 

                                 

                                   259.  Көріп оны, кенет тоты, сергіп тым;

                                          «Ей пәленше...» - деп дәруешке қатты үн.

 

                                   260. «Таз екенсің басыңда шаштарың кем,

                                           Шишаны гүл май құйған сындырып па ең?»

 

                                   261. Күлді халық, естіп сөзді мына,

                                          Тазды, тоты өзіне ұқсатқанына.

 

       Мұндағы айтылмақ ой сол, бір - біріне ұқсамайтын себептердің нәтижелері де бірдей бола беруі мүмкін. Мысалы, садақаның түрлері көп, бірақ нәтиже бірдей, Аллаһ Тағаладан рахым әрі шапағат болып қайтады.

 

                                   262. Пәктерге теңмін деме, сен, пайымда,

                                         "Шер" менен "Шир" сөзінде көп айырма.

 

       Өзіңді Уәлилерге теңестірме! «Шер» (арыстан)  және «Шир» (сүт)  сөздері  «شـير»  бірдей жазылса да бір - біріне жанаспайтын мағынаға ие. Сондай-ақ әулие мен басқа адамдардың ішкі мағынасында үлкен айырма бар.

 

                                   263. Әлемде азғындық көп. Бар себебі -

                                          Адамдар  «ХАҚ  ӘБДӘЛ» -іне  аз сенеді.

 

      «Әбдәлдар»  туралы мына төмендегідей мәліметтер бар: Һижраның 1067 жылы шыққан  10-томдық  «Мәжмағу Зауаийт» атты кітаптың І-томындағы 112 бетінде Ахмет Хамбалдан жеткен мына хадис келтірілген, - Әншураийһ ибн Ғабит деген кісі айтыпты: "Хазіретті Әли Ирақта болған кезінде, ондағы көпшілік Шам елі туралы сөз қозғап, іреніштерін жасырмай:

- Уа мүъминдердің әміршісі, оларға лағнет айтсаң болар еді, - деп өтініш білдірді.

- Айтпаймын, - деп жауап берді хазіретті Әли, - Пайғамбарымыздың /с.ғ.с./ былай деп айтып тұрғанын естіген едім: - «Әбдәлдар Шамда болар, олар қырық кісі. Олардан бір кісі қайтыс болса, Аллаһу Тағала оның орнына басқа бір кісіні ауыстырады. Әбдәлдар арқылы жауын сұралады. Олар Шам еліне келген ауырпашылықты  қайтарады.»

 «Әбдәлун» - арапшадан қазақшаға аударғанда  «бір нәрсені ауыстырып қою» деген мағына береді. Яғни, Аллаһу Тағаланың жер бетінде жұмсау үшін періштелердің орнына ауыстырып қойған адамдары. Имам Табароний жеткізген бір хадисте Әбдуллаһ ибн Масһуд /Р.А/  руаят етеді. Пайғаибарымыз /с.ғ.с./ айтыпты:  «Егер  шөлде жүргенда біреулеріңнің көліктерің босанып кетіп ұстатпаса, - Ей Аллаһтың пәнделері, көлігімді ұстап беріндер! - де, өйткені жер бетінде әзір болып (дайын) тұратын пәнделер бар, солар ұстап береді.»

                             

                                     264. Нәбилерге өзін - өзі  теңгеріп,

                                             Әулиемін деп сезіміне берді ерік.

 

     Надан пәнде өзінен нәбилерге  ұқсастық  тауып, әулие атануға ыңғайланып жүреді. Ата тегіндегі бір артықшылықтарды айтып мақтанбайтын адамдарды кездестіру қиын шығар.

 

                      

                                    265. Надандықпен адам атын өшірер,

                                            Ей құрметті дос, сені қалай кешірер.

 

     Ұлық нәбилердің, құрметті уәлилердің қолдауымен ұсынылған Раббани заңдылықтарға қарсы әрекет еткен адам, қалай ғана Аллаһу Тағаланың жақсылықтарынан  үміт етеді? Надандықпен, айтқанға құлақ аспасаң, уә дос, саған жақсылық бола қояр ма екен?

 

                                     266. Ағызса аңның қанын болды мүбах,

                                             Аңлап қара, аң емес адам бірақ.

 

                                     267. Жұбайың, перзенттерің мүкін олар,

                                             Күнәланған, ақылсыз, дінсіз болар.

 

     Аңның  қандай түрі болса да, егер адам  өз қажеттілігі үшін ауласа мүбах, яғни арам емес. Ал адам, шариғат үкімдерімен жазаға лайық болмаса, дінсіз болса да оның қанын төгу арам.

 

                                     268. Ақыл қайда? Ақылы болса тегі,

                                            Хайуанды нақыл етіп алар ма еді.

 

      Ақылымыз  қайда, егер ол барлығымызда жеткілікті болса, хайуандарды мысал етіп нақыл айтпай-ақ, жақсылардан үйреніп, Аллаһу Тағалаға сүйікті болған пәнделердің амалдарын үлгі етіп, солардың ізімен жүруге әрекет етер едік.

 

 

ҺАРУТ  ЖӘНЕ  МАРУТ  АТТЫ  ЕКІ  ПЕРІШТЕНІҢ  АЛЛАҺУ  ТАҒАЛА

БҰЙРЫҒЫМЕН  ЖЕРГЕ  ТҮСУІ,  ӘРІ  ОЛАРДЫҢ

ПӘЛЕГЕ  КІРІПТАР  БОЛУЫ.

 

     АллаҺтың Кітабы - Құран  Кәрімдегі  "Бақара"  сүресі 102 аятта Һарут және Марут атты  «Мәлекут» әлемінде мекен еткен екі періште жайында айтылады. Бірде олар жер бетіне қарап тұрып, - "Егер біз адам болсақ, олардың істеген лас қылықтарын қайталамас едік," - деп өздерінің періштеліктеріне мақтанып, такаппарлық байқатты. Мұны естіген Аллаһ Тағала, бұл екеуін адам бейнесіне келтіріп, топырақтан дене, бойына нәфс беріп жерге түсірді. Екеуі жер бетіне түскен соң адамдардың істерін қайталап, неше түрлі ластыққа батады. Шайтаннан сихыр үйреніп, басқаларға қолданып, тілек білдірушілерге де үйретеді. Зуһра деген бір иманды сұлу қызға ғашық болып, екеуі неше түрлі зиянды әрекеттерге дейін барған. Бірақ, өзін пәк ұстайтын Зуһраға ештеңе жасай алмай, өздері күнәһарлар қатарына қосылды.

      Мұндағы айтылмақ ой, адам болып жүрудің оңай еместігін, адам үшін жақсылықпен жамандықтың, яғни дін мен дінсіздіктің қаншалықты мәні бар екендігін еске салу. Періштелер қанша пәк болғанымен Аллаһу Тағаланың  жақыны бола алған емес, тек бағынышты күйінде орындаушы ғана. Ал, адам баласы денесі топырақ бола тұра ол денені пәк ұстап, НӘБИ, РАСУЛУЛЛАҺ ДӘРЕЖЕСІНДЕ БОЛЫП, оларға ерген адамдар топырақты (денесін) тәрбиелеп, мұсылман етіп, Аллаһ Тағаланың сүйікті құлдарының қатарына көтеріледі. Раббысының досына айналып, тіпті Уәлилік  /Әулиелік/ махамға дейін көтеріледі.

       Құран Кәрімдегі Хыжыр сүресінің 28-29 аяттарына назар салсақ:

"Бейнеленген қара балшықтың кеуіп, сыңғырлағанынан адам жаратамын, - деді./28/

Оған жаратылысын тәмамдап Рухымнан үрлеген /жан салған/ сәтте, оған сәжде қылыңдар." /29/

       Аллаһ Тағала періштелерді адамға сәжде жасатып, бағынышты етіп, адамның қызметіне қойған. Бірақ адамға періштелердің қызметін пайдалануы үшін олардың өте пәктікте болуы шарт. Пәк адамдардың дұғасын періштелер жерге қалдырмай сол сәтте орындағаны туралы  "Нәміл" сүресінің 38,39,40 аяттары толық айғақ бола алады.

                               269.   Екеуін, Һарут, Марут аты шыққан,

                                         Менмендіктің улы оғы атып жыққан.

 

                               270.  Сенді олар өздерінің пәктігіне,

                                        Ал сиыр, арыстанға сенер неге.

 

                               271.  Жүз айла мүйізбенен жасасада,

                                        Арыстан етер оны парша - парша.

 

       Өздерінің пәктігіне сенген періштелер, жерге түскен соң ақырған арыстандай нәфс (нәпсі) іске кірісті. Арыстанның алдында дәрменсіз көрінетін сиыр малы сияқты, олар да өз нәфстерінің алдында бір бейшараға айналды.

      "Уә Һууә ғәләә кулли шайъин қодийр" / Оның әр нәрсеге күші жетеді/  аяты айтып тұрғандай, Һад елін қаһһарына ұшыратып, суық дауылмен жойып жібергені сияқты, немесе Тағдыр атты Аллаһу Тағаланың балтасы кескілеп тастаған бейшара сияқты, сондай-ақ жалынның отыннан қорықпайтыны сияқты Жаратушының неге болса да күші жетеді.

 

                              272.  Дауылдан жайпап кетер рахым келді,

                                       Уа ділім, қуанышпен үн қат енді.

 

                              273.  Ағаштың бұтақтарын мықтысынған,

                                       Балта ғой қорықпай-ақ жаңқа қылған.

 

                              274.  Болсада ізгілердің көп білгені,

                                       Нышанды белгі келмей үндемеді.

 

                              275.  Жанған отын жалынға емес қайғы,

                                       Қасап та мал союдан қорықпайды.

 

                              276.  Суретті мағынамен бейне еткен,

                                        Шарықты айналдырған дөңгелекпен.

 

                               277.  Шарықтан үлгі ал сен жіберіп ой,

                                       Негізі қайда? - әрине, ақылды ғой.

 

                              278.  Қозғалыстан тынбайтын дене - қорған,

                                       Уа ұлым, Рух сонда жасырынған.

 

                              279.  Әсердің мағынасы болар сондай,

                                       Шарықты құлама су қозғағандай:

 

 

     Жаратушы Ие аса шеберлікпен Жерді жаратып, оның бетіндегілерге бір-біріне ұқсамайтын бейне, әрі рухани мағына берді. Шарықты су қозғағаны сияқты, ол жаратылыс өзара үйлесімдегі қозғалыста. Адамның қозғалысқа келуі, ондағы жанның болғаны. Дене жанды жасырған қорған сияқты.

     Мұндағы айтылмақ ой, себепсіз ештеңе өзгермейді. Біздің көріп жүргеніміздің барлығы да себептің нәтижесі. Жақсы пікірде, жақсы ниетте болсақ, жақсы іс - әрекеттердің тууына себепкер болар едік.

 

                                  280.  Терең де, кең таныстау бір құбылыс,

                                           Жаныңның ісі екен деп түсін дұрыс.

                                

                                   281.  Бірде  "ЖИМ" болса, бірде "ҺӘ" мен "ДӘЛ",

                                             Кейде тату, шығарар кейде жанжал.

 

                         

                                   282.  Оңға да солға да алып кетеді,

                                             Кейде гүл жайнатса, кейде қор етеді.

 

    Тыныс алғанда дем ішке /өкпеге/ тартылып, сонан соң қайта шығатыны баршамызға мәлім.  Біз сөйлегенде осы қайта шыққан демді пайдаланамыз. Тыныс жолындағы дыбыс талшықтарының тербелістері арқылы ауыз қуысы, тіл, және тістердің көмегімен неше түрлі дыбыстар шығарып, сөз құраймыз, ән де саламыз.

     Мысалы: "ЖИМ" әріпін айтқанда тіл мен тістің көмегін пайдалана отырып, міндетті түрде екі ерінді бір - біріне қабыстырамыз, бұлай етпесек шыққан дем "ЖИМ" әріпін бере алмайды.  "ҺӘ" әріпі ауыз қуысының бос болуын талап етеді, "ДӘЛ" әріпі тілдің тіске тікелей  тірелуімен шығады. Осылайша Құран Кәрімді дұрыс оқуға қол жеткіземіз. Яғни алған деміміз, тек денедегі тіршіліктің жалғаса беруіне атсалысып қана қоймай, сонымен бірге, адамдардың өзара сөйлесу құралы арқылы түсінісуіне, бір-біріне қуанышын, іренішін, сағынышын, білімін жеткізе отырып, тіпті Аллаһу Тағала сөзін адами тілде, адамзаттың үнімен қайталап, Жаратушымен тілдесе алатындай мүмкіншілік алып береді екен. Атап айтқанда, адам шыққан дыбысты дұрыс пайдалана отырып, екі дүниенің игіліктерінен дәм тата алады. Бірақ нәфстің тәрбиеленуі шарт. Олай болмаған жағдайда адам өзін қор ететін сөз, өлең-жырларды айтуы мүмкін.

     Тыныс алу арқылы адамзатқа осынша нығыметтерді нәсіп еткен Аллаһу Тағала бұл құбылысты өзіміздің жанымыз арқылы басқарады.  "ЖИМ" әріпін еріндерді бір-біріне қабыстырмай айта алмаймыз.  Яғни біздің барлық амалдарымыз, іс - әрекеттеріміз, Аллаһу Тағаланың қалауымен алдын ала белгіленіп, ыңғайластырылып қойғанын көреміз.

              

                          283.   Құдіреттің тап болғанда желіне,

                                    Айдаһар тигендей болды Һад еліне.

 

                          284.   Осы желден тек мүъминдер болды аман,

                                    Тыныштықты, амандықты таңдаған.

 

                          285.   Дін шайхы ділмен  "Һууә Аллаһу" - деді,

                                    Мағынасы:  "Раббул Ғәләмийн" еді.

 

    Һад елін, жөнге жүрмегені үшін Аллаһу Тағала суық желмен қырғынға ұшыратты, бірақ бұл қырғыннан тек мүъминдар аман қалды. Мұны көріп тұрған дін шайхы: "Сен Аллаһсың», яғни  «Бүкіл Әлемнің Патшасысың», - деді.

 

                          286.  Аспандағы барлық табақ, расында,

                                   Жаңқадай-ақ Рухыңның қасында.

 

                          287.  Су бетінде жаңқа билеп ойнайды,

                                   Су иірімі айналдырмай  қоймайды.

 

                          288.  Желкендей-ақ кең жайылған толқындар,

                                   Жаңқаларды жағалауға лақтырар.

 

                           289.  Қайта тартар жаңқаларды толқын кеп,

                                   Жел тартқандай жапырақты біртіндеп.

                         

                           290.  Ей ұлым, қиссаның соңы жоқ межелді,

                                   Һарут, Марут әңгімесі ежелгі.

 

     Ғарыштағы табақ сияқты көрініп тұрған КҮН, АЙ және басқа ғаламшарлар мен жұлдыздар, бастауын Аллаһу Тағаладан алған адам жанының қасында теңіз бетіндегі жаңқадай-ақ. Олар бірде көкжиектен ары асып көрінбей кетсе, белгілі уақыттан соң қайта көрініп, таудай толқындар жағаға лақтырып тастап, қайта тартып алған жаңқалар сияқты, қатаң ережемен белгіленген Аллаһу Тағаланың қалауын орындауда.

     Менменсінген Һарут пен Марут та Хақ қалауымен адамдар үшін мысал әңгімеге айналды.

 

Бабыл өлкесіне түскен Һарут пен Маруттың күнәға кіріптар

болу себептері және нәфс тәрбиесінің маңызы.

 

                        291.  Күнәлі халықтардың көріп бәрін,

                                 Мәлектерге бұл дүние болды мәлім.

 

                        292.  Өкініп, бармақ шайнап, ұрды алас,

                                 Әйтседе айыптарын мойындамас.

 

                        293.  Басқаның айыптарын көргіш жандар,

                                 От жаққан Жәһаннамнан орын таңдар.

 

                        294.  Қайғы әкелсе табиғаттың алауы,

                                 Дін Патшасының әмірі мен қалауы.

 

                        295.  От - жалыннан шаттық болса келгені,

                                 Ол да сол - дін Патшасының бергені.

 

                        296.  Қайғы келсе, истихфар айт, жалынған,

                                 Келді екен деп Хақ әмірімен осы мұң.

 

                        297.  Хақ қаласа қайғы айналар шаттыққа,

                                 Тұтқындарға азаттық бар тап мұнда.

 

                        298.  Ауа, Топырақ, Су, От - пәнденің бірі,

                                 Сен үшін өлік, ал Хақ үшін тірі.

 

                        299.  Хақ алдында қол қусырған От ұнар,

                                 Күндіз-түні қыбыр етпей қалт тұрар.

 

                        300.  Темірді таспен ұрсаң от шығар,

                                 Хақ қалуы болғаннан соң ол шыдар.

 

     Бізге жансыз көрінетін заттардың бәрі Хақ алдында тірі. Және оларда Жаратушы Иеміздің күш-қуаты жасырынған. Белгілі бір әсерлердің нәтижесінде ол қуат отқа айналады. Мысалы: ауа, топырақ су, оттан электр қуаты алынады. Ол қуатты тұрмыстың  әр саласында еркін тұтынып, отын ретінде де пайдаланып жүрміз. Жансыз көрінетін заттардың от шығаруы, әрі орасан үлкен жұмыс істеп беруі олардың тірі екендігінің және Хақ әмірі келгенде аса зор қабілеттілік көрсете алатынының айғағы. Оттың тек Аллаһу Тағалаға ғана бағынатынына өрт болған кезде көз жеткізе аламыз. Орасан кең алқап пен ормандарды жалмап, жоқ етіп жіберетін от - Аллаһу Тағаланың қалауы болмай тоқтамайды. Адамдардың іс-әрекеттері Раббысының қалауымен болатын себеп қана. Нұх (ғ.с.) қауымының су астында қалуы, Лут (ғ.с.) қауымының топырақ астында қалуы, Һад (ғ.с.) елінің суық желдің әсерінен жоқ болуы, жансыз көрінетін заттардың Жаратушысының  алдында қалт етпей, қол қусырып,  қиямда тұрып, Хақ әмірін үлкен шыдымдылықпен күтетінін көреміз.

 

                           301.  Темірді тасқа ұрғанда абайла:

                                    Еркек, әйел жақындасты деп ойла.

                          

                            302.  Тасқа темірді соғуды себеп дер,

                                     Жоғарыға көңіл бөл, ей жақсы ер.

 

     Темірді тасқа ұрғанда ұшқын шығады, мұны бәріміз де білеміз. Шындығында бұл әрекет еркек пен әйелдің жақындасқаны сияқты. Раббысының әмірімен орындалуда деп түсіну керек. Шыққан ұшқын игілік көзі болып қана қоймай, өртке айналып, зардап туғызуы да мүмкін. Сол сияқты еркек пен әйелдің некесіз жақындасуынан ұрпақ бүлініп, түрлі дауасыз аурулар тарап, бүкіл бір қауым ел жойылып кеткені жайында алдыңғы әңгімелерде айтып кеткенбіз. Тасқа темір соғып от шығарғанда, адам Аллаһу Тағаланы еске алу арқылы сақтық шараларын жасамаса, ұшқын қашып өрт тудыратыны сияқты, шариғат талаптарын орындамай, некесіз тәндік қатынасқа барған ер мен әйелдер де ұрпақтың азғындауына, әрі дауасыз дерттердің етек алып, кең таралуына себепкер болады. Бұл екі жағдайда да жамандықтың тууына себепкер болып отырған пәнденің амалдары. Нәтиже Аллаһу Тағаладан. Олай болса іс - әрекеттерімізде шариғат талаптарын басшылыққа алуға мәжбүр боламыз.

  

                           3 03.  Бір себепсіз еш себеп болмас пайда,

                                    Себепсіз пайда болар себеп қайда.

 

                           304.  Себепкер нәбилерге  болған БАСШЫ,

                                    Біздегі себептерден әбден жақсы.

 

                           305.  Ол себеп, бұл себепті тудырады,

                                    Не күтіп, не болмаса жоқ қылады.

 

                           306.  Ақыл да себептерге  болады тән,

                                    Себепсіз НӘБИ болмас - осында мән.

 

    Жанды-жансыз барлық жаратылыс, әр қилы сансыз себептермен дүниеге келіп дүниеден өтуде. Ал, себептің иесі Аллаһу Тағала. Адамдардың ақылы да әр түрлі, әрине ол тағдырына сәйкес. Сондықтан пәнделерге Аллаһу Тағаланың хабарын жеткізуші нәбилерге ерекше ақыл, айрықша қабілет беріп отырған.

 

                           307.  Себеп не? Бастаушым, - деді салдар,

                                    Ал, салдар уақытша екен соны аңғар.

 

                           308.  Шарықта себептермен қозғалады,

                                    Білгейсің құрастырған бар адамы.

 

                           309.  Бұл себеп - Әлемге де болған себеп,

                                    Ғарышты да реттеп қойса керек.

 

                           310.  Шығыршықтай айналып кетер алыс,

                                    Мыйы жоқ, жолын білер бірақ Марс.

 

                           311.  Ауа, От Хақ әмірімен салқын еді,

                                   Қосылып Хақ әмірімен өзгерді енді.

 

                           312.  Су мүләйім, От ашулы, көзіңді сал,

                                    Ей ұлым, Хақ Тағаладан әмірі бар.

                        

                          313.  Жойқын желдің Раббысынан жаны бар,

                                    Һад еліндегі адамдары айырар.

                          

                          314.  Һуд мүъминдерге  арнап жазды хат,

                                   Суық желде тына қалды сол мәзет.

 

                           315.  Хат сөзіне кімдер құлақ аспады,

                                   Сұрапыл жел быт-шыт етіп тастады.

 

                           316.  Шайбән Рағий атты пәкиза зат,

                                    Бір қора қойға арнап жазатын хат.

 

     Шәйбан Рағий имам Шафиғидың замандасы, әрі хикмет иесі еді. Жұма күні ғана шаһарға келіп, басқа уақытта қала сыртында қойын бағып, ғибадатпен өткізетін.

                    

                           317.  Жұма намазы үшін қалдырды қойларды,

                                    Бөріден сақтау жағында ойлады.

                           318.  Қасқырлар жоламайтын тәртіп сақтап,

                                    Қойларда шықпайтын белгіні аттап.

 

                           319.  Қой да тыныш, қасқыр қылмай іс жаман,

                                    Хақ Тағала қалауымен болды аман.

 

     Шәйбан Рағий жұма намазын өтемекке қалаға келу үшін бағып жүрген қойларын далаға  қалдыратын. Бірақ ол сақтық жасап, қойлар бетімен жайылып кетпесін, әрі бөрі жазым етіп жүрмесін деген мақсатпен бір хат жазып, қойлар жайылып жүрген маңға белгі етіп тастайтын. Шайбан Роғий намаздан келгенше хат тастап белгіленген маңға ешқандай бөрі жоламайтын, және қойлар да ол маңнан аттап шықпайтын. Бұл әрине, Хақ Тағаланың қалауымен, Шәйбан Роғийдың дұғасы қабыл болып, іске асатын.

     Ғұламалардың түсіндіруінше, мысалдағы қасқыр - нәфс, қой - адам. Егер пәнде өз қалауын Аллаһу Тағала қалауымен үйлестіре алмаса, өз нәфсіне таланып өмір сүреді. Шариғат талаптарын орындай отырып, Аллаһу Тағалаға тәуекел етіп, нәфске қарсы күреске шығып, оның талаптарына шектеу қоя білсек, онда амандыққа, саулыққа, берекеге ұйғарылған пәнделердің қатарында болады екенбіз.

      Аллаһ Тағаланың кәлемі, Құран Кәрімде нәфс жетіге бөлінген:

 

1.   НӘФС ӘММАРО  /жамандыққа бастаушы, ұрындырғыш нәфс/. Құран

Кәрімде: «Нәфсімді ақтамаймын, расында жамандыққа бұйырады. Бірақта Раббым мархабат етсе ол басқа. Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді.» - деген түрде берілген. /Юсып с-сі, 53-аят./  Адам баласының жасайтын ең ауыр жамандақтары нәфстің осы бірінші деңгейінде болады.

 

•2.                                                               ЛӘУУӘМИЙ  НӘФС. /сөгіс беруші нәфс/ .  Қиямет сүресінің 2 және 5 аяттарында бұл нәфс былайша көрсілген; «Жоқ, сөгіс беруші нәфске ент етемін. ... Бірақ адам баласы күнәні жалғастыра бергісі келеді.» Нәфстің бұл деңгейінде, пәнде оның ықпалынан шығып кете алмағанмен, иманға бет бұра алады.

 

•3.                 НӘФС  МУЛҺИМӘ. /сендіргіш, иландырғыш нәфс/.  Біздегі көбейіп кеткен"емшілер"  мен  "көріпкелдер" осы нәфстің ықпалындағылар. Олардың ішінен

«Құдаймен  тікелей сөйлесіп жүрмін» дегендерді де кездестіреміз. мұндайлардандан Аллаһу Тағала сақтасын!

 

•4.                 НӘФС  МУТМӘИЙНӘ. /орныққан нәфс/.  Нәфстің бұл деңгейінде пәнде күнәлі істерден түбегейлі тыйылады.

 

•5.                 НӘФС  РАДЗИЯ. /разы болған нәфс/. Нәфстің бұл деңгейінде адам Аллаһу Тағаланың барлық талаптарын аса ризашылықпен орындайды. Мұндай нәфс уәлилерге тән.

 

•6.                 НӘФС  МАРДЗИЯ. /сүйішпеншілікке ие болған нәфс/. Нәфстің бұл деңгейінде адам Раббысының сүйікті пәнделерінің қатарында болады. Мұндай нәфс нәбилер мен расулдарға тән.

 

•7.                 НӘФС  САФФАИИ. /таза, мөлдір, пәк нәфс/.  Нәфстің бұл деңгейі тек Мұхаммед /с.ғ.с./ пайғамбарымызға тән. Соңғы төрт нәфс Фәжр с-сінің 27-30 аяттарында көрсетілген.

 

                       320.  Діндарлар үшін ажал желі, ежелден,

                                Гүлзарлардың жұпар исі боп келген.

 

                       321.   Ибраһиймге оттың тісі батпады,

                                 Өйткені оны Хақ Тағала жақтады.

 

                       322.   Ләззат оты шарпымас діндарларды,

                                 Тартады шұңқырына басқаларды.

 

   Діндарлар үшін өлім - Аллаһу Тағаламен қауышу. Аллаһу Тағала уәде еткен, ол дүниедегі жақсылық нығыметтерінен дәм тату. Раббы қалаған нәрсе болады. Кәпірлер Ибраһиймді /ғ.с./ отқа өртемек болып, лапылдаған жалынның ішіне лақтырады.

   Бірақ:  «Әй от! Ибраһиймге салқын, зиянсыз бол дедік» аятымен от күйдіру қабілетін айырылды. /Әнбия с-сі. 69-аят/.

 

                       323.  Хақ әмірі теңіз суын қақ жарып,

                                Мұса қауымын да қалған құтқарып.

      

  «Құлдарымды  түнделетіп, алып кет; оларға теңізде құрғақ жол аш...»  аятымен әмір етіп Аллаһ Тағала Қызыл теңізді қақ жарып, құрғақ жол салып, соңдарынан қуып келе жатқан Ферғауынның әскерінен Мұса /ғ.с./-ды және оның қауымын құтқарды.

 

                        324.  Қолға алғанда Қаруынды Хақ әмірі,

                                 Тәжі де, алтын-байлық кетті бәрі.

                    

                        325.  Су, Топырақ Исаның демін құшты,

                                 Ол құсқа айналып, көкке ұшты.

 

                        326.  Ауа, Су, Топырақ тасбихқа шын байланды,

                                 Діл - жүректен Жәннаттық құсқа айналды.

 

    Әдетте адам денесі аздаған ауасы бар, су және топырақтан тұрады. Иса /ғ.с./ Аллаһу Тағаланы зікір етіп, пәктеп, соңынан дұға жасап денесіне дем салғанда, ол құсқа ұқсап, көкке самғап ұшып кетіпті.

 

                        327.  Мұса нұрымен Тұр тауы биледі,

                                 Сопы болып кемелденген күйге енді.

 

                        328.   - Тауда сопы, уа ғажап, ұқсастық не?

                                  - Топырақ қой Мұсадағы пәк дене!

 

    Аллаһу Тағала нұры Мұса-ның /ғ.с./ назары арқылы Тұр тауына түскенде, тау теңселіп, билеп, соңынан қопарылып, Жаратушысының қалауын қалт етпей орындайтын кемелді сопыға айналды. Бұл мысалдың айтпағы,  мүршид тариқат мақамдарын басып өтіп, кемелді дәрежеге жете алуы, тек Аллаһу Тағалаға қалтқысыз берілген сенімінің, сүйішпеншілігінің нәтижесінде ғана мүмкін екендігін көрсету.

     Денедегі топырақты пәктік дәрежеге дейін тазалай отырып, нәфсті мұсылман етудің ең жоғарғы мақамына жету, тек адамзаттың ғана қолынан келеді.

     Табиғаттағы құраушы заттық /мәдди/ құрам үнемі зікір айтып, Жаратушысын еске алып тұрғандықтан, пайда болған қандай ластық болса да жойылып кетеді. Қандай ластық болса да ауа, су, топырақтың әсерінен ыдырап, көбіне өсімдіктердің қорегі ретінде тыңайтқышқа айналады.

 

ЖУҺУД  ПАТШАСЫНЫҢ  ӨЗІМШІЛДІГІ  ЖӘНЕ  ОНЫҢ ҚИЯНАТЫ.

 

                         329.  Теріс еді  Жуһуд шаһның амалы,

                                   Ол еш кереметті мойындамады.

 

                          330.  Деді ақылшылары, беріп кеңес:

                                   «Зұлым боп шектен шығу дұрыс емес».

 

                          331.  Ақылшылардың аяқ-қолы кесілді,

                                   Қатыгездігі арта түсіп есірді.

 

                          332.  Ғаршы Ағладан рухани жетті үн;

                                   «Қаһарлымын, ей ит, енді тын!»

 

                          333.  Сонан соң от жайылып қырық кез,

                                   Жуһуд халқын құшағына алды тез.

 

                          334.  Зат біткен негізінде алау - жалын,

                                   Негізі айналдырар отқа бәрін.

 

                          335.  Бұл тайпаның әдеті күйдіретін,

                                   Тоз - тоз ед, бірігуге бұрды бетін.

 

                          336.  Мүьмині жоқ, бықсыған оттан еді,

                                   Өз отына қоқыстай күйді бәрі.

 

                                      337.  «Уммуһул  һауйаһ" күтеді екен,

                                   Болатын олар үшін мәңгі мекен.

 

   Қариға сүресі, 9-аятта айтылғандай: "Олардың орыны Һауйаһ", яғни, олар мәңгі отты мекендеп, дозақтын орын алады.

 

                          338. Анасы перзентіне болар себеп,

                                   Жылан да нәсілінен кетпес бөлек.

 

                          338.  Һауыздағы суларды атқылаған,

                                   Шалқытып жел әкетер әрі таман.

 

                          339.  Кеніштей мөлдір суды ілестірер,

                                   Жай-жайлап алып кету жөнін білер.

 

                          340.  Дәл сондай, алған демде әдіс қылмақ,

                                   Жай-жайлап әкетеді жанымды ұрлап.

 

                          341.  Көкке өрледі Иләһи сөз мақтаған,

                                   Пәктігі үшін ғұламалар жаттаған.

 

 Фатр сүресі 10-шы аятта айтылғандай: «... Көркем сөз Аллаһ жаққа шығады. Сондай-ақ жақсы амал оны көтереді.» Яғни, біз Аллаһ Тағаланы еске алып, жасаған барлық зікрлерімізді періштелер іліп алып, Жаратушының құзырына жеткізеді екен.

                                          

                         342.  Іс - әрекет, алған демге бол мығым,

                                  Өйткені ол қайтып алар сыйлығың.

 

                         343.  Ұнап тұрса сөздерің мен іс амал,

                                  Есесімен қайтарады ЗҮЛЖАЛАЛ.

 

                         344.  Соңынан шексіз байлық та берілді,

                                  Құлдарым алсын деп нығыметтерімді.

 

                         345.  Хақ Тағала рахметіне бөленер,

                                  Ісі менен сөзі дұрыс болса егер.

 

                          346.  Парсы емес, басқа тілде айттым мен,

                                  Үн жетіп тұрған соң естіп білген ем.

 

    Соңғы бес /207-311/ мәснәуи ғайыптан арап тілінде естілген үн арқылы берілгендіктен, парсы  емес арап тілінде жазылған.

 

                         347.  Барлық қауым ол жаққа көз тігеді,

                                  Сол жақта еді аңсаған тілегі.

 

   Екі дүниенің қазынасы - Құран Кәрімді жеткізген Аллаһу Тағаладан барлық пәнде үміттенеді.

 

                         358.  Нәсілдік аңсау шынында ерекше болар,

                                  Белгілі тұлға болып, қамтып алар.

 

                         349.  Сезсе болды сәл ғана нәсілдік жайын,

                                  Бір-біріне қамқор - көмегі дайын.

 

Жуһудтар қай елде болмасын кездеседі. Әрі олар қоғамның қандай саяси бағыт ұстағанына қарамай көбіне белсенді келеді. Өзара туыстық байланысты тез орнатып, өзара көмек қолдарын созуға әр кезде дайын.

 

                         350.  Рас нәсіл емес су және нанымыз,

                                  Бірақ дене үшін соларды пайдаланамыз.

 

                         351.  Су мен нанда жоқ қой нәсілдік құрам,

                                  Бірақ денеміз сол - болмасын күмән.

 

                      

                         352.  Біздегі қалау нәсілімізге болса жат,

                                  Бәрі-бір сол ұқсастыққа жол табад.

                       

                         353. Ұқсастықтар бола берер кейде елес,

                                  Елес нәрсе, әрине, мәңгі емес.

 

                         354.  Еліктірген дауыс құсқа жетсе егер,

                                  Өз тұқымы болмай шықса өкінер.

 

      Аңшы ау құрып, сол маңдағы жайылып жүрген құстың даусына ұқсатып ысқырса, дауысқа еліккен құс келіп, торға түсіп, әлігі дауыстың жалған екеніне көзі жетеді. Сол сияқты өмірде еліктіргіш неше түрлі рок-музикалар, жастардың нәфсін қоздырып, рухын ластап, жүйелі, дұрыс ойлау қабілетінен айырып, жамандықтың торына түсіріп жатады. Кісіні асыра мақтау да, егер ол иманы қуатты адам болмаса, оны немесе қасындағыларды жалған пікірге итермелеп, адастырып жіберуі мүмкін. Жуһуд нәсілділер бұл айланы дұрыс пайдалана білген. Бірде, мешітте бір білімді қарт имам, уағыз айтып, жуһудтардың Исламға тигізетін зияндарын баян етеді. Осы кезде өзін мұсылмен ретінде көрсетіп жүрген бір жуһуд орнынан тұрып: «Міне данышпан! Қандай керемет  уағыз айтылды! Мұндай ғұламаның киімінен, сақалынан табарак алған адам Қиямет Күні есеп-хисабтан өтпей-ақ жұмаққа бірден түседі. Мұндай қасиетті кісі тірі тұрғанда бір жапырақ табарак алып қалайық!» - деп айқалайды. Ғалымның уағызына разы болып, оған әбден беріліп тыңдап отырған надан халық, бірді-екілі ақыл иелерінің - "Қой!" - дегеніне қарамай имамды тарпа бас салып, жүндей түтіп, киімдерін бір жапарақтап жыртып, сақалын бір талдап жұлып, бөліп алыпты. Мұндай зорлыққа шыдай алмаған қарт имам сол жерде жан тапсырса керек.

 

                         355.  Шөлдеген кісі  сағымды су деп қалар,

                                  Сағымдарды су екен деп қуалар.

 

     Нәфсіне ие бола алмаған пәнде, өмірінің ең жарқын, мәнді кезеңдерін ысырап етіп, қызық қуып кетеді. Ондай адам, әрине, шөл далада адасып, көлкіген сағымды суға балап, босқа жүгірген адам сияқты.

 

                        356.  Жалғаншылар қолдан алтын да жасар,

                                 Сарапшылар жалғанның сырын ашар. 

 

                        357.  Алтын құмарлық жолды тосып жеңбесін,

                                 Жарқын ойды шұқырға сап көмбесін.

 

                        358.  Қайта оқы  «Кәлийла»-ны, болсын сабақ,

                                 Қиссадан үлес алғын етіп талап.

 

     «Кәлийла мен Димна» дастанын қайта оқып шық / «Һумәюн нәмә» кітабінен/. Жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресінен сабақ ал. Иман қуатына лайық үлеске ұмтыл,  "Талапты ерге нұр жауар"!

 

ЖАБАЙЫ АҢДАРДАР ЖӘНЕ АРЫСТАН

 

Аңдардың арыстанды үгіттеуі

 

                        359.  Жабайы аңдар бір шатқалға қарасты,

                                  Арыстанды сөз етіп, көп таласты.

 

                      

                         360.  Ал арыстан торуылды жалғайтын,

                                 Жануарлар одан аман қалмайтын.

 

                         361  Жасауға арыстанға айла енді,

                                 Тілегін орындауға міндеттенді.

 

                       

                           362. «Қажетсінген азығың тұрар келіп,

                                 Бұдан былай азуға берме ерік.» - деді

 

   Мұндағы жабайы аңдар - адамдар. Арыстан болса - нәпсі. Нәпсі өз қалауын талап еткенде еш пәнде шыдай алмай оның айтқанына көніп, нәпсінің талауына түсетін. Адам енді ақылын қару етіп, нәпсінің ойранына қарсы айла жасап, оған керегін мөлшермен беріп тұруды ойлады.

 

Арыстанның хайуандарға кәсіп етудің пайдалы

 екенін айтып, берген жауабы.

 

                        363.  Деді:  «Мақұл, сөздерің шын болса,

                                 Пәктік пен қулықты көргем мен қанша.

 

                        364.  Болдым кейде, адамдардан сақтанбай,

                                 Шаян менен жылан уын татқандай.

 

                        365.  Ал, нәпсімде қулық-сұмдық жетеді,

                                 Адамдардың айласынан өтеді.

 

                        366.  Бізге:  «Ләә  йулдағул мүъмин» - деген,

                                 Пайғамбар сөзіне жанымен сенем.»

 

   Пайғамбарымыздының /с.ғ.с./   « Ләә йулдағул мүьмин»  /Мүъминді бір іннен екі рет шақпайды/, -деген хадис шәрифі бар. Яғни пәнде жасаған бір күнәлі амалы үшін бір жамандыққа қана лайық болса, ал жасалған бір жақсы амалы үшін көптеген сауаптарға ие бола алады.

 

Аңдардың  жәйбарақаттықтың да кәсіп етумен

бірдей болатыны жайында айтып түсіндіруі

 

                       367. "Әкімсің, - деді оған, - Хабарың бар,"

                                 Күтіп тұр бізді ҚАЗА және ҚАДАР.

                     

                       368. Қазада бар мәжбүрлік және күш,

                               Басыңды іий, бас іиюде жақсы іс.

 

                       369. Сен қазаға әсте қолды көтерме,

                               Қайғы жұтып, қор боласың бекерге.

                     

                       370. Хақ қалауы сені мүрде етпесін,

                               Таң алдында Раббы үні  жетпесін!

 

                       371. Деді: Сену - жетекшілік міндеті.

                              Себебі бұл - пайғамбардың сүннеті.

 

                       

                       372. Пайғамбарым жәй үн қатты былай деп:

                               "Түйеңді байла, соңынан тәуеккел ет".

 

Мағәз бин Жәбәл /Аллаһ оған разы болсын/ жеткізген руаятта, бір  бәдәуи түйеден түседі де Расулуллаһқа:

 - Түйені байлап қояйын ба? Жоқ әлде Аллаһқа тәуекел етіп, түйені бос қойып, мешітке кіре берейін бе? - деп сұрапты. Сонда Расулуллаһ :

- Алдымен түйеңді мықтап байла, сонан соң тәуекел ет, - деп жауап беріпті.

   Біз осы хадис шарифтен, тәуекелдің іс-амалдарымызбен өте тығыз байланыста болатынын көреміз. Яғни, тәуекел нәтижелі болуы үшін ниетпен істелетін іс қажет. Ал, істің нәтижелі болуы шын ниеттен туған тәуекел сеніміне тікелей байланысты.

 

                       373. "Кәсіпкер - Аллаһтың досы", - деген бар,

                                Құр тәуекел пайдасыз, соны аңғар.

 

Талпынып бір іске қол жеткізудің орнына

 тау аңдарының жәйбарақат қалуды дұрыс көруі

      

                       374. Қауым айтты: «Әлсіздер ғана еңбек еткен,

                               Аңшылық та  әлсіздік Хақтан жеткен.

 

                       384.Тәуекел ету де құптарлық амал,

                               Қадырым ассын десең келісе сал.

 

                       375. Көп бәле кетсе, бір бәле тағы бар,

                               Жыланнан қашқан айдаһарға жолығар.»

 

Тағдырындағы жазудан адамзат еш құтыла алған емес. Тағдырға сенбеу, оған иман келтірмеу, адамды көптеген қиыншылықтарға душар етеді.

                      

                        376. Айла жасап адамдар құрғанда тор,

                                Аңның жанын алумен болады қанхор.

                       

                        377. Қақпа жабылып, дүшпан іште қалды,

                                Бұл - Перғауын аңызы сияқтанды:

 

                        378. Жүз мың сәбидің текке көзін жойды,

                                Шын дұшпанын үйіне сақтап қойды.

 

Дұшпанынан қауіптенген Перғауын қақпаны берік етіп жауып, күзет қоятын. Алайда оның негізгі  дұшпаны болмақ Мұса /ғ.с./ сарай ішінде, Перғауынның қамқорлығында еді. Бұл туралы Құран-и Кәрімде /Қасас сүресі/ жақсы айтылған.

 

                     

                      379. Көзімізде кемшілік көп, азғой нұр,

                              Өз көзіңді ДОС ЖАНАРЫНА айландыр.

                     

                    

                       380. Көзімізді ЖАНАРЫ алмастырар,

                              Іздеген, сол жанардан бәрін табар.

 

Көкірек /жүрек/ көзі ашылмай ақиқатты көру мүмкін емес. Аллаһу Тағаланың қалауына, еркіне түгелдей беріліп өзімізді ұмыта алсақ қана өз көзімізді кең қамтушы ДОС КӨЗІНЕ айналдыра аламыз. Көкірек көзі жабық адамның көрегендігі кем, парасаты төмен болады. Перғауын қолындағы баланың кім екенін біле алмады. /Мұндағы ДОС КӨЗІ - Аллаһ Тағаланың САМИҒ сипаты./

                             

                    381. Бөбекке еңбек етіп керегі жоқ,

                            Ата-ана мәпелесе қарыны тоқ.

 

                    382. Есейіп қадам басса алға талмай,

                            Кездесер ол білмеген талай жағдай.

       

                    383. Пәнделер бойындағы ЖАНДЫ жеңді,

                            Ал, ЖАН - аса таза еркін еді.

 

                    384. «Денеге кір» әмірін орындап ЖАН,

                             Тойымсыз, аш көз ТӘНГЕ тұтқын болған.

 

                    385. Пайғамбар түсінік беріп бізге мол,

                            «Жаратылыс - Аллаһқа тән» деді ол.

 

                   386. Боран мен бірге жаңбыр да жіберген.

                           Рахметіне бөлеп нанын да берген.

 

Жәйбарақат отырғанша, арыстан үшін

 еңбектенудің артықшылығы

 

                    387. Дұрыс - деді арыстан жатқан саяда,-

                            Бірақ Раббым  аяқты тыныш қоя ма?

 

                    388. Жортып кетер аяқтарым тым жырақ,

                            Сүйтіп жүріп қиындыққа болар тап.

 

                    389.  Қозғалмаған аяқтарда бар ғой мін,

                             Қол тимесе күй аспабы қатпас үн.

 

                    390. Күректей қолынан Раббыны көрді,

                            Бүкіл дене де сол - Раббыдан белгі.

 

Бүкіл денеміз де, іс-әрекеттеріміз де Аллаһу Тағаладан. Жақсылықты да, жамандықты да Аллаһ /Т/ біздің өз қолымызбен  жасайды.

                 

                    391. Жаныңнан да Хақ аяты байқалар,

                           Уақытында ол өзіне қайтарар.

 

                    392. Және аят басшылықты қолға алар,

                            Ауырлықтар жеңілдікке айналар.

 

                     393. Дін ӘМІРІ сені басшы етеді,

                             Іздеген жан жақындыққа жетеді.

 

                     394. Жүк  көтерген жүкшілікті қаладың,

                              Құлшылықпен құрметті де бола алдың.

                 

                     395. Талап - шүкірлік сыйы ҚҰДЫРЕТТІҢ,

                             Жәбірлесең жақсылықты жоқ еттің.

 

                     396. Құдыреттің ТАҒДЫРЫНА шүкір ет,

                             Жәбірлесең  қай жақсылық  өтелмек.

 

                  397.   Жәбір - ұйқы, жол ұйқысы бар мұнда,

                             Есік ашып, жүзін көрмей қалғыма.

 

                 398.    Ей қаперсіз!  Тыныққанда болған сақ,

                            Жемісті ағаш саясынан орын тап.

 

                 399.   Жемістерді сілкіп өтсін жел және,

                            Шашу шашып ұйқыдағы пәндеге.

 

"Лә иләһә илла Аллаһ" атты Исламның жеміс ағашы, «Қабыр» атты бесікте жатқан пендесін саясына алып, үстіне нұрлы жемістерін шашып, ол дүниенің рахатына бөлесін!

 

                  400. Ұрылардан жәбір-жәпе аларсаң,

                           Бұркіт ілген балапандай боларсың.

 

Шайтан мен нәпсің, сенің адамгершілігіңді, арыңды, беделіңді ұрлаған бір қарақшы. Ол екеуіңнің қолына түссең, бүркіттің тырнағына іліккен балапандай боларсың.  

 

                    401. Жаратқанның  нышандарын сезбесең.

                            Уа бақытсыз, айтшы өзің, кімсің сен ?

 

                    402. Ақыл кетсе  сен бір пәнде алжасқан,

                            Ақылсыз бас артық емес жамбастан.

 

                    403.  Шүкірлік ет, шүкірсіздік жаман хал,

                             Шүкірсіздер дозақ отын тұтатар.

 

                   404.  Тәуекелсіз ешбір істі атқарма,

                            Кірісе бер сүйендағы ЖАББАРҒА.

 

 

        Әр істің бейнеті де бар, зейнеті де бар. Әр істе  сауап та бар, күнә да бар. Аллаһ Тағалаға тәуеккел етпей істелген іс түбінде зардапты болады, яғни ол іс бейнетті әрі күнәлі. Аллаһ Тағалаға сүйеніп істеген іс зейнетті де, сауапты, өйткені бұл әрекеттер Ислам шариғатын басшылыққа алады.

 

Аңдар тағы да, тыныш жатудың әрекет етуден

артық екенін сөз етеді

 

                                       405.   Бар хайуандар шегіп уәйім-қайғы,

Түсіндіріп көп айтты қасірет жайлы.

 

•406.    Неше жүз мың ер-әйел бос жатпады,

Бірақ заманында, одан пайда таппады.

 

•407.          Жүз мыңдыған жыл өтті бәрін жалмай,

Аузын ашқан жүз басты айдаһардай.

 

 

        Пәнде қай істі  бастамасын, ол бұл ісінің ахиретте сауапты болатынынан үмітті болуы керек. Жабарий мазхабі ахиретті жоққа шығарады, яғни олардың амалдары желге ұшқанмен бірдей. Қаншама адамдар, қаншама жылдар қателесіп өмірден өтті.Қаншама пәнделер қазір де адасуда. Аллаһ Тағала барлығымызға рақымды болып, тура жолына салсын деп тілейік.

 

•408.          Ақылды қауым айламенен қолға алды,

       Шыдай алмай тау орнынан қозғалды.

 

•409.          Іске асырмас еш айланы Зүл-Жәләл,

«... Литазуулә минһу укләл жибәл.»

 

Ибрахим с-сі, 46-аятында айтылғандай, егер біреулер айла жасап, Аллаһ Тағала қалауына келмек болса, онда олардың айласы іске аспайды. Бәлки, ол  сонша көп еңбек етер, бірақ еткен амалдары бекер болмақшы.

                                          410    Әрекет ет бұл дүниеде көп мейлі,

            Бірақ бәрі пайдалы болып кетпейді.

 

•411                 Келсең дағы қортындыға  сезіммен,

Үкім ету Жаратқанның өзінен.

 

412    Әй досым! Кәсіпті де атақ  деп біл,

      Адал болса кәсібің қалмайсың құр.

 

Хазреті Әзрәилдің бір адамға көзі түсуі.

оның қорқып Сүлейменнің (ғ.с.) сарайына баруы.

 

413     Біреу, өзгерген қорқыныштан іреңі.

Сүлейменнің сарайына кіреді.

 

414.  Жүз сарғайып, еріндері көгерген.

                       Деді Сүлеймен: «Не жағдаймен келіп ең?»

 

415   -  «Әзірейіл сондай суық қарады,

               Қорқыныштан бойым тоңып барады».

 

416.    -  «Мен не істейін? Керегіңді қала»,

                - «Желге әмір ет, жанға болсын пана!

 

417.  Желмен ұшып Үндістанға барайын,

            Алыс кетіп жанды сақтап қалайын!»

 

      418.  Дервиштіктен, кедейліктен қашқандар,

   Ауыр еңбек, мехнатты етті амал.

 

419.  Кедейліктен қашқандай-ақ бұл дағы,

Ойында бар Үндістанда тұрмағы.

 

420.  Әмір етілді: «Жеткіз мұны тез енді!»

Жел алда да Үндістанға жөнелді.

 

421.  Дидарласты да, кездесіп күні ертең,

Сұрады  Әзірейілден Сүлеймен:

 

422.  « - Мүъминді қорқытқан не ісің бұл?                                                                                                                                                                   Уа Раббының қылышы, түсіндір!

 

                                            423.  - «Оны қорқыту ойымда жоқ еді,

     Бірақ, көріп тұрып таңдандым тегі!

 

        424.  Тапсырған соң бұйрығымен Раббым - кең,

        Үндістанда оның жанын алмақшы  ем.

 

     425.  Жүз қанаты болып, етсе дағы  көп амал,

Үндістанға жете қоюы дүдамал».

 

426.  Бұл жаһанда біз білмеген сан іс тұр,

Көзді ашып қарадағы салыстыр.

 

427.  Қайда қаштың? Өзіңнен бе? Тосын іс!

Хақтан және қашпақсың ба? Өкініш!

 

Адам өзінен қашып құтыла  алмайтыны сияқты, Аллаһ Тағаланың қалауы және бұйрықтарынан да қашып құтылы алмайды,-дейді Жабари фирқасы. Әрине, Аллаһ Тағаланың қалауы болмаса Раббани нығметтер қазынасы нәсіп болмайтыны  белгілі. Жабариларға былайша жауап береміз: пәнде кәсіппен шұғылдандырған, әрекеттендірген Раббысының қалауынан қашпайды, шамасына лайықты болған істермен айналыса  отырып, екі дүниенің жақсылықтарынан үміт етеді. Өйткені Хақ Тағала: «Әрекет етіңдер» дейді. Әрекет үшін бізге дене  әрі қуат берген. Бәйіттегі: «Қайда қаштың ? Өзіңнен бе? Тосын іс!»  - дейтіні сондықтан. Қайғы, қуаныш т.б. белгілер адамның рухани ішкі күйін білдіреді. Ішкі рухани  әсерлерден құтылу әр  пенденің қолынан келе бермейді. Фәне  фил-Лаһ болып, яғни Аллаһ Тағалаға түгелдей беріліп, бұл дүниеде өзіңді бүтіндей жоғалтып, қуанышқа да, іренішке де бейтарап қалып көрсету, тек кемел адамға, жоғарғы дәрежедегі Аллаһтың құлына ғана тән қасиет.

 

Арыстан тағы да еңбектенудің тәуекелден

жоғары тұратынын әрі пайдалы екенін айтты

 

428. Құп!-деді арыстан,- Әйтсе де еске алам,

                  Нәбилер де, мүъминдер де әрекеттен қашпаған.

 

429.Суықтарда еңбектенсе қалжырап,

      Жәбір көрді, сауап алды ол бірақ.

 

430. Сұлулықтар айласында еді  мол,

                  Барлығы да тапқырлықта- ақылды ол.

 

Осы бәит Қызыр /ғ.с/ мен Мұсаның /ғ.с./ бірге жүрген қиссасын қайта еске түсіретін сияқты.

 

432. Аспан құсы тұзақтарға байланды,

          Кемшіліктер жақсылыққа айланды.

 

Әнбие мен әулелердің жомарттықпен құрған «тұзақтары» Құс Жолының қызметшілеріне де жетті. Яғни, Аллаһу Тағаланың сүйікті болған пәнделері аспан тұрғындарымен (періштелермен) кездесіп, руханият әлемін аралап кетеді.   Бұл туралы Сүлеймен ад-Дарини: «Қателік, Аллаһу Тағалаға  сиыну үшін және дүниеден, сондай-ақ нәпістен Аллаһқа қашу үшін ең үлкен себеп,» - десе керек.

 

433. Уа құрметтім, мақсатыңа сенде жет,

Әнбие, әулие жолын бағдар етті.

 

 

434.  Қазаға шеңгел салу еңбек емес,

Қаза келмей  іс  сәті сірә келмес.

 

Жамандықтың келуі, әрине, қазамен. Қазаны келтірмеймін деп шеңгелдеп, бес саусақты салғанмен  оны өзгерте алмайсың.

Жақсылықтың келуі де қазамен. Өйткені уақыты жетпей еш істің сәті болмақ емес.

 

435.  Зиян тапсаң ғибадаттан, иманнан,

Онда болсын күпірліктер сый маған.

 

436. Өз басыңды  азаттықа жетеле,

Шаттықта бол, еңбекпенен өте де.

 

437. Қиындықта қалғаныңша байлық ап,

Көк жиекке көз жіберіп бақыт тап.

 

438. Дүние алдайды, еліккендер ұтылар,

Бұл дүниені тәрк еткендер құтылар.

 

439. Арбай тұрып, терең зындан қазады,

Еліккен жан тура жолдан азады.

 

440. Дүние - зындан, тұрағымыз зынданнан,

Құтылады сол зынданды бұзған жан.

 

441. Дүние іздеген Хақтан ғафіл  қалады,

Көбейтем деп байлық, қатын, баланы.

 

 

442. Малынан Хақ жолына берсе бөліп,

«Ізгілік!»-деді Расул мұны көріп.

 

443. Сырттағы су  кемені жүрер алып,

Ішке енсе кеменің батары анық.

 

Дүние байлығы да бір мұхит. Пәнде дүние байлығының мұхитында еркін жүзе отырып, Раббысының бергеніне шүкіршілік ете білсе ғана Зүл-Жәләлдің уәде еткен бақыт жағалауына жетіп, Жәнаттың кәусәрынан дәм тата алады. Бірақ            дүние байлығы адамның ішіне еніп, жүрегіне орнықса, оның ашкөздігі, қанағатсыздығы, тәкаппарлығы, шүкірсіздігі, т.с.с. Жәннат жағалауынан қашықтатып, дүние мұхитының шұңғылына батырып зұлмақта айналады. Мәснәуи мысалында, кемемен жүзіп, бір жағадан екіші жағаға жетуге бет алғанда су кеме ішіне кіретін болса, онда кеме су түбіне кетеді.

 

444. Мал, дүниеге қызықпаған Сүлеймен,

       Қанағатшыл міскіндерге  болды тең.

 

445. Дәуреш те іштегі сырын сақтайды.

           Осылайша байлық суына батпайды.

 

446. Ол байлықты басқарады талмайды.

Бірақ оны тиынға да алмайды.

 

447. Сен діліңнің аузын байла бекіткін,

               «Мин ладуни» бір ғайыптан қатсын үн.

 

448. Бос құмыра жабылса егер аузы тас,

Іштегі ауа су түбіне батырмас.

 

449.  Кәсіп те бар, ем де бар, кесел де бар,

Бәрін де жоқ етуге  етпе амал.

 

Жабарилер адамдарды кәсіптен тияды. Олардың айтуынша кеселдің болуы еңбектенуден. Ештеңе істемей жүрген адам ауырмайды-мыс.

 

Кәсіп пен еңбектің

 тәуекелден анық жоғары екендігі жайында

 

450.  Арыстан да дәлелдеді анықты,

Жануарлар дәлдерге қанықты.

 

•451.               Түлкі, жайран, қоянды тыңдап тән алды,

Доғарды енді  үгіт айтқан амалды.

 

452.  Қояйық, - деп, - Бұдан былай керісті,

Арыстанға бой ұсынып, келісті.

 

453.  Тынышталды енді ғана. Көңіл қош!

          Ешкім келмес өтінішпен бекер бос.

 

•454.                                      Барса егер, біле тұра барады,

            Көр дайын тұр, содан орын алады.

  

Аңдардың арыстанға тамақ

болудан бас тартқан қоянға айтқаны

 

Арыстанның аузына түсіп, көрден орын алғысы келмеген қоян; хайуандарға: «Мен арыстанға барудан бас тартамын, оған қарсы бір айла тауып қойдым. Өзімді де, сендерді де құтқарамын», - деді.

      Қоянның табиғи әлсіздігімен, қорқақтығын білетін аңдар, қоянның мына сөзіне қайран қалды. Ертең мұның қолынан ештеңе келмесе бәріміздің басымызға зобалаң туып, бізді быт-шыт етер деген қорқынышпен арыстанның алдына баруға қоянды күштей бастады.

 

•455.                                      Әбігер болып, айқай-шуға басты олар,

Қарсы болма! Барсаң ғана жан қалар!

 

•456.                                      Деді олар уайымнан  мұңайып:

"Жан пида қып уәдеде тұрайық!"

 

457. Бізді қорғамақсың, мұның қай өнер?!

Арыстан ренжіп қалар. Бар! Жөнел!

 

Қоянның берген жаубы

 

458. Ей жарандар! Маған  пұрсат беріңдер,

       Қандай айла жасағанымды көріңдер!

 

459. Айладан біздер шын пайда табармыз,

             Амандықта болар біздің бала-шағамыз.

 

•460.                                Нәбилер де үмметтерін үйреткен,

           Барлығында ықыласты, сыйлы еткен.

 

461. Нәбилердің ділмен көрер нұры бар,

Қарағанда жүрегіне жиылар.

 

462. Жүрегінде көз жанары болмаса,

            Көрегендік көрсете алмас онда аса.

 

Біз көзіміз арқылы әр затты көреміз, бірақ көзге көрінбейтін нәрселерге шамасызбыз. Нәбилерді Аллаһ  /Т/  парсат көзімен жаратқан. Олар көкірек көзі діліндегі ерекше жанар арқылы басқаларға белгісіз не бір ғажайыптарды көре алады.

 

Қоянға аңдардың берген жауабы 

 

463.   Деді қауым: "Ей есек, сөзге құлақ сал,"

Қоян екеніңді ұмытпай тіл ал !

 

464. Бұл не қылық? Жөн біліп, тілді алмаған,

 Ешбір мықты мұндай іске бармаған.

 

                                                 465. Әй ақмақ! Қаза келтіретін сен мына,

      Бар тағдырымыз қолыңда  қалды ма?!»

 

Арыстанды ақылмен алу керектігін айтқан әлжауыз қоянның сөзін  ерсі көрген аңдар оны жазғыра  бастады. Аңдық мінез-құлық, тағылық тек мықтылықты мойындайды. Олардың істерінде ақылға негізделген айладан көрі қатыгездік, қару мен  білек күші тиімдірек.

 

Қоянның жауабы

 

466. «Уа достар, Хақтан илһәм кеп еді,

   Бір әлсізді зор құрметке бөледі.

 

                                                   467. Хақтың араға үйреткенін есепте,

         Ол жоқ не арыстан, не есекте.

 

468. Үй соғады білімсіздің ісі ме?

              Бал толтырар және оның ішіне.

                                                                        /Нақыл сүресі, 68 аят/

 

•469.  Жібек құрты Хақтан алған-тын ілім,

           Оны пілде білмес, білмес және ешкім.

 

•470.   Хақ ілімі Адамға да болып нұр,

                      Жеті қат көктен шұғыласын төгіп тұр.

 

•471.   Періштелер бар беделін сындырып,

             Қарсыласпай Хақ қалауын тұрды ұғып.

 

        Құран-и Кәрімде баян етілгендей, Аллаһ Тағала Адамға /ғ.с./ әр  нәрсенің атауларын үйретіп қойды. Періштелер Адамның /ғ.с./ қасында өздерін білімді санайтын. Аллаһ /Т/ періштелерден, - «Мынау не деп» сұрағанда олар, - «Уа Әлемнің Раббысы, біз Өзіңнің үйреткеніңнен басқаны білмейміз!» - деді. Адамнан /ғ.с./ сұрағанда ол, Аллаһу Тағаланың сұрағанының бәрін  атап-атап айтып берді. Осылайша Аллаһ /Т/  періштелерге Адамның  /ғ.с./ олардан дәрежесі жоғары екені оның білімі арқылы көрсетті.

 

•472.                          Алты жүз мың тақуалық еткені.

                 Ләғнет ап, босқа күйіп кетті енді.

 

•473.                          Ілім сүтін енді татып алмайды.

                      Аузында тор болар оған мол қайғы.

 

       Шайтан нәғләтул ғәләйһи 600.000 жыл тақуалық жасап, Аллаһу Тағаланың сеніміне кірген еді. Бірақ Аллаһтың  /Т/ "Адамға сәжде жаса!" деген бір ғана әмірін орындамағаны үшін аузына тор салынып,"мәлғұн" аталды.

        Уа адамдар! «Пәнде ретінде Раббымыздың әмірін қалай орындап жүрміз?» - деп ойланайықшы!

 

•474.                          Ауызы жабық татпас білім кәусарын,

                   Надандықпен  шектеледі-ау бар ұғым.

 

        Ладун, (құпия ілім) сырт сезіммен ашылуы мүмкін емес. Пәктік дәрежеге жетіп, Құран сырларынан дәм татпай, тек ақылыммен кемелденем деген адам, өз ақылын өзіне дұшпан етіп алады. Құран нұсқауларынан, шариғат талаптарынан бас тартқызар ақылды аса зиянды әрі қауыпті деп білейік.

 

•475.                          Қара ділге гәуһар түсті бір нұсқа,

                        Алмастырмас мұхит пенен ғарышқа.

 

        Қара көңілге гәуһар түрінде бір ілім құйылса  Аллаһ (Т) оны жер бетіндегі ең кең мұхитпен әлемдік шексіз ғарышқа айырбастамайды. Өйткені ол «гәуһар» пәндәні Раббысына жақындататын бір нәзік күш, сәуле.

 

476.  Рухсыз бейне  болса жанның алғаны.

Суретшінің суретіндей болғаны.

 

477.  Сыртқы түрде ұқсағанмен  кей бейне,

         АХМЕД пен Әбу Жәһил бірдей ме?

 

Кезінде сыртқы келбеті мен  пішіні Мұхаммед  (с.ғ.с.)  пайғамбарымызға ұқсас бес туысы болған еді. Егер кісі бұрын оларды көрмеген болса, пайғамбарымызбен шатастырып  алатын. Бірақ өмірінде бір рет «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтуға тілі елмеген Әбу Жәһил мен хазреті Мұхаммед саллаллаһу ғәләйһи уә сәлләм тең бе?

 

478. Дуалға салған адам бейнесіне қара,

Салған сурет адам бола алама?

 

479.  Жан жоқ қой ол  бейнелерге  қарасаң,

              Іздеп  тапшы жан Гауһарын таба алсаң?

 

480. Тірілді ит, өмір өтіп алмасып,

                Арыстаннан дәрежесі болды асық.

 

        Бұл мәснауи Құран-и Кәрімдегі әл-КЕҺФ сүресінде айтылған уақиғаға байланысты. Зұлым елден қашқан бір топ  мүсылмандарға бір ит ілеседі. Мұсылмандарды қорғап, оларға ілесіп қашқаны үшін итте жанаттық болады деген хабар алады.

        Аллаһ Тағала оларды үңгірде  өліп жатқан жерінде қаншама жылдан кейін тірілтіп, осы хабарды жеткізген.

                                            481.  Зиян келмес адам келбетінен мына,

             Жанымен шомылған НҰР дариясына.

        Жаны рухани Әлемде еркін жүзген кемел адамның, сыртқы түрі көріксіз, кеміс болуы мүмкін. Бірақ ондай кемістіктер оның Әлем кезген рухана не істей алады.

 

     482.   «Ғылым», «Әділ» сипатталып жазылар,

Қалам оны сурет қылса кім ұғар.

 

483.  «Ғылым», «Әділ» мағынасы тереңде,

          Кездеспейтін ешбір жерде, не елде.

 

         «Әл-Ғылым» және «Әл-Әділ» Аллаһ Тағаланың көркем сипаттық есімдерінен. Қалам ол сипатты жазып көрсете алғанмен, сүйретпен бейнелей алмайтыны анық.

Адамдарда да білім және  әділдік иелері кездеседі. Бірақ мағнауи тұрғыда  Аллаһу Тағаланың сипаттарымен біріге алмайды.

 

484.  Тән болғанымен уақытша Жан мекені,

Бірақ симай Ғарышқа да кетеді.

 

         Сол уақытта Раббының  періштелерге: "Бейнеленген қара балшықтан кеуіп, сыңғырлағанынан адам жаратамын", - деді. Оған жаратылысын тамамдап рухымнан үрген (жан салған) кезде, оған сәжде қылыңдар». (Хыжыр сі, 28-29 аят).

Осы айтылған аяттарда көрсетілгендей адам рухының бастамасы Аллаһу Тағаладан болғандықтан, оның кеңдігін, мөлшерін, мүмкіндігін біз ештеңемен салыстырып, өлшей аламыз.

 

Қоянның білімінің қажеттілігі мен пайдасы

 

485.  Айта берсек сөз ұзарар көбейіп,

         Енді тыңдап қоянды да көрейік.

 

486.  Салпаң құлақ есек түкті білмейді,

           Құлағына дүрыс сөздер кірмейді.

      

487.  Түлкі дей-ақ қоянда айла тағы бар,

    Айласына арыстан да бағынар.

 

488.  Сүлейменнің жүзігінде  барлық мән,

Күллі әлем ілімдерін құп алған.

 

489.  Адамзаттың аз болып тұр берері,

   Ақылынан дүние азап шегеді

 

490.  Арыстан да, қабылан да құтылмас,

             Кит, шортан да олар үшін болар ас.

 

491.  Дию, пері адамдардан сескеніп,

            Жасырынып тасаларға кетті еніп.

 

492.  Адамның да дүшпаны көп ұтылар,

          Ақылменен сақтана алса құтылар.

 

493.  Құпияда сауап әрі күнә бар,

               Әсерлерден ділің және сыналар.

 

      494.  Ғұсыл жасап суға түскен жақсы амал,

Бірақ тікен табаныңа қадалар.

 

Ғұсыл амал - парыз. Бірақ мұндай сауапты амалдардың орындалуына әр нәрсе кедергі келтіреді. Егер табанға кірген тікенді сылтау етіп, ғұсыл жасамай қойсақ, онда Құран-и Кәрімді оқу, намаз оқу, т.б. Аллаһу Тағаланың рахымына бөлейтін сауапты амалдардан құр қаламыз. Бұл мысал: «Әр жақсы амалға шайтанның сондай кері амалы дайын», - дегенді білдіреді.

 

                                            495.  Су түбінде тікен терең жатады,

     Суға түссең табанына батады.

 

496.  Көңіл бөліп адамдарды байқап көр,

           Бір ғана емес, мың бір адам айлакер.

 

497.  Сабыр сақтап, сезім күшін түсіргін,

           Мүшкіл хәлдің себептерін түсінгін.

 

Сезімге ерік берме, жүрек қалауына бағындыр. Аллаһу Тағаланы құлай сүйіп дүние қиындықтарын дос тұтқан пәндеге жолықсаң, оның халін түсінуге тырыс. Бәлки, көпшілікке ортақ шешім сол адамнан  табылар.

 

       498.   Жақсылардың айтқан сөзін көрмей қош,

            Ақымақтар басшысымен болдық дос.»

 

Қоян осылайша аңдарға өз ниетін түсіндірмекші болды. Бірақ аңдар қоянның

Айтқанынан ештеңе түсінбеді. Арыстанның  қаһарынан қорқып, үрейлене түсті.

 

499.  Деді олар : "Жетер қоян мақтаның !"

        Не нәрсе еді сенің ойлап тапқаның?

 

   500.  Шыбынсың ғой  арыстанның қасында,

               Ойыңда не бар?  Айтшы бізге, жасырма?

 

    501.  Кеңесіп шешкен ақылменен жол табар,

    Болмайық босқа ойға-ой кереғар.

 

502.  Деген Расул : "Кеңесуге келсе егер,

   Ол талабы амандықпен өтелер."

 

                        503.  Деде қоян : «Айтсам сырым білінер,

                                 Білінген соң қарсылықпен бүлінер.

 

                        504.  Айна алдында тұрғанда үрсең дем,

                                 Айна бетінің өзгергенін көрер ең,

                      

                        505.  Үш сөзді ұмытпа, ерніңе берік бол,

                                  Ол - үшеуі мәзхаб, байлық, жүрер жол.

 

                         506.  Бұл үшеуге құмар қастық, дұшпандық,

Білген дұшпан жолды тосар сені аңдып.

 

  507.  Сырларыңды айтып қойсаң сақтамай,

                                                    Жауыздыққа айналады оп-оңай.

 

                            508.  Екі-үш құсты, егер бірге матаса,

                                    Жағдайлары бола қоймас онда аса,

             509.  Көтеріп басын, босанбаққа қосса үн,

                          Кеңесті ме....? Құстар сырын ұғар кім?

 

            510.  Расул кеңесші, уағызынан нәр алар,

                        Жауап та алды, болды және бейхабар.

 

Уағыз тыңдаған сахабалар, Пайғамбарымыздың  /с.ғ.с./  Аллаһу Тағаламен, періштелермен, Ғарышпен қандай байланыста екенін, әрине, білмейтін. Қаншама сұрақтарға жауап алып жүректері тынышталған сахабалар, Рассулуллаһтың  /с.ғ.с./ сүбхатын таңдауға көктен періштелердің де келіп, олармен қатар тұрғанын сезбейтін.

 

 511.  Расул қанша ашық айтқанмен,

                Айтылмас ед құпиялар, сыр терең.

 

512. Берілетін сұрақты да білетін,

                    Жауаптарын бірден айтпай бүгетін».

 

Қоянның айласы жайында

 

513.  Арыстанға келді қоян бас ұрып,

            Дәл уақытын бір сағатқа асырып.

 

      514.  Қоянды тосып, бүйірлері қабысқан,

                  Айқай салды, жерді тарпып, арыстан.

 

                   515.  Деді: «Нәрсесіңдер қоқыстарға болған тең,

                 Сөзде тұрмайтындарыңды біліп ем!

 

    516.  Бұлар неге мені сонша алдайды?!

               Бастарыңа түсірейтін мол қайғы».

 

   517.  Осылайша сұстанып бір қарады,

              Тұманданып шатынаған жанары.

 

         518.  Жүрген жолың жеткізсе де мұратқа,

              Машақаттар дайын тұрар бірақта.

 

  519.  Атыңды атап, сөйлеп кетсе ол таяп,

     Жан ериді құмға сіңер судай-ақ.

 

     520.  Бірақ құмның сүзгіш болар мәні бар,

               Санаң болса сондай құмды тауып ал.

 

521.  Уа ұлым, ол құм Хақтың құдыретінен,

         Тазалансаң хақпен бірге болар ең.

 

                              522.  Хақ қолдайды, ал тіршілік алдаған,

       Құрғақ құмдай қанша суға қанбаған.

 

 

                             523.  Өмір беріп, дін сусынын силады,

Нәр алатын шәкірттердің иманы.

 

                             524.  Хәкімдерге хикметтер бағынар,

Бір тозаңнан бүкіл әлем танылар.

 

                             525.  Қолың жеткен хикметтің бұлағы,

   Себеп болып, сәуле шашып тұрады.

 

526. Лауһ Махфузда сақталған бар таным,

      Ал Ррухың ақылдан ғана аңғарым.

 

Тағдыр жазылған тақтаны Расул, нәбилерден басқа әулиелер де оқи алған. Оған Мөңке бидің бүгінгі қоғамның қандай болатыны туралы ХVІІ-ғасырда айтып кеткен көрегендігі мысал. Көкірек көзі ашық, парасат иелерінің ақылы олардың рухи дәрежесін аңғартып тұратын.

 

527.  Алғашқыда ақыл ұстаз болғанмен,

          Кейінірек шәкірттерге болды тең.

 

Ақылды танып-білу және орындаушы құралы ретінде пайдаланамыз. Сондықтан ақылдың негізгі қызметі не нәпсінің, не иманның талабын орындау болып шығады. Егер нәпсі күш алып тұрса, онда ақыл нәпсі талабын қанағаттандыратын жолдарды көрсетіп береді. Бұған мысал ретінде бүгінгі жаһандану дәуіріндегі дүние ғылымның қарқынды әрі үдемелі түрдегі дамуын айтсақ та жетеді.

Егер пәнде Аллаһты сүйе отырып жасаған амалдырының нәтижесінде қуатты иманға  қол жеткізіп, рухани әлемнің Иләһи бұлағынан сусындай алса, онда ақыл иман талаптарын ғана мойындайтын иман  тәрбиесіндегі шәкіртке айналады.

Ислам ғылымы ақылды беске бөлген:

•1. Ақл-и ғаризий  (табиғи тума ақыл, инстинкт, ырықсыз түйсік), барша жануарлар осы  ақылмен тіршілік етеді.

•2. Ақл-и такәллуфий (тәжірибеден,  оқу-білімнен алынып, жинақталып, кеңейген ақыл).

3.  Ақл-и атоий. (берілген ақыл, бұл тек мұсылмандарда ғана бар).

4.  Ақл-и мин жихатин-нубууа (нәбилерге тән ақыл)

5.  Ақл-и мин жихатин-шараф (бұл ақыл тек хаз.Мұхаммедке /с.ғ.с./ тән).

Егер ақыл мол ақша табудың, саясатшыл, үстем болудың ғана жолын көрсететін болса, немесе зұлымдық жасауға бейімділік танытып тұрса, онда ­­­­­бұл - кәсіптік  деңгейдегі ақыл болғаны.

         Осы ақылмен олар дін ғылымынан басқа ғылымдарды да жетік меңгереді. Егер адам мұсылман болмаса, онда мұндай ақылды ислам ғұламалары кемісті ақыл  қатарына жатқызған. Ертедегі ислам ғалымдары жоғарыда көрсетілген ақылдардың алғашқы екеуін «хайуани», соңғы үш ақылды «рахмани» деп атады. «Хайуани ақыл» қоғамдағы саяси-экономикалық жағдайларға белсене араласа отырып, әр саладағы дүниелік ғылымның дамуына да зор үлес қосады. Бірақ бұл ақылдар, Аллаһты (Т) тану қабілеті болмағандықтан, бүкіл қуаты, барлық табыстары мен жетістіктері нәпсінің дүниеуи талаптарын  ғана  қанағаттандырып, денеге қатысты тіршілік қызыметшісі деңгейінде қала бермек.

        «Рахмани ақыл»-дың қуаты болса, Аллаһу Тағалаға арналған жүректегі (ділдегі) махаббат түрінде көрінеді. Адамзат рухы «Әл-миссах» уәдесі кезінде Раббысымен кездесіп, одан қуат, нәр алған. Осы қуат әр адам баласының рухында бар. Сондықтан біздің рухани әлемімізде, қашаннан бері, Аллаһу Тағалаға деген бір ынта сезіліп тұрады. Амалдарымызда күнәлі әрекет қаншалықты көбейе түссе, Адам баласының рухындағы ынта да  соншалықты  әлсірей бермек. Егер Аллаһ /Т/ разы болатын амалдарды арттыра беріп, жүрегімізді пәктей білсек, жүректегі махаббат күшейе келе, Раббыға деген ынта арта түспек. Демек, «хайуани ақыл»  қуатымен тіршілікке алданып, дүние қызығына, ләззатына деген құмарлық арта түссе, «рахмани ақыл» қауаты кезінде жүрек, Аллаһу Тағала Жамалының рухани ләззатына, кәусарына ынтыға түседі. Мұндай айрықша күйді данышпан Абай, 38 қарасөзінде: «Махаббат ­- әуелі адамның адамдығы, ақылы» екенін айтады.

 

             528.  Ақылға мысал - Жабрәил: «Ахмед! -деді,

        - Ары аттасам қанатым күйеді.

 

 

    529.  Мен қаламын, өзің бар бұдан ары,

                Шекараға жеттім, уа жан Сұлтаны!»

 

        Миғраж уақиғасында Мұхаммед саллаллаһу ғәләйһи уә сәлләм, жоғары көтеріліп жеті қат көктің шегіне жеткенде Жәбраил /ғ.с./ оған: «Әр нәрсенің шегі бар, бұдан ары барсам қанатым күйіп жанып кетемін. Сен Аллаһу Тағаланың шақырған қонағысың, ары қарай өзің бар,»-деп, Расулуллаһты /с.ғ.с./ сол жерге қалдырып, кейін қайтып кетеді. Ақылдың да өзіне лайық шегі, шеңбері бар .Бұл Иләһи шеңбер. Бұл шеңберден шығу аса үлкен зиянға ұрындыруы хақ.

     

530.  Өзі әлсіз, сабырсыз, шүкірі жоқ,

                    Қалмағын жәбір көрген соқырдай боп.

 

        Иманы әлсіз адам әдетте сабырсыз әрі Аллаһтың /Т/ бергеніне шүкір етуді білмейтін қанағатсыз келеді. Мұндай адамның парасаты кем, ақиқатты көре алмайтын, көкірек көзі зағип болғандықтан, өзіне де, басқаға да туғызатын қиындығы аз емес.

 

                                     531.  Жәбірлеуші өз ісіне маталар,

   Қиянаты көрге жылдам апарар.

 

        Иләһи жақсылықтан қашқан адам өзіне-өзі қиянат жасап, өзін жәбірлеуші адам. Яғни, Аллаһу Тағаланың пәнделеріне лайық көрген жәнаттық амалдардан бас тартушы, өзін тірідей өлтіруші.

 

•532.                                                                          Деді Расул: «Жаман істер ел білген,

                      Жақсылықтың шырақтарын сөндірген.»

 

         Шариғатымыз адамдардың іс әрекеттерін сегізге бөледі. Оның төртеуі жәннаттық, парыз, уәжіб, сүннет және мұстахаб амалдары. Бұл төрт амалды бойына сіңіріп, әдетіне айналдырған адам, екі дүниеде Аллаһу Тағаланың рахымына лайық болмақ.

 Тозақтық деп аталатын төрт амал: мүбах, харам, мәкруһ, және мұстаһур деп аталады. Бұл төрт амал адамның діліндегі иман шырағын сөндіріп, ахиретте Аллаһу Тағаланың азабына лайық етсе, бұл дүниеде қоғамды шіріте отырып, бүкіл ұлттың, ұлыстың күйреп, жоқ болып кетуіне себепші болады.

 

   533. Сынған сүйек әсте солай қалмайды,

              Паршаланған тамырларын жалғайды.

 

         Бұл мәснауи тағы да әл-Кеһф сүресін еске түсіреді. Мұсылмандарды қорғап, аяғы сынған ит бірнеше жылдан кейін қайта тілігенде аяқтарының сүйектері де сау, үзілген тамырлары жалғанған күйде қайта тірілген.

 

534. Аяғы талып өткізіп еді күн-түнді,

           Сыйға бөленеді де, Пыраққа мінді.

 

          Пайғамбарымыз түнімен ғибадат жасағанда аяқтары ісіп кетуші еді. Айша /РА/  «Сен Пайғамбарсың, егер күнәларың болса бәрі кешірілген, сонша неге көп ғибадат жасайсың?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз /с.ғ.с./:  «Аллаһу Тағаланың берген жақсылықтарына шүкіршілік етушіден болмаймын ба?» - деген екен. Пайғамбарымыз /с.ғ.с./ барлық Пайғамбарлардың төресі, сұлтаны болғандықтан Құдірет иесі оны Пыраққа мінгізіп жеті қат көкке көтеріп, Пейішті, Дозақты, барлық жаратылғандардың тағдыры жазылған Лауһу Махфузды аралатып көрсетеді. Бұл  "Миғраж уақиғасы " деген атпен белгілі. Бұл көкке көтерілу уақиғасы "Надр әл-Миғраж" кітабында егжей-текжейлі айтылса, саяқаттың бастапқы кезеңі Құран Кәрімде "Исра" сүресінде аяттармен берілген.

 

                                                            535.  Жіберілді үкім болып күткені:

                                                                    Дін істерін оған ғана жүктеді.

 

536.  Қабылдап ап ШАҺ Үкімін ең ізгі,

         Діннің нұрын асхабтарға жеткізді.

 

537. Жұлдыздардың мағынасы өзгеріп,

                                          Сахабалар жүрегіне келеді еніп.

 

Аллаһу Тағала Үкімі дін қазнасы болып Пайғамбарымызға /с.ғ.с./  берілді де "Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Аллаһтың елшісі." - деген көркем сөз, сахабалар жүрегін Ислам нұрына бөледі. Енді аспандағы жұлдыздардың заттық бейнесі рухани мағынаға ие болды. Бұл  туралы Пайғамбарымыз /с.ғ.с./:  «Менің асхабым /сахабаларым/ аспандағы жұлдыздар сияқты, кім оларды бағдар тұтса тура жолдан адаспайды»,-деген еді.

 

538.  Болған істі қабыл алғын толғанбай.

            «Шаққул қамар» ақиқатта болған жай.

 

Пайғамбарлардың мұғжизасына, әулиелердің кереметіне күдікпен қарау, Аллаһу Тағаланың Құдіретіне шәк келтіру болып, иман сенімінен айырады. «Қиямет жақындады, ай жарылды. Олар бір мұғжиза көрсе бет бұрады: Жалғасты түрдегі бір сихыр» дейді, - деген Аллаһу  Тағаланың Кітабіндегі аят /Қамар с-сі, І-2 аяттар/ мұғжизаның Құдірет Иесінен екенін көрсетеді. Бірде пұтқа табынушылар Пайғамбарымызға /с.ғ.с./ «Егер сеннің пайғамбарлығың рас болса, онда бізге бір мұғжиза көрсет»,- деді.

  Рассулаһ /с.ғ.с./  дұға жасады да, аспандағы он төрт күндік толық айға қарап саусағын сілтеп қалғанда Ай екіге бөлініп, екі жарты бір-бірінен ажырап тұрады. Бірақ пұтқа табынушылар бұл көріністі сихырға балап иман келтірмей бұрылып кеткен. Және қайта дұға жасағанда Ай бөліктері бірігіп бастапқы қалпына келген.

Мұғжиза тек пайғамбарларға ғана беріледі. Аллаһу Тағала мұғжиза арқылы өз Құдіретін көрсете отырып, Пайғамбарлардың беделін көтеріп, адамдардың Жаратушысына деген сенімін нығайта түскен. Керемет те әулиелерге тән. Мұндай тосын көріністің "истидрож" деп аталатын түрі бар. Истидрож сихыршыларға, магистердің  әрекетіне тән.

 

539.  Ей нәпсі! Сендірме  сезім таза деп

  Тілді емес, діліңді де таза ет!

 

  540. Таза әріпті бүлдіргенің сезілді,

                                                          Зікірді емес жөнге салғын өзіңді.

 

 

Құран оқылғанда Аллаһу Тағаланың есім сипаттары еске алынады (зікір етіледі). Әр аяттың сыртқы (зоһри) мағынасымен қатар ішкі (батыйни) мағнасы және атқарып отырған міндеті бар. Құран аяттарын дұрыс оқи алмау оның мағыналарына, сондай-ақ міндеттеріне үлкен нұқсан келтіреді.

 

                      541.  Оқығаның Құран емес даңғаза,

                               Мағнаны өзгерттің бе? Ал жаза!

 

Уа, нәпсі иесі!  Құранды дұрыс оқи алмай тұрып, оған өз ақылыммен түсінік беремін, аят-хадистерден өзім жол тауып аламын деп адаспа. Сүнниттік (әһлу әс-Сүннә) ғұламаларының айтқандарына тоқта.

 

                          542.  Сен өзіңді алыптарға теңеме,

              Шыбын кейпің алыптарға келе ме?

 

                                                543.  Арақсыз-ақ қиялыңа дем бердің,

                       Масайдың ба..? Күнге өзіңді теңгердің.

 

Қазір бізде өздерін Ислам әлемінің жетекшісі етіп көрсетуге тырысқан көптеген топтар пайда болды. Іштерінде Ислам атын жамылған партиялар да бар. Қиялдарына дем беріп масайған олар, бүкіл дүниеге  өздерін Ислам күні етіп көрсетуге әрекет етіп, әлектенуде. Бірақ  ондай өз қиялдарына елтіп, есі шығып жүрген топтардың қауқары, нұр шашқан күннің қасында көтерілген шаңнің тозаңындай-ақ. Рухани тозаң тұманы адамзат ділін қарайтып, парасаттылығын кемітіп, көкірек көзін тұмшалайтыны белгілі.

 

                                          544.  Құс әуені еліктіріп сезімін,

      Деді: «Заман АНҚА-сының өзімін.»

 

Шығыс әдебиеттерінде «Изумуруду Анқа» теңеуі, құлпырған кербез сұлулықтың белгісі. Қиялдан туған бұл құстың қауырсыны мен тұяқтары жасыл сәуле шығарып, ғажап нұрға бөленіп тұрған изумуруд тасынан болса керек. Шығыс шайырлары сұлу қызды сипаттағанда осы Анқа құсына теңейтін. Құстардың сайрағанына елтіген шыбын да «Заманның Анқасымын» деп шіренді.

 

545.  Қиқымға қонып есек құйрығындағы,

                                                    Тербелді беріліп қиялға тағы:

 

                              546.     «Теңіз, кеме іліміне мен жеткем,

          Қанша уақыт барлығына үйреткем.

 

547.  Міне теңіз, міне кеме, мен бармын,

                     Ер болған соң басшылықты қолға алдым.»

 

                                             548.  Осылайша қиялымен самғады,

             Түкке тұрмай бұл дүниенің қалғаны.

 

   549.  Сабан сынығын кең кемеге балады,

               Сырт көз ғана шындықпенен қарады.

 

                                              550.  Әлемі оның түсінігіне лайық,

                Қалай көрса - теңіз сондай, не айып.

 

Алма ішіндегі құрт, бүкіл әлемді өзінің жайғасқан орынымен теңейді. Ол үшін алмадан кең орын жоқ және ол осы әлемде жалғыз өзі ғана бар. Ол жәндік, алма ағашында осындай алмалардың көп екенін, ағаштың өзі сол бақтағы көптеген ағаштың бірі екенін, Жер атты ғаламшарда мұндай мыңдаған бақтың бар екенін, Жердің өзі Күн жүйесіндегі бір нүкте екенін, бұл жүйенің «Құс жолы» деп аталатын Галлактика жұлдыздар шоғырындағы бір тозаң екенін қайдан білсін.

Надандық зынданынан шыға алмаған пәнделер де көзіне көрінгенді ғана мақұлдап, ғайып әлемін мойындамайды.

 

                                            551.  Даңғазалар есек болып көрінер,

   Шыбындай-ақ қиялына берілер.

 

552. Жөнін білсе шыбынға да пайда бар,

          Ондай шыбын Құмай Құсқа айланар

 

553. Жөн білмесе аты - шыбын, мойында,

        Құр сурет қой, рухы жоқ бойында.

 

Қоянның кешіккеніне арыстанның ашуланғаны жайында

 

                                          554.  Рухы бұл қоянның қуатты екен,

       Жетіп келді арыстанға алмай секем.

 

  555.  Деді арыстан: «Асырдыңдар айлаңды,

  Сөздеріңе сеніп, көзім байланды.

 

 556.  Айлакерлер қайтып қойсын басқаны,

     Мені қорлап, кескілеп-ақ тастады.

 

557.  Тыңдамаймын сөздеріңді мен сенің,

Дию, пері екенсіңдер өздерің.

 

558.  Уа ділім, ойранды қазір бастармын,

             Қауыздарын тез сыпырып тастармын!»

 

Арыстан осылайша аңдардың жақсылығын жоққа шығарып, оларды дию-періге теңеді. Дұшпандығы арта түсіп, оларды дән қауызындай түте-түте етуге бекінді. Егер адам нәпсінің қалауын ғана орындап, айтқанымен жүретін болса, онда пәпсі-арыстанның пәндені бұл дүниеде әр қандай машақатқа итеріп, дән қауызындай түте-түтесін шығарып, қор ететіні баршамызға мәлім.

 

559.  Ал қауыздар - гуілдеген бекер сөз,

            Нәзік, әлсіз толқындардай өшер тез.

 

                                            560.  Бірақ оның мағыналық мәні бар,

                                                     Нәпсіден де көп мағына алынар.

 

Тазалап дәннің қауызын алу, дәнді пайдалы ете түседі. Яғни дән алдында қауыздың ақысы бар. Сол сияқты нәпсінің алдында адамның да ақысы бар. Адамның ақысы - нәпсіні тәрбиелеу, мұсылман ету. Қорқу да, сүю де нәпсіден. Мұсылман болған пәпсі алғашқыда Жаратушыдан қорқып ғибадат жасайды, кейін иман қуаттана келе нәпсі Раббының барлық талаптарын үлкен ынтамен, ықылыспен орындап, Оны беріле сүйеді. Яғни нәпсі адамды тек дозақтық етіп қана қоймай, пейішке де алып баратын биік дәрежеге көтереді.

 

561.  Қауыз перде - жасырынар айып та,

          Біз білмейтін сырдың бәрі ғайыпта.

 

Қауыз ішіндегі кейбір дәндердің кемшілікті жарамсыз болатыны сияқты, кей адамның тілінен бал тамып, тәтті сөздер шыққанымен, оның ойы, ниеті таза бола бермейді. Айыптан пәк Ғайып қана барлық  жақсылықтарды, сырларды сақтаушы.

 

    562.  Жел - қалам, су беті - дәптер, өзгерді,

     Су сіңіріп, самал жазған сөздерді.

 

                                           563.  Ол нақыштар білдірді де бекерді,

                                                    Нәтижеде қиындықтар әкелді.

 

Су бетін жыбырлатып желдің жазған ұсақ толқындары, адамдар арсындағы ұсақ өсек-аяң секілді. Ондай сөздер адамды жабырқатар әсер ғана емес, әр түрлі қиындыққа душар ететін уақиғаларға себеп болуы да мүмкін. Сондықтан Аллаһу Тағала: «... Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу өсектемесін (ғайбаттамасын). Біреулерің өлген туыстарыңның етін жеуді жақсы көресіңдер ме? Әрине оны жек көресіңдер...» деп сақтандырады. (Хұжрат с-сі,, 12-аят) .

 

564.  Деммен шыққан ділдің арман тілегі,

    Көп аңсаған «һууә»-ның үні еді.

 

Сыртқа шыққан дем әр қандай дыбыс болып, сөзге, әуенге айналып, адамның пікірін, ішкі сырын, арманын білдіреді. Ізгі ниетті пәнденің арманы «һууә»-ның, яғни Оның - Аллаһу Тағаланың үнін есту. Хақтың үні, Құран-и Кәрім - бізге жол көрсетуші, жанға дауа, хикметтер қазынасы, сыр сақтаған сандық, Жаратушы Зүл-Жәләл мен хазреті Пайғамбарымыздың дыбыс арқылы берілген есім сипаттарынан тұрады. Аллаһу Тағаланың «һууә» сипаты Құран аяттарында жиі кездеседі. Исраилдықтарды (еврейлерді) Египеттіктердің құлдығынан құтқарған Мұса (ғ.с.) Раббыға жалынып, - «Йә һууә, Йә һууә» (Ей Ол, Ей Ол) деп зікір ететін. Оның үмметі де зікірді солай жасайтын. Сондықтан хаз. Мұсаның үмметі Құран-и Кәрімде «Йәһуди» деп аталады. Гректер Тауратқа өз тілдерінде мағына бергенде «Йә һууә» кәләмі «Яхуа» болып өзгерді. Кейін орыс тіліне аударылғанда «Иегова» болып түп нұсқадан қашықтай түсті. «Иегова кугерлері» аталып жүргендер сол топтың атын жамылғандар.

 

565. Хақтан түскен қуанышты әр хабар,

     Өзгерместен мәңгілікке сақталар.

                                            

                                            566. Патша айтса өзіменен кетеді,

        Пайғамбар айтса ахиретке жетеді.

 

567. Өйткені шаһ нәпсіге еріп бүлдірген,

           Ал Пайғамбар Хақ қалауын білдірген.

 

                                            568.  Шаһ есімін теңгелерден алады,

      Тек АХМЕД  мәңгілікке қалады.

 

                                            569.  АХМЕД-те нәбилердің нәмі бар,

                                                     Сондықтан тоқсан, жүз рет еске алынар.

 

Қоянның ашуланғаны жайында

 

               570.  Айла, тәсіл, қулық ойлап жасырын,

            Аяңдады арыстанға ақырын.

 

          571.  Уақыт ұтып келе жаты ол еппен,

                    Дайындаған арызы да бар көптен.

                                                

                                                     572.  Кері қайтса азап болар ақылың,

                         Кең дариядай сол ақылың - жақының.

 

             573.  Тіршілік теңіз, азабы бар байқалған,

                  Дене ыдыс, су бетінде шайқалған.

 

         574.  Бұл ыдыстар суда бекер ақпайды,

                   Толмаса егер, су түбіне батпайды.

 

Денеміз де тіршілік теңізінде ағып бара жатқан бір ыдыс сияқты. Тіршілік  теңізіне батып кетпеу үшін Аллаһ Тағала пәндесіне білім, парасат, иман берген. Адамзат өмірі - қызық думанды, ләззатты, рахатты, байлықты, мақтанышты қолдаған иірімі мен толқыны бір тынбайтын, жағаларының қашықтығы адам тағдырында өлшеніп қойған кең дария. Дарияның буырқанған толқыны аспанға атып, су бетіндегі қалқыған ыдысты толтырған болса, онда ыдыс су бетінде бір сәтте тұрақтай алмайды.

 

575.  Ақыл көрінсе де құпияға жатады,

        Біздегі бейне - құпияның атауы.

 

Ақыл пәнденің іс-әрекеттерінде көрініп, рухта жасырынған бір қазна. Хайуаннан адамзаттың айырмашылығы ақылында болса керек. Сондықтан АДАМ деген атау - ақылдың баламасы, нәмі.

 

   576.  Балшық бейне өзгерсе егер жарамай,

     Ақылың да тастап кетер қарамай.

 

     577.  Разақты танымас надан діл - бейғам,

                  Жансыз садақ, садақшыны білсін қайдан.

 

578.  Надан мінген атын тұлпарға санар,

             Тұлпарым тым ұшқыр деп қиялданар.

 

   579.  Шаттанып, атын мақтап, әбден бөсер,

     Аты да шаң боратып желдей есер.

 

                                            580.  Осылайша надан неме мақтанар,

     Нәтижеде қиындыққа тап болар.

 

Надан адам, әдетте, өзі қолдан жасап алған қиындық бұғауының тұтқыны.

 

   581. «- Атымды ұрлап бір қайғыға батырды,

       - Неге іздейсің астыңдағы атыңды?!

 

                                           582.   - Қане, қайда ол ат? Таппадым!

            - Ей бейшара, есіңді жый, тоқтағын».

 

583.  Жан көрінбес адамға қарасаң мына,

                 Сырты құрғақ, су құйылған дәл құмыра.

 

584.  Егер бұрын нұр сәулесін көрмесең,

          Қызыл, жасыл әсемдікке сенбес ең.

 

    585.  Бар сұлулық сырт бейнеңнен білінген,

        Сәуле шашып көрінсе ғой діліңнен.

 

586. Түн болса жасырынар сымбат сыры,

     Сұлулықты паш етер жарық нұры.

                                          

                                              587.  Заттың түсі сәулеменен таралар,

    Ақылың да ішкі нұрдан нәр алар.

 

588.  Зат көрінер күн нұрына малынған,

         Ділдегі нұр Жаратқаннан алынған.

 

589.  Сәуле шашып жанардағы шапағы,

       Ділдегі нұр көзден тарап жатады.

 

590.  Ділдегі нұр тек Раббының өзінен,

  Ол таза ақылдан да сезімнен.

 

591.  Ей Раббы нұрынан қаперсіз адам,

                    Заманнан құр қалған болдың ғой надан.

 

592.  Нұр болмаса қараңғылық басады,

       Қараңғылық нұрдан ғана қашады.

 

593.  Жарық қана түсті айырып береді,

        Нұр сәулесі зүлмәт түнін жеңеді.

 

  594.  Хақтан келген реніш те, қам көңіл,

                   Оған қарсы шаттық, қуаныш, бар жеңіл.

 

595.  Құпиялар қарсылықпен ашылар,

        Қай құпия Хақтан өзін жасырар.

 

596.  Жарықпенен ажыратып бересің,

           Рум мен зәңгі айырмасын көресің.

 

       597.  Нұрды ажырата бісең ғана ол - нұр,

                            Ішкі қайшылықтан бейне болып қарап тұр.

 

         598. Таң шапағы Хақтың нұрын жеңбейді,

             Ешбір нәрсе оған қарсы келмейді.

 

      599.  Барлығын көріп тұрған Білуші бар,

            Мұса мен тау уақиғасын есіңе ал.

 

598.  Рухани сурет - армандағы арыстан,

                                                       Пікірден өрбіп сөз бен үнің жарысқан.

 

599.  Сөз бен үн шексіз пікірден байлам,

       Ал пікір теңізі шыққан ед қайдан?

 

600.  Барша сөздер сұлулыққа малынған,

   Көркем пікір теңізінен алынған.



                                               Қуанышбек Әлишерұлы

                   


Басып шығару

Басқы бетке

Бүгінгі хадис



ҚАСИЕТТІ УАҚЫТТАР



.
/pic/news mesquite/0lhd.jpg
 

Намаз уақыты




( 28 ақпан, 2017 жыл )

Таң 6:35
Күннің шығуы 7:50
Бесін 13:30
Екінті 17:20
Ақшам 19:05
Құптан 20:20
   
Қазір: Бесін
Жергілікті уақыт 13:42
Екінтіге дейін 3:38

Намаз кестесін жүктеу

Бір айға     Бір жылға

ФОТОГАЛЕРЕЯ


 

 ../pic/img/maulit1.jpg

 

meshit_gl.jpg

 

kurban_gl.jpg

 

final_gl.jpg

 

 


 

 

                 

 

 

 

 

 

 

 

ДІНИ ФИЛЬМДЕР


                                                                                                                           
Умар Бин Аль-Хаттаб
Умар Бин Аль-Хаттаб 
 
 Халид ибн Валид
                                                                                        Халид ибн Валид 

БAҒДАРЛАМАЛАР


 

 

 /pic/news mesquite/cvQAo.jpg

Азан бағдарламасы - күніне  бес рет намаз уақыттарында арнайы  ойнатқыш арқылы дыбысталатын бағдарлама. Сіз өзіңіз орналасқан қаланы таңдасаңыз, бұл бағдарлама автоматты түрде намаз уақытын білдіріп, азан дыбысталады..

 

/pic/news mesquite/G8D4Y.jpg

 

Намаз оқу адамның ішкі (ниет) және сыртқы (дәрет) тазалығын талап етеді. Дәрет - негізінде дененің ең көп кірленетін мүшелерін тазалауды көздеген Исламдағы маңызды ғибадат..

 

ӨМІРДІҢ ҮЗІК СЫРЛАРЫ